«Фин соғысына қатысып, тұтқынға түскен қазақстандық 27 боздақтың құжаты елге қайтарылды», – дейді Хельсинки қаласына іссапармен барып қайтқан Байланыс және ақпарат агенттігі Мұрағаттар мен құжаттама басқармасының басшысы Ғазиза ИСАХАН.
– Ғазиза Тұрмағанбетқызы, соңғы жылдары мұрағатшылар Қазақстанның тарихына байланысты дүние жүзінің көптеген елдерінен қаншама тың деректер тауып, жадымызды жаңғыртуға айтарлықтай үлес қосуда. Бірақ соның ішінде фин соғысында хабарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлердің құжаттары елге оралғанын алғаш рет құлағымыз шалып отыр. Бұл Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында арнайы ұйымдастырылған сапар ма?
– Қазақстан-Финляндия Сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 8-ші отырысы Хельсинки қаласында өтті. Біздің делегацияны Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров басқарып барды, ал фин тобына сол елдің Еуропа және сыртқы сауда істері жөніндегі министрі Александр Стубб жетекшілік етті.
Мұнда тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы мен болашағы туралы ойларымен бөлісті, энерготиімділік, жаңа технологиялармен тәжірибе бөлісу, машина жасау, ауыл шаруашылығы, энергетика, денсаулық сақтау, білім және мұрағат ісі сияқты түрлі салалардағы әріптестік қарым-қатынасты нығайту мәселелерін талқылады.
Күн тәртібіндегі сондай мәселенің бірі ретіне мұрағат ісіне үлкен мән берілді. Мұны талқылауға Финляндия тарапынан Білім және мәдениет министрлігінің халықаралық қатынастар жөніндегі директоры Яана Палоярви қатысып, министрліктің тек мұрағаттарды қаржыландыру жағына көңіл бөлетінін, ал таза мұрағаттық мәселелерге байланысты Финляндияның Ұлттық мұрағаты тікелей өзі шешім қабылдай алатынын тілге тиек етті. Қазақстандық тарап Финляндияның электрондық сандық мұрағаттарды енгізу тәжірибесіне, сонымен қатар, олардың электрондық құжат айналымымен операциялық өзара әрекеттесу жүйесін зерделеу жобасына аса қызығушылық танытты.
– Отан үшін оққа ұшқан сондағы ержүрек жауынгерлер рухын үлгі етуде фин елінен әкелінген әр құндылықтың орны бөлек қой. Дәлірек айтқанда, жаңадан қанша құжат табылып отыр?
– Бұған дейінгі екіжақты келісім негізінде фин тарапы 1941-1945 жылдары Қазақстанға түскен әскери тұтқындар, 1930 жылдары Қазақстанға жер аударылған финдер, сонымен қатар, ГУЛАГ жүйесіндегі Карлаг және Степлаг лагерьлерінде қуғын-сүргінге ұшыраған фин азаматтары жайында толыққанды ақпаратқа қол жеткізсе, Қазақстан тарапы 1939 жылғы фин соғысына, 1941-1945 жылдарғы екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, тұтқынға түскен 300-ден аса қазақстандық азаматтың есеп карточкаларын анықтап, көшірмелерін алдырды, хат-хабарсыз кеткен 48 жауынгердің жерленген жері анықталды.
– Хельсинки мұрағаты несімен ерекшеленді?
– Іссапар барысында ондағы мұрағат ғимаратымен, шетелдік әріптестердің заманауи тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысудың сәті түсті.
Қазақстанның Финляндиядағы елшілігінің кеңесшісі Қарлығаш Мыңсейітқызы мұрағат басшыларымен күні бұрын келісіп қойған екен. Рахмет! Демалыста жүргеніне қарамастан, Ұлттық мұрағаттың бас директоры Юсси Нуортева бізді қуана қарсы алды. Мұрағаттың тарихы, оның қоғамнан алатын орны, мемлекеттің саясаты жөнінде қысқаша баяндап берді. Финляндияда мұрағат ісі 1808-1809 жылдарғы орыс-швед соғысынан кейінгі Ресейге қосылу тарихынан басталады. Ал финдердің тарихына қатысты сақталған ең ескі құжат 1316 жылғы пергаментке жазылған Карелия әйелдеріне швед мемлекетінің берген грамотасы болып табылады. Ұлттық мұрағаттың ғимаратына келсек, неоренессанс стилінде арнайы сала үшін 1890 жылы салынғаны қызықтырады. Мұрағаттың төбесінде Тарих Құдай анасының мүсіні қойылған. Ғимарат үш мәрте кеңейтіліп, 1928, 1950, 1972 жылдары бір жақ қанатына мұрағат қоймасы орналастырылса, зерттеушілер үшін қосымша жай, холл қосылғаны тағы көп жайтты аңғартады.
