Араға екі ғасыр салып, біз неге оның атын атап, еңбегін еске алып отырмыз. Оның Ұлы далаға тиген табаны жылдар өте келе біздің тарихымыздан сыр шертетін керемет еңбектің жемісіне айналды. «Түркістан» деп аталатын екі томдық еңбекті жазған Скайлер жай адам емес, сол кездегі АҚШ-тың беделді дипломаты еді. Оның қаламынан туып, ақыл ойында піскен «Түркістаны» сонау 1876 жылғы қазан айында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы «Скрибнер Армистонг» баспасынан кітап болып шығыпты. АҚШ Мемлекеттік департаментінің маңызды архивтер кітапханасында сақталған бұл кітаптың электронды нұсқасын тауып, түпнұсқадан оқып, Батыс жиһанкезінің саяхат кітабына арқау болған ХIХ ғасырдағы Түркістан аумағында тіршілік еткен қазақтардың өмірі, тұрмыс-тіршілігі, саяси бейнесі мен ұстанымы туралы мәліметтерді көптеп кездестірдік.
Тарихтың таңбаланып қалуына зиялылардың жазбалары мен еңбектері көп әсерін тигізетіні шындық. «Отар елдің тарихын отаршылдар жазып берген» қиын кезеңде өмір сүрген халқымыз үшін өзге жұрттың, әсіресе Батыс елдерінің деректері мен тарихи маңызы бар құжаттары біздің тарихымыз үшін ауадай қажетті. Қай ғасыр, қай империяны алып айтсақ та, біздің даламыз олардың көңілінде Орталық Азиядағы жұмақ мекен саналған. Сол үшін де олардың қолынан іс келетін зиялысы, қаламында қуаты бар жазарманы лек-легімен қазақияға қарай ағылған. Сондағы мақсаттары не? Әрине, құпия сыры көп, тарихи маңызы жоғары елдің ауанын білу.
АҚШ тарихындағы докторлық қорғаған үш мықтының бірі Скайлер неге «Түркістанды» жазды деген үлкен сұрақ бізді мазалауға тиіс. Скайлердің көпіртіп кітап жазған көп жазғыштың бірі емес екенін оның Л.Толстой мен И.Тургеневтің шығармаларын алғаш рет ағылшын тіліне аударғанынан-ақ аңғаруымызға болады. Ол тіпті сол кездегі Ресейдің бодандығында болған Орталық Азия елдеріне міндетпен келген алғашқы америкалық дипломат. Оның сахарамызға сапары 1868 жылдың жаз айында басталады. Василий Алексеевич атты орыс саудагеріне ілесіп Еділ мен Самараның арасын пароходпен кесіп өтеді. Оны алда Орынбор күтіп тұрған еді. Біз үшін қызықты болған бір жайт, оның осы сапарын атақты орыс жазушысы Толстойдың үйіне қонақ болудан бастағаны болмақ. Анығын айтқанда, алыстан келген сыйлы қонақ ретінде классиктің үйінде апта жатып, тынығады. Скайлерді Толстойдың жақсы көңіл күймен қарсы алғанын екеуінің бірге жазушының жеке кітапханасын реттеп, бірге аңға шыққанынан білуге болады. Әдетте, Толстой бұл екі істі тек өзі сөйлесуге пейіл танытқан адамдармен ғана істейді дегенді де осы кітаптағы дерек көзі айтады. Екеуара әңгімеде Толстой АҚШ-тың білім саласына қызығушылық танытып, қонағының ол жақтағы мектеп оқулықтарының көшірмелерін беруін өтінеді. Ал Скайлер осы сапарында Толстойдан «Казактар» романын ағылшын тіліне аударуға авторлық рұқсат алады.
Орталық Азияға саяхаты барысын негіз ететін «Ұлы Петр» атты өмірбаяндық кітап жазу да оның ойында жүрген үлкен жоспардың бірі болыпты. Америкалық журналист Януариус МакГахан дейтін серігімен бірге Саратовтан Орынборға, Қазалыға, одан өтіп Перовск фортына (қазіргі Қызылорда) дейін аралайды. Скайлердің осы сапардағы жоспары – Ташкентке, Самарқандқа, Бұхараға бару және Қоқан төңірегін аралау болатын. Көп өтпей ол Санкт-Петербургке Сібір мен Жайық арқылы ендей өтіп барды. Оның Ұлы даладағы бұл сапары сегіз айға созылды. АҚШ Мемлекеттік департаментіне Ресей қарамағындағы Орталық Азия жерін тек үш ай ғана аралайтынын ертерек ескерткенімен, осы сапарында көптеген географиялық сипатқа ие ақпараттарды «жинап» қайтты. Көзбен көргенін, құлақпен естігенін қағазға түсіріп, департаментке жіберіп отыру да ойынан шықпапты. Себебі ол Ресей Орталық Азияға басып кіргеннен кейінгі АҚШ-тан шақырылған алғашқы шетелдік дипломаттың – бірі болатын.
