Сайлау учаскелеріне келгендердің саны жағынан Ақтөбе қаласы көш бастап тұр. Бүгінде облыс орталығында 162 сайлау учаскесі тіркелген.
Ақтөбе қаласындағы 11 ықшамауданда орналасқан №110 учаскелік сайлау комиссиясы таңғы сағат 7.00-ден бастап жұмысын бастады. Осы учаскеде 1920 адам тіркелген. Таңертеңгілік сағат 09.30-ға дейін 327 тұрғын дауыс беріп кетті. Байқағанымыз, осы аумақта зейнеткерлер мен орта жастағы тұрғындар өте белсенділік танытып жатыр. №110 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Сәуле Мырзағұлованың айтуынша, сайлау комиссиясы жұмысын басталардан екі күн бұрын сайлаушылар референдум туралы комиссия мүшелерінен сұрап кетіпті.
Осы учаскеде төрт байқаушы отыр. Солардың бірі Ақтөбе облысы аула клубтары бірлестігінің жетекшісі – Айгүл Оразбағанбетова. Бақылаушы сайлау учаскесінің таңғы сағат 7.00-де ашылғанын, ең алдымен бір әйел адам келіп дауыс беріп кеткенін айтады. Түске таман адам қарасы көбейген. Байқаушылар осы кезге дейін ешқандай заң бұзушылықтың байқалмағанын, барлығы да өз ретімен өтіп жатқанын хабарлады.