Ұлттық мұрағат және оған қарасты 7 аймақтық мұрағаттың Білім және мәдениет министрлігіне қарайтынын білдік. Ол әлемдік басқа да мұрағаттар сияқты ұлттық мәдени мұраның бір бөлігі ретінде құжаттар сақтауды қамтамасыз етеді және оның ғылыми пайдаланылуына ықпал етеді. Сонымен қатар, мұрағат ісін зерттеу және дамыту мәселелерімен айналысады. Қорғаныс министрлігі мұрағатының 2008 жылы Ұлттық мұрағаттың құрамына өткені де қиындықты азайтып, мұрағат қорын пайдаланушылар ісін біршама жеңілдетуге септігін тигізгендей.
Мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымының 2005 жылдан бастап электрондық форматқа көшірілуі финдерден бізге үйренетін нәрсе көп екенін ұқтырды. Мұнда Ұлттық мұрағатқа құжаттарды тек электрондық үлгіде қабылдау міндеттеліп қойылған. «Сандық мұрағат саясаты» жүзеге асып жатқан елде 125 жылдық тарихы бар құжаттар алдымен сандық форматқа көшірілген, ең бастысы соның бәрі түп-түгел Интернет жүйесіне қосылулы.
Ұлттық мұрағатта 2009 жылы цифрлық жүйеге арналған ауқымды жоба 8 ай жұмыс жасаған, оған Білім министрлігінен 1 550 000 еуро мөлшерінде қаржы жұмсалып, 14 адам тартылған екен. Соның нәтижесінде 3 750 000 файл сандық форматқа өткенін баяндаған әріптестер мұрағаттық кәсіби дағды мен сапалы білімсіз осыншама жұмысты аз уақытта бітіру мүмкін еместігіне назар аудартты. Ал мұнан кейінгі жылы министрліктің Ұлттық мұрағатқа ақпаратты қорғау және электронды түрге айналдыру жөніндегі жобаны жүзеге асыру үшін 2 070 000 еуро қаржы бөлуі тегін деп ойламаймыз.
– Дәл қазіргі таңда мұнда қандай жұмыстар атқарылуда? Осы сапардың ең қымбат олжасы деп нені бөле-жара айтқан жөн?
– Биылғы жылы катушкалардағы микрофильмдерді, карталар мен сызбаларды, карталық каталогты сандық форматқа көшіру жоспарланып отыр. Сандау жобасы жөніндегі стратегияны жүзеге асыру үшін үш жылдық бағдарлама жұмыс жасамақ десек, оны жыл сайын өндірісті оңтайландыру жөніндегі басқарма мен мұрағат қызметі тексеріп отыратынына назарымызды аудартты. Мұрағат қызметкерлері Дмитрий Фролов пен Виктор, Микола Ковечкилер жалпы мұрағаттың бүгінгі жай-күйіне тоқталса, Пертти Хакала Финляндияның Парламент тарихына арналған құжаттық көрмесімен таныстырып шықты.
Ұлттық мұрағат басшылығы Финляндия мұрағаттық қорынан 1939-1940 жылдарғы «қысқы соғыс» кезінде тұтқынға түскен 27 қазақстандық жауынгердің есептік карточкаларының сканерленген көшірмесін тапсырды.
– Карточкада қандай деректер көрсетілген?
– Солдаттың тұтқынға түсуі, ауыстырылуы және т.б. деректерді қамтитын карточка толтырылған. «Қысқы соғысқа» қатысқан әскери тұтқынды есепке алу карточкасы 17 тармақтан тұрады: аты-жөні, туған күні, орны, ата-анасының аты-жөні, бақытсыз жағдайда кімге, қайда хабарласу керектігі, мамандығы, ұлты, матрикуляр нөмірі, әскери шені, әскери бөлімі (дивизия, полк, рота), тұтқынға түскен жері, күні, жарақаты (орны, күні, ауырлығы), лагерьге түскен күні, тұтқынның одан әрі жөнелтілген жері, күні, қайтыс болған жері, күні, себебі, жерленген жері, мүлкі, пакет нөмірі, басқа да ақпарат.
– Фин соғысына қанша қазақ қатысқан?