Скайлердің осы сапарындағы басты табыстарының бірі, бізге тікелей қатыстысы, оның қаламынан туған «Түркістан» атты екі томдық еңбегі еді. Жиһанкездің бұл кітабының толық аты «Түркістан: Ресейдегі Түркістан, Қоқан, Бұхара және Құлжадағы саяхат туралы естеліктер» деп аталады. Сол кездегі біздің даламыздың саяси қоғамын, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін сөз еткен бұл кітап осыдан 146 жыл бұрын, анықтап айтқанда, 1876 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында, сосын Ұлыбритания астанасы Лондонда кітап болып жарық көреді. Аталған кітаппен бірге қатысты иллюстрациялар, үш карта және мәліметтер егжей-тегжейлі көрсетілген индекс қосымша материал ретінде басылған. Кітаптың бірінші тарауы «Шыңғыс ханзада, Еділдегі неміс колониясы, Башқұрт-Казактар, олардың ізгі істері, Орынбор» деп әрі қарай жалғаса береді. Ал мазмұнда «Самарқандтағы еврейлер, Сырдарияның бір ағары, Хазірет Сұлтанның Түркістандағы мешіті, Түркістан, Ташкент көшесі, Шымкенттегі цитадель, көшіп бара жатқан қырғыздар» деген тақырыппен иллюстрациялар берілген.
Автор кітаптың алғысөзінде былай дейді: «Айта кететін бір жайт, маған бұдан бұрын зерттелмеген аймақтарға бармауым керектігі туралы ескерту де жасалды. Менің Орталық Азияға сапарымның басты мақсаты – жақында Ресейге қосылған аймақтардың саяси және әлеуметтік жағдайын зерттеу, сондай-ақ Ресейдің қол астындағы халықтардың тұрмыстық деңгейін әлі күнге дейін хандық қоғамда өмір сүріп жатқан топтармен салыстыру болды. Егер осы мақсатты орындай алсам, бұл сапарым ойда-ғыдай болды деген сөз. Мен бұл кітапта өзім көрген оқиғалар туралы және орыстар мен жергілікті тұрғындардан естігендерім хақында бүкпесіз жазуға тырыстым. Не жазсам да, шындықты жазуды басты мұрат еттім, тіпті кейде өзімді мазалаған тақырыптарды ұзақ жазуға мәжбүр болдым. Ресейдегі достарым мені бұл әрекетім үшін жазғырмайды деп ойлаймын. Сондықтан менің оқырмандарым Орталық Азиядағы Ресей саясатының кей тұстарына жасалған сыни көзқарастарымды дұрыс түсінетін болар. Өз саясатындағы қателіктерді дер кезінде біліп, оны түзету Ресей үшін пайдалы болмақ». Аталған кітаптың «Дала» атты бірінші тарауында:«Мен көптен бері Орталық Азияға баруды армандап келген едім, бірақ оған әртүрлі жағдайлар кедергі болды. Сапар жасау мүмкіндігі ойламаған жерден туды. Ақыры күтпеген жерден сапарға шықтым. 1873 жылы 23 наурызда мен Санкт-Петербургпен қоштасып, арада Мәскеуде бір күн кідіріп, 26 наурыз күні таңертең пойыз арқылы Саратовқа жеттім. Осы аралықта 940 шақырым жол жүріп өттім», деген автор түсіндірмесімен сапарнама басталады. Үлкен ізденіс пен пайымдаулардың жемісі, тарихи әрі дәуірлік сипатқа ие «Түркістан» кітабы қай уақытта болсын біз үшін құнды бола бермек.
