Референдумға қатысу әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы деп санайтын жазушы Смағұл Елубай: «Бүгін еліміздің, арайлы Алматымыздың аспаны шайдай ашық болды. Күн күлімдеп тұрды. Осыған қарап Алла тағаланың назары елімізге түсіп тұр екен-ау деп қуандық. Осындай әсермен ертемен сайлау учаскесіне барып, өз дауысымды бердім», деп атап өтті.
Смағұл Елубайдың айтуынша, бүгінде елімізде өзгерісті қаламайтын адам жоқ.
«Президент атап өткендей, референдум сол өзгерістердің бастауы ғана. Президенттің айтқандарына сенім мен үміт арта отырып, еліміздегі өзгерістер үшін дауыс бердім. Бала-шағасының ертеңгі жарқын өмірін армандамайтын адам жоқ. Болашақ Қазақстанда, Жаңа Қазақстанда, әділетті Қазақстанда азаматтардың ешқайсысы да назардан тыс қалмайды деген үміт зор. Мемлекетіміз бақуатты ел болсын деген армандар жетелеп келді. Мен сол армандарым үшін дауыс бердім. Әрине, Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты ұсыныстарым да бар. Алайда Президентіміз ұстанған бағыт-бағдарды қолдай отырып, әрі зор сеніммен осы өзгерістердің барлығы да ел жұртшылығының жарқын болашағы үшін жүзеге асады деп ойлаймын. Осынау алмағайып заманда аз ғана халқымызға Алланың назары түзу болғай», деді өз сөзінде жазушы.