Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының бюро отырысы болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Бюро мүшелері алдағы 24 сәуір күні болатын Сенат отырысының күн тәртібін қарады. Палата отырысына төрт мәселені шығару жоспарланып отыр. Атап айтқанда, сенаторлар «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бірінші оқылым) заң жобаларын қарайды. Бұл заң жобаларын Мемлекет басшысы Н.Назарбаев шұғыл қарау қажеттігі туралы айтқан болатын.
Одан басқа, Сенат жалпы отырыста Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы және Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің экспорттық бақылауының бірыңғай тәртібі туралы келісімнің күшін жою туралы заң жобаларын қарайды.
Бас комитеттердің төрағалары палата отырысында заң жобаларын қарауға әзірлік барысы туралы хабардар етті.
Сенат бюросында, сондай-ақ, Мәжілісте мақұлданған бірқатар заң жобалары бөлінді.
Сенаттағы «Өңір» депутаттық тобының ұсынуы бойынша бюро Оңтүстік Қазақстан облысындағы қалалық және аудандық мәслихаттардың бірқатар депутаттарын отандық құқықтық жүйені жетілдіруге бағытталған қызметі үшін Сенаттың Құрмет грамотасымен марапаттау туралы қаулы етті.
Одан басқа, Қ.Тоқаев Сенат Төрағасының орынбасары Қайрат Ищановқа және Сенат Аппаратының басшысы Александр Судьинге ТМД Парламентаралық Ассамблеясының атынан «Достастық» орденін табыс етті.
Бюро отырысының соңында Сенат Төрағасы жоғарғы палатаның депутаттары 28 сәуір мен 5 мамыр аралығында еліміздің аймақтарына аттанатынын хабарлады. Сенаторлар сайлаушылармен кездесіп, әлеуметтік сала және экономиканың нақты секторының кәсіпорындарында болады және Парламенттің қазіргі кездегі заң шығару қызметі мен Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында алға қойылған міндеттерді іске асыру барысы туралы жұртшылықты хабардар етеді деп жоспарланған.