Ол тіпті осы кітаптың жиырмасыншы бетінде біздің тарихымызға қатысты мынадай қызықты жайтты сөз етеді: «Біздің вагондағы жалғыз жолаушы Шыңғыс ханзада, ол әйгілі Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы, оның қырғыздардың Бөкей Ордасының соңғы ханының ұлы екенін білген соң, бұл сапарымыздың ойдағыдай боларына күні бұрын болжам жасамауға шарасыз қалдық. Атап айтарлығы, мен Азия табалдырығында тұрып есімі күллі жер жүзіне тараған ұлы императордың ұрпағын жақын жерден өз көзіммен көрдім. Әкесі қайтыс болғаннан кейін, ата-тегі мен әкесінің қызметтерін ескере отырып әрі әулеттің үлкені ретінде оған «Орыс төресі» атағы беріліпті. Бұл төре – нағыз мұсылман, ол таяуда ғана Меккеге барып, қажылық өтеп қайтыпты. Сырт көзге өте мәдениетті адам екені көрініп-ақ тұр, тіпті ол әлде бір француз романын беріле оқып отыр». Ол суреттеп отырған бұл төре Ахмет-Керей Жәңгірұлы екені бізге мәлім. Біз жиһанкездің сапар естелігінің алғашқы беттері осындай қызықты әрі тарихи оқиғамен басталғанына қуанып-ақ отырмыз. Әр кездескен адамы мен барған жерінің құпиясын, сырын салмақтай білетін Скайлер осыдан кейін Волгадағы Неміс колониясы, Саратов, Кутчамбайдағы башқұрт ауылы, Дон казактарының өмірі хақында кеңірек баяндайды. Біз бұларға тоқталмай, өз жеріміз бен еліміз туралы жазылған тұстарына ғана көз жүгірттік. Аталған еңбектің 46-бетінде Арал теңізі туралы, анығырақ айтсақ, 1871 жылы 1 тамыз күні Арал теңізіне ең алғаш рет анализ жасаған Ташкент лабораториясының директоры Теиш деген адам екенін, одан кейінгі анализді профессор Шмид жасағанын, анализ қорытындысы Орыс географиялық қоғамы хабаршысының 1874 жылғы №5 санында, 468-бетінде жарияланғанынан нақты дерек келтіреді.
Орынборға барған сәті оған жақсы әсер қалдырыпты. «…Бұл жерге салынған ескілі-жаңалы ғимараттар әскери гимназияны көз алдыңа елестетеді. Біз мұнда сейсенбіден сенбіге дейін дамылдадық. Жаңа адамдармен таныстым. Мұндағы жұрт сыпайы да жылы жүзді екен. Бәрі бар пейілдерімен қонақ қылды әрі алдағы сапарыма байланысты жоспарымның жүзеге асуына қолғабыс етті. Орынбордың дүкендері мен ойлағаннан да жақсы болып шықты», дейді. Демек, оның әр барған жеріндегі тұрғындармен сөйлесіп, жазбаларына дерек жинап жүргенін жоғарыдағы сөйлемдерден аңғаруға болады. Орынбордың құшағы мейлі кім келсе де, айқара ашық екенін америкалық саяхатшы тарихқа жазып қалдырды. Мейлі, қалай болса да, бұл оның қазақ даласынан алған әсерінен туған сөздер екені шындық. «Қазалыға жеткенде біз суықтан қатты қиналдық. Қыс келсе де, өзендердегі су молдау екен. Бірақ біз тамақтан тарықпадық. Жол азығымыз үшін сүрленген шошқа еті, дайындалған мал еті мен жетерліктей жұмыртқа алып алғанбыз. Ал Орскіден алған нан бізге ес қатты» деп жазады ол.
Біресе қырғыз болып, біресе қайсақ болып тарихқа ала-құла жазылған біздің ұлттың атауы туралы да Батыс жиһанкезі өз көзқарасын ашық айтады: «…Оңтүстік қапталды мекендеген бұл көшпенділер Қоқан жақтан Ыстықкөлге қоныстанған нағыз қырғыздар емес. Бұларды «қарақырғыздар» немесе «жабайы қырғыздар» деп атайды екен. Бұл атауды оларға орыстар берген. Шындығында, олар қазақтар еді. Бұлармен ресейдегі казактардың ұлт ретіндегі атауы бір-біріне ұқсас». Скайлер сөз басында айтқанындай, көзбен көргені мен естігенін жазса да, кей тарихи деректерге өз тарапынан түзетулер жасағысы келгенін жасырмайды.
