Референдум • 05 Маусым, 2022

Қостанай облысы тұрғындарының 60 пайыздан астамы дауыс берді

815 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 14:00-ге дейін Қостанай облысы тұрғындарының 62,47%-ы дауыс берген. Бірқатар сайлау учаскелерінде халықтың белсенділігі ерекше жоғары екені байқалады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысы тұрғындарының 60 пайыздан астамы дауыс берді

Мысалы, облыс орталығындағы №15-ші учаскенің тізіміне тіркелгендердің 70 пайызы осы уақытқа дейін таңдау жасап үлгеріпті.

«Таңғы 6:00-де жұмысқа келдік. Алты жарымда бюллетеньдерді алып, жәшіктерге пломба салдық. Сағат 7-ге 10 минут қалғанда Әнұран ойналды. Сағат тура жетіде учаскені аштық. Бірінші келген дауыс берушілерге, бүгін туған күні болып жатқан тұрғындарға шағын ескерткіш сыйлықтарымызды беріп жатырмыз.  с

Халықтың референдумға деген ықыласы өте жақсы, күліп келіп, дауыс беріп, ізгі тілектерін айтып кетіп жатыр. Бұл учаскеде 1427 адам дауыс беру керек, қазір, міне, түс ауып барады, бізге тіркелген тұрғындардың шамамен 70 пайызға жуығы келіп өз таңдауларын білдіріп кетті. Бізде дауыс беретін екі жәшік бар, біреуі осында тұрады. Екіншісін референдум учаскесіне келе алмайтын қариялардың, көзі көрмейтін, арбаға таңылып отырған мүмкіндігі шектеулі адамдардың үйлерін аралауға шыққан өкілдеріміз өздерімен бірге алып жүр. Комиссия мүшелері мұндай 14 адамның мекенжайына кіріп шығады. Ол кісілермен бір жеті бұрын хабарласып, келісіп қойдық. Жылжымалы жәшік 16:00-ге дейін осында келуі тиіс», деді референдум учаскесінің төрағасы Ерлан Бимағамбетов.