Қазақстан • 06 Маусым, 2022

Өңірлерді газдандыруға тағы 50,1 млрд теңге бөлінді

239 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Энергетика министрі Болат Ақшолақов биыл өңірлерді газға қосуға 95 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылғанын айтты. Оның 50,1 млрд теңгесі бюджетті нақтылау аясында қосымша бөлініп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өңірлерді газдандыруға тағы 50,1 млрд теңге бөлінді

«Бүгінгі таңда ішкі газ тұтынудың күрт өсуіне және елді одан әрі үздіксіз газдандыру үшін газ тасымалдау жүйесін жаңғырту қажеттілігіне байланысты бүгінгі таңда министрлік «ҚазақГазбен» бірлесіп газдандырудың бас схемасын жаңартып жатыр, ол аяқталу сатысында.

«Аманат» партиясының Жол картасы аясында министрлікке 2 тармақ бекітілген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 68 мың адамды газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Жыл соңында 165,9 мың адам газға қол жеткізді. Жалпы 2021 жылға арналған газдандырудың жоспарлық көрсеткіші 53,71% болса, нақты деңгей 57,67%-ды құрады», деді Б.Ақшолақов.

Оның айтуынша, 2025 жылға дейін бюджет есебінен 246 ауылды газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Әзірге, сол жоспар аясында 187 елді мекенді газдандыруға қаражат бөлінген.

«Биыл елді газдандыруға республикалық бюджеттен 45,8 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде қосымша 50,1 млрд теңге қолдау тапты. Нәтижесінде, 133 жобаны іске асыруға 96 млрд теңге қарастырылған. Бұл 146 мың адамды немесе 93 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша газдандырудың жоспарланған деңгейі 58,43%-ды құрауы керек», деді министр.