«Қырғыздар таза татар диалектісімен сөйлейді, бірақ ұлт ретінде олардың көптеген өзгешелігі бар. Олар бірнеше түрік тайпасы мен руынан құралған, он бесінші ғасырдың екінші жартысында олар Керей мен Жәнібек сұлтанға ілесіп, озбырлықтан бас сауғалап, Балқаш көлінің маңайына табан тірейді. Көп өтпей оларға басқа тайпалар қосылып, тез өсіп-өркендеді. Оларды көршілес қауым «қазақтар» деп атады. Олардың тайпаларының басым бөлігі түркі тайпалары болса керек, тіпті көптеген тайпа мен руы Қоқан мен Бұхарадағы өзбек тайпаларымен де түбірлес екені шындық. Барған сайын күш біріктірген олардың саны көп ұзамай миллионға жетті, әскер саны үш жүз мыңнан астам болды. 1598 жылы олардың ханы Тәуекел 1723 жылға дейін қырғыз қағанатының ордасы болған Ташкент, Түркістан қалаларын бағындырды. Бұл тұс олардың дәурендеп тұрған кезі еді. Осы кезде қырғыздар үш үлкен ордаға бөлінді. Орта Орда Ташкент пен Түркістан губернияларында, өңірдің шығысында Ұлы Орда, батысында және солтүстікте Кіші Орда қырғыздары өмір сүрді». Мұнда «Орда» (Ағылшынша Horde) деп отырғаны кәдімгі біз айтып жүрген «Жүздік» екені белгілі. «Ел басына күн туған шақта қырғыздардан бостандыққа ұмтылған Арынғазы, Кенесары сияқты батырлар шықты. Осы тұста орыстар қырғыздарды қорғауға (түпнұсқада осы сөз курсивпен ерекшеленіп жазылған) шындап кірісті. Бірақ барлық қауіп-қатер де сол пиғылдың ішінде жасырынып жатты», – дей келе: «Қырғыздардың халық санын нақты білу өте қиын. Бірақ салық төлегені бойынша есептегенде, олардың бір жарым миллионға таяу екенін біле аламыз. Алатауды ен жайлаған Ұлы орда қырғыздарының саны 100 мыңды, Ташкент пен Оңтүстік Сібірдегі Орта орда қырғыздары 406 мыңды, ал Орал, Каспий жағалауын мекендеген Кіші орда қырғыздары 800 мыңды құрайды», деп жалғастырады сөзін.
Әрине, Скайлерді тарихи деректер де қызықтырады. Сол үшін де ол барған жерінің тарихи сәттерін, рулық, ұлыстық ерекшелікке ие кей материалдарды естелігіне жазып отырғанын аңғарамыз. Оқып отырсаңыз, оның кітабындағы бізге қатысты деректердің көбі шындыққа жанасады. Соған қарағанда, ол бұл еңбегін жазып, оқырманға ұсынар алдында мың ойланып, жүз толғанып, екшеп, кей тарихи деректерге әбден зер салған сияқты. Скайлер енді күллі түркінің Дәдем Қорқытына көлемді еңбегінің 62-бетінен орын беріпті. «Таяу маңда үйінділер жатыр. Бұл ежелгі Жент қаласының орны болуы әбден мүмкін. Өзгелерінен көзге оқшау түсетін анау жартылай бұзылған қабір осы аймақтың абыз-әулиесі атанған Қорқыттың қабірі екенін өзі айтып тұрғандай». Ол осылай жаза келе, сан ғасырдан бері ел арасына тарап, аңыз болып келе жатқан ажалдан қашқан Қорқыт туралы аңызды баяндайды. Тіпті сөз арасында «Қорқыттың бойы 14 фудқа сәйкес келетін еді» (This Khorkhut, who was fourteen feet tall), – деп әр сәтінде көрген түсінен шошып, қабір азабын тартқысы келмеген Қорқыттың бойын сипаттайды. (Ескерту: 14 фуд шамамен 4,27 м.-ге тең. Сонда Қорқыттың бойы 4 метр болғаны ма?). Бұл деректі автордың қайдан алғанын білмедік, құдды кездескен адамындай суреттегеніне қарағанда, оның қолына нақты деректер түссе керек. Міне, бұл да – тарихшылар үшін жауабын табуды күттірген мәңгілік тақырыптың бірі. Кітаптың орта бөлігінде ол Хазірет Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барғанын айтып, оны кімнің тұрғызғаны, Ясауидің кім екені жөнінде де мәліметтер бере кетеді. Тіпті Бұқара тарихы, 1663 жылы Әбілғазы жазған «Моғолдар тарихы» атты еңбек, қырғыздардың жыл қайыруы, мүшел санауы, жануарлардың жыл көруі, жаңа ай мен көне ай, бес тоғыс, үш тоғыс, жұлдыз жорамал, темірқазық, жетіқарақшы сияқтыларды ретімен сипаттайды.
