Референдум-2022 • 05 Маусым, 2022

Референдумның басты месседжі – ұлттың бірігуі

3630 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық ақпараттық орталық платформасында Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов пен директор кеңесшісі Асқар Нұрша референдумның маңызы және ондағы өзгерістерге байланысты сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Референдумның басты месседжі – ұлттың бірігуі

ҚСЗИ директоры бәрі біз ойлағандай жылдам болмайды, түбегейлі өзгермейді. Жарқын болашаққа байыпты реформалармен жетеміз деді.

«Бәрі де біз қалағандай жылдам бола қоюы екіталай. Бұл ретте биліктің орталықсыздандырылуы – ең маңызды мәселе. Өйткені бізде ең түйткілді әлеуметтік проблемалар жергілікті жерде қатты болады. Жол салу, емхана салу сияқты мәселелер жиі туындап жатады. Мысалы, Қарағанды, Жезқазған, Ақтөбе, Арқалық проблемасы сол өңірлерде шешімін табуы тиіс. Бүкіл проблеманы тек Нұр-Сұлтанда шешу керек деген болмайды. Қазір ауыл әкімдерін, содан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Бәрі сәтті болса облыс әкімдері мен республикалық маңызы бар қалалар басшыларын да сайлайтын шығармыз. Бұл мүлде басқа жауапкершілік», деді Тұқымов.

Директор кеңесшісі Асқар Нұрша бүгін өз басында дауыс беруге қатысты қиындық туындағанын, кейін бәрінің оңымен шешілгенін айтып берді.

«Мен Алматы қаласында тіркелгенмін. Елордада жұмыс істегеніме көп болған жоқ. Мұнда уақытша тіркеуде бар болғандықтан дауысымды бердім. Бастапқыда аты-жөнім тізімнен табылмады. Бірақ кейін сайлау учаскесінің басшылығына жағдайымды түсіндіріп айтып, дауыс беру процесі жүзеге асты. Мен өзімнің азаматтық парызымды өтегім келді. Егер өзің дауыс бермесең бұл іс-шараның маңыздылығын басқаға түсіндіру мүмкін емес», дейді Асқар Нұрша.

ҚСЗИ өкілі халықтың тез арада үлкен өзгерістер жасалса деген тілегі бар екенін, бірақ қазіргі ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулардың да үлкен мәнге ие екенін түсіндірді.

«Кей адамдар біздегі реформалар онша терең емес дейді. Олар бұдан да терең, түбегейлі өзгерістер күтеді. Бірақ менің кей әріптестерім можаритарлы жүйенің өзгерістер қатарына енуіне қарсы болды. Бізге тиімді және мықты билік керек. Өйткені әлсіз билік дағдарыстық жағдайда ахуалды бақылауда ұстай алмайды, екінші жағынан билікке деген халықтың сенімі керек. Конституция осы сұраққа жауап береді. Жалпы, қоғамның үміті ақталады деп ойлаймын. Біздің әріптестер кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне де қатысты. Олардың айтуынша, ұсыныстарының 70 пайызы осы мәтін пулына кірді, сол мәтіннен түзетулер қалыптастырылды», деді саясаттанушы.

Референдум жақсы өтіп жатыр. Байқаушылар тарапынан да, халық тарапынан да ешқандай арыз-шағым келіп түскен жоқ дейді. Өз кезегінде Еркін Тұқымов референдумның басты месседжі – ұлтты біріктіру екенін, қазір баршамыздың қоғам консолидациясының жүріп жатқанына куә болып отырғанымызды жеткізді.