Референдум • 07 Маусым, 2022

Халықаралық ұйым өкілдері жоғары бағалады

569 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандағы референдум ашық әрі демократиялық түрде өтті. Мұндай пікірді еліміздегі басты оқиғаны бақылауға келген халықаралық байқаушылар айтты.

Халықаралық ұйым өкілдері жоғары бағалады

Талаптар мүлтіксіз сақталды

Шанхай ынтымақтастық ұйы­­мының бас хатшысы Чжан Миннің айтуынша, референдумда халықаралық байқаушыларға жүктелген миссияны орындауға барлық жағдай қарастырыл­ды. Сонымен қоса Қазақстанның сайлау заңнамасы мен халық­ара­лық міндеттемелерінің талап­тары мүл­тіксіз сақталғанын жет­кізді.

«3-5 маусым аралығында ШЫҰ делегациясы Қазақ­стан­­­ның Сыртқы істер минис­трлігінің шақыртуымен рефе­рендумда байқау миссиясын атқарды. Халықаралық мис­сияның құрамы 17 мүшеден тұрды. Оның қатарында ұйымға мүше елдердің атқарушы және заңнамалық органдардың өкіл­дері, сол секілді ШЫҰ лауазымды тұлғалары болды.

Аталған миссия өкілдері Орталық референдум комиссиясымен тығыз жұмыс істеді. Бұдан басқа