Әлем • 05 Маусым, 2022

Референдум барысын 215 шетелдік БАҚ өкілі мониторинг жасап отыр

330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Референдумға 215 шетелдік БАҚ өкілі мониторинг жасап отыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Референдум барысын 215 шетелдік БАҚ өкілі мониторинг жасап отыр

«Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан Республикасының орталық референдум комиссиясында 10 халықаралық ұйымнан, 13 шет мемлекеттің орталық референдум органдарынан 272 байқаушы, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелген дипломатиялық корпустан 41 шетелдік байқаушы аккредиттелген. Сонымен қатар, референдумды мониторингілеуге шетелдік БАҚ-тың 215 өкілі қатысып жатыр. Жалпы, миссиялар дауыс беру процесінің ұлттық заңнамаға және халықаралық стандарттарға сәйкес жақсы ұйымдастырылғанын атап өтеді. Орталық референдум комиссиясы мен аумақтық комиссиялардың ұйымдастыру жұмысы оң бағаланады. Кейбір сайлаушылардың шынайы мерекелік көңіл-күйімен қатар, жоғары белсенділігі байқалады», деді Роман Василенко орталық референдум комиссиясы алаңында өткен брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, референдум барысын байқауға ТМД миссиясынан 144, ал ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросынан 10 адам келген.

«Жалпы, дауыс беру дайындық кезеңінде 27 жылдың ішінде Қазақстандағы бірінші референдумға қызығушылықтың артқанын атап өттік. Көптеген халықаралық серіктесіміз оны еліміздің демократиялық үдерістер мен рәсімдерді ұстануының айқын дәлелі және елде орын алып жатқан өзгертістердің рухы ретінде қабылдады», деді ол.