– Осы тізімнің ішіндегі 12-сі қазақ та, 9-ы украин, 6-ы орыс. Бұлардың 8-і 44-ші дивизиядан, 9-ы 18-ші дивизиядан, 3-еуі 75-ші дивизиядан, 86-шы, 17-ші және басқа да дивизиялардан тұтқынға түскен. Алты адам – Солтүстік Қазақстаннан, алтауы – Гурьевтен (қазіргі Атырау облысынан), бір жауынгер – Батыс Қазақстаннан, төрт солдат –Оңтүстік Қазақстаннан, біреуі – Қостанайдан, үш адам – Шығыс Қазақстаннан, 2 сарбаз Алматы облысынан аттанған. Ресейден Ахмед Байтенов есімді, 1914 жылы Челябі облысы Чесменск ауданында дүниеге келген, ұлты қазақ азамат 1940 жылы 16 ақпанда тұтқынға түскен, екіншісі Василий Иванович Ерохин Вологда өңірінің тумасы бола тұрғанмен, бұл есімді қазақ елімен байланыстыратын бір дерек бар. Бұл мысалы, оның бақытсыз жағдайда кімге, қайда хабар беру керектігі жөніндегі тұсқа «әйелі Прасковья Ивановна Ерохина, КССР» деп көрсетілуі.
Екі қазақтың туған жері белгісіз, карточкада Тиско Илимейсов, Жерсай колхозы деп жазылған, Куликуль Илимсиновтің туған жері көрсетілмеген. Илимейсов 17-ші дивизиядан, 1940 жылы 16 ақпанда жараланған, 17 ақпанда тұтқынға түскен, 15 наурызда лагерьге әкелінген, 30 наурызда басқа жерге аударылған. Илимсинов 18-ші дивизия, 12-ші полк, 4-ші ротадан, 1940 жылы 18 ақпанда тұтқындалған, лагерьге 5 наурызда түскен, 13 наурызда аударылған. Гавриил Ефимович Бакка 1916 жылы 23 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы, Чкалов ауданы, Андреев ауылдық кеңесінің Дашко деревнясында дүниеге келген, ұлты украин, әскери бөлімі 44-ші дивизия 146-шы атқыштар полкы, 1-ші батарея, 1940 жылы 7 қаңтарда жараланған, тұтқынға алынып, лагерьге 1940 жылы 6 ақпанда түскен. Мұны айтып отырғандағы себебім, 2011 жылы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына Мәскеуден келген Галина (Гүлзипа) Жұманқызы Смирнова есімді қандасымыз бізге қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық 500 мыңнан астам жауынгердің тізімін (Ресейдің Орталық мұрағатынан анықталған) өз қолымен әкеліп тапсырған болатын. Соның ішінде бұл есім қайталанады. СҚО Қызыл әскер ауданынан Гавриил Ефимович Бакканың 1938 жылы әскерге аттанып, хабарсыз кеткені көрсетілген. Мұнан тағы бір солтүстікқазақстандық Сергей Ефимович Бакка есімін кезіктірдік, ол 1941 жылы әскерге алынған, 1945 жылы 25 қазанда қайтыс болған. Екеуінің де бір жерден шығуы мен аты-жөндеріндегі ұқсастықтарға қарағанда, ағайынды адамдар болуы мүмкін деп болжадық.
Гурьев облысынан (қазіргі Атырау облысы) фин соғысына қатысқандар негізінен 1917-1918 жылдары туған азаматтар, Теңіз ауданынан – Нұрым Сарахметов, Кемет Сәрсенғали, Карим Жүнісов, Сатыбалды Иманғалиев, Сайын Зиналиев, Валит Ермаханов аттанған. Карточкада Кемет Сәрсенғалидың оң қолы, ал Карим Жүнісовтің екі қолы жарақаттанып, сүйектерінің зақымданғаны көрсетілген.
Әскери тұтқындардың тағдыры әлемдік тарихта ең бір мұңды парақтардың бірі десек, фин, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаншама қазақстандық әскери тұтқындар болды? Оның қаншасы Отанына оралды, оларды бұл жақта не күтіп тұрды? Бұл әрине, зерттеушілер мен ғалымдардың міндеті болып саналады. 2001 жылы Франциядан алынған М.Шоқайдың жеке мұрағатындағы фашистік лагерьлердегі әскери тұтқындардың тізімі әлі жарияланған жоқ. Шетелдік ғылыми орталықтар әскери тұтқындардың тағдыры туралы тақырыпты зерттеумен жеткілікті айналысады, қоғамдық ұйымдар түрлі жұмыстар жүргізуде.
Әскери тұтқындардың туыстары мұрағаттарға хабарласып, олардың қайтыс болған, жерленген жері туралы ақпарат, тіпті, оның тағдырын анықтау үшін қандай да бір дерек іздеп жатуы соғыс жаңғырығының әлі толық жайылмаған қабаттары жетіп артылатынын байқатса керек.
– Бұл фин мұрағатынан әкелінген алғашқы құжаттық құндылық па?