Оның тарихқа жүйріктігін де бірден байқаймыз. Себебі ол кезінде Хиуа қағанаттарын, Хорезм, Қыпшақ далаларын, Орталық Азия елдерін шиырлаған Мажар тарихшысы, түрколог Армин Вамбериді сынға алады. Қалай сынайды дейсіз бе? Оған дәлел төмендегі деректер: «Шыңғыс ханның Мауренаhрды жаулап алуын байланыстыру үшін, Вамбери өз кітабының тоғызыншы тарауында Джувейнидің (Ата-Малек Джувейни Парсы тарихшысы, «Жаһанды жаулап алушы» атты еңбектің авторы.-Д.Ә) айтқанымен бірдей дерек келтіреді. Осыдан 40 жыл бұрын Д’Охсон (Авраам Константин Моурадгея Д’Охсон 1779-1851 жылдары жасаған швед тарихшысы және армянтектес дипломат. Оның ең танымал еңбегінде Шыңғыс ханнан бастап Әмір Темірге дейінгі тарих туралы жазылған. Ағылшынша (History of the Mongols, from Genghis Khan to Timur, or Tamerlane) деп аталады.-Д.Ә) басқа деректерден осы оқиға туралы қарастырған кезде, мүлде дұрыс көзқарас қалыптаспаған еді. Вамбери Д’Охссонның «Моңғолдардың тарихы» (History of Mongols) атты шығармасының бірінші томын оқымаған сияқты. Егер ол осы кітапты оқыған болса, Керайт Ван Ханның (Оң Хан) есімін Ұйғырдың «Un» (Оң деген мағынада.-Д.Ә) деген сөзінен таратпас еді. Өйткені «Ван» (Түпнұсқада Van) Қытайдың лауазымы», деп бір тоқтап, сосын: «Вамбери мырза Д’Охссонның шығармашылығымен жақсы таныс болса, Шыңғыс хан өзінің резиденциясын Қарақорым бекінісіне бекітті деп шатаспас еді (121-бетте). Бұған дәлел Қарақорымды Шыңғыс ханның ізбасары Үгедей салғандығы, ол жер ешқашан бекініс болған емес. Мұнымен қоймай, ол: «Шыңғыс хан ұлы Төлеге Парсы мен Үндістанды берді» деп қателеседі. Бірақ Төленің территориясы моңғолдың өз даласында болғаны тарихтан белгілі. Егер ол өзінен ат-атағы кем емес жаһандық жиһанкез Марко Полоның еңбектерін оқыған болса, «император Құбылай Марко Полоны Керманға міндетпен жіберді» демес еді. (139-бетте). Вамбери мырзаның қандай тарихшы екенін білген соң, біз оның Шыңғыс ханның Мауренаһрды дерліктей басып алғаны туралы Мұсылмандар айтқан оқиғаларға көзсіз сенгені үшін оны ешқашан кінәлай алмаймыз», деп әйгілі тарихшының үлкен оқиғалар туралы қате деректерін бетіне басады. Ал Скайлердің екінші томын дипломат Қоқан, Бұхара, Ресейдің Орталық Азиядағы сыртқы саясаты, Ыстықкөл, Жетісу және Қытайдағы қазіргі Кұлжа, Сүйдің, Сайрам көлі, Күйреген Іле хақындағы тарауларымен аяқтайды және сапарына қорытынды жасайды. Сол кездегі орыс әкімшілігі, олардың Азиядағы сыртқы саясаты және Хиуа хандығын жаулап алған 1873 жылғы Хиуа жорығы жөніндегі тараулар да осы кітапта назардан тыс қалмайды.
Скайлер жазған «Түркістан» кітабы бізге көптеген мәлімет беретіні сөзсіз. Әрине, зерделеп оқыған адамға. Батыс зиялысы жазып қалдырған қос томдық кітаптың біздің тарихымыз үшін берері мол дегіміз келеді. Скайлер сияқты қаншама саяхатшы, зиялы қауым өкілдері біздің мекенімізге келіп, ауасын жұтып, том-том кітап жазды. Ал сол еңбектерді саралап, ғылыми айналымға түсіру жағы бізде жеткіліксіз болып тұрғаны да жоқ емес. Ендеше, ендігі жерде біз сол кітаптарды ана тілімізде сөйлете алсақ, ел мен жер тарихы үшін көз қуаныш болар еді.