Балалар жылына орай «Алматы балаларының жазы – үлкен арманға жасалған шағын қадам!» тұжырымдамасы қабылданып, мектептер жанындағы жазғы лагерь жұмысына ерекше мән берілуде. Балалар мен жасөспірімдердің қадағалаусыз, бақылаусыз қалуына жол бермеу ата-аналардың ғана емес, барлық орта білім беру ұйымдары мамандарының жауапкершілігінде. Осы орайда жазғы мектептер жұмысы оқушылар біліміндегі олқылықтарды толтыруға ықпал етеді. Үздіксіз білім беру жүйесі балалар мен жасөспірімдердің дамуы, тәрбиесі мен денсаулығын нығайтуда, келесі оқу жылына сергек қарауына ықпал ететін болса, балалардың жарақат алуына, құқық бұзушылықтарға жол бермеуге педагогтер ғана емес, тиісті орган мамандары да жол бермеуге тырысады. Педагогтер балалармен көше, жол және судан да қауіп бар екенін ескере отырып, қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын жетілдіру, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, балалардың жол-көлік оқиғаларында жарақат алуының алдын алу, сондай-ақ оқыс оқиғалар кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету жұмыстарына ерекше көңіл бөлуде. Бұл каникул балалардың есінде жат әдеттерден ада, адамгершілік пен руханиятқа ерекше көңіл бөлетін кезең ретінде қалуға тиіс.
Жазғы мектепте оқыту сабақтарынан басқа, дене шынықтыру, қозғалыс ойындары, флешмобтар өтіп, 26 мамыр мен 17 маусым аралығындағы лагерьге 1-8 сынып оқушылары барады. Ал 7-13 жас аралығындағы оқушылардың қатысу мерзімі: маусым айы мен 27 тамыз аралығы. Осы орайда білім беру ұйымдарында барлығы 1 150 үйірме, атап айтқанда спорт секциялары, клубтар, студиялар, мектеп кітапханаларындағы оқу үйірмелер жұмыс істейді. Оқушылар сарайы және 6 оқушылар үйінде, 44 жекеменшік қосымша білім беру ұйымдарында 1 200-ге жуық үйірме мен секция жұмысы жанданса, балалар қалаішілік және қала сыртындағы жазғы лагерьлерге бюджет қаражаты, сондай-ақ коммерциялық негізде барып демалу мүмкіндігі қарастырылған. Сауықтыру демалысына, ең алдымен, халықтың әлеуметтік осал санатындағы балалар қамтылады.
Ал биыл үлкен өмірге қадам басқалы отырған түлектер үшін бірқатар ескерту бар. Оларға мектеп бітіру куәлігі 16-17 маусымда салтанатты жағдайда табыс етіледі. Осы орайда күндізгі мезгілде мектеп қабырғасында педагогикалық ұжымның, ата-аналардың, еңбек ардагерлері, қамқоршылық кеңес мүшелерінің қатысуымен өтетін игі дәстүр қалыптасқан. Түлектердің қайырымдылық бастамаларының қатарында «Мектепке кітап сыйла», әлеуметтік осал отбасылар мен балаларға көмек көрсету мақсатында «Мейірімді жүректен балаларға», ағаш егу бойынша «Мектепке сый», «Туған жерге тағзым» акцияларының маңызды екенін айта кеткен абзал.
Педагогикалық әдепті сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мектеп бітіру іс-шараларына дайындық кезінде бітірушілердің ата-аналарымен киім-кешекке қаражат жұмсаудың орынсыздығына байланысты туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мерекелік дастарқан ұйымдастыру, агенттіктерді шақыру, автокөлік жалдау, қала бойынша экскурсиялар өткізу, әкімшілік пен мұғалімдерге сыйлыққа қаражат жинауға қатаң ескерту жасалып отыр.
АЛМАТЫ