– Екіжақты келісім негізінде бұған дейін де фин тарапынан қазақстандық тұтқындар жөнінде біраз мәлімет табылған болатын. Жоғарыда үш жүздей азамат туралы мәлімет табылғанын айттық, ал 2010-2011 жылдары қарағандылық мұрағатшылар қазақстандық 268 тұтқынның карточкасын (карточкалардың көшірмесі тиісті облыстарға таратылды), павлодарлық мұрағатшылар сол өңірден шыққан 49 әскери тұтқынның карточкасын алған болатын. Финляндия Республикасының ұлттық мұрағатында 1939-1940 жылдарғы 11 мың, 1941-1945 жылдарғы 52 мың есептік карточка сақталған екен.
– Оларды соңынан іздеп, жоқтап жатқан жандар көп пе?
– Литва Президенті Д.Грибаускайте ханым 2011 жылы қазанда Қазақстанға келген сапары барысында Елбасына Хабибулла Саленов есімді қазақ жауынгерінің құжаттары көшірмелерін табыс еткен еді. Қызыл әскердің жауынгерлік кітапшасында оның туған жері Батыс Қазақстан облысының Орда ауданындағы Жұлдыз елді мекені деп жазылған. Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің деректері бойынша 1941 жылдың 3 шілдесінде тұтқынға түсіп, одан кейін босанып шыққан. Литва Президенті Д.Грибаускайте ханым тапсырған, міне, сол сарбаздың құжаттары Каунас қаласындағы ескі ғимаратты бұзу кезінде табылған екен.
Батыс Қазақстан мұрағатшыларының тынымсыз қызметінің нәтижесінде жауынгердің ұлы – Кенжеғали Саленов табылды. Ол Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданының Жәнібек ауылында тұрады, бүгінде сол жерде еңбек етіп жүр. Хабибулла Саленовке келсек, 1915 жылы 20 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Орда (қазіргі Бөкей ордасы) ауданының Жиенқұм ауылында Сален Ахметовтің отбасында дүниеге келген.
Қызыл әскер қатарына Қарағанды облысының Қарқаралы аудандық әскери комиссариатынан 1940 жылдың ақпан айында шақыртылған. 429 ГАПП құрамында әскери міндетін атқарған, тұтқынға түскен, құтқарылған, мемлекеттік тексеруден 1945 жылдың тамыз айында 192 қосымша артиллерия полкында өткен. 1945 жылғы 28 тамызда запасқа шыққан. Х.Саленов соғыстан кейін Жәнібек ауданында әртүрлі қызметтер атқарған. Соңғы жұмыс орны – ветеринарлық аптеканың жұмысшысы. 1978 жылы 24 мамырда қайтыс болған.
– Қазақстан мұрағатынан шетелдіктердің туыстарын іздестірген, болмаса тұтқында болған жақын жерлестерін тапқан жағдайлар болды ма?
– Қазақстан аумағында 70 мыңға жуық әскери тұтқын, күштеп жер аударылғандар тұрды, оның ішінде немістер, жапондар, австриялықтар, поляктар, венгрлер, италиялықтар, финдер және т.б. болды.
Венадағы Л.Больцман атындағы соғыс зардаптарын зерттеу институты 2010 жылы мамыр айында Қазақстанның Австриядағы елшілігімен бірігіп екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Австрия аумағында қаза тапқан қазақстандықтарға ескерткіш кітап шығарған болатын. Қазақстан аумағындағы лагерьлерде болған мыңнан аса австриялық тұтқындар жөніндегі мәліметті 2010 жылы Елбасы Австрия Президентіне тапсырғаны мәлім. Испания Корольдігінің Үкімет басшысы Мариано Рахойдың 2013 жылғы қыркүйек айындағы Қазақстанға ресми сапары кезінде Елбасының Қарағанды облысының мұрағат қорынан алынған 138 испандық әскери тұтқынның және қайтыс болған 14 испандық тұтқынның карточкалар көшірмесін тапсырғаны тағы бар.
Сондай-ақ, қазақстандық мұрағатшылар Қазақстан аумағында тұтқында болған поляк, жапон, литва азаматтары туралы ақпараттарды қызығушылық танытқан тарапқа табыстаған еді. 2010 жылы Орталық мемлекеттік мұрағаты «Операция «Марс». Казахи в «Долине смерти» құжаттар жинағында 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасы жауынгерлерінің Ржев майданындағы ерлігін паш етті. Жинаққа осы майданда қаза тапқан жауынгерлердің тізімі енгізілді. Осындай құжаттар мен мақалаларды жариялаудың гуманитарлық мәні өте жоғары деп есептеймін. Өйткені, Отан үшін от кешкен жауынгерлердің соңындағы туған-туыстары, жақындары мен бауырлары олардың тағдыр-тарихы туралы танып-біліп, мұрағатшыларға өз аттарынан талай мәрте алғыс сезімдерін жеткізген сәттеріне куәмін.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
–––––––––––
Суретте: Финляндияның ұлттық мұрағаты; Финляндия мұрағатынан қазақстандық әскери тұтқындар туралы тың деректер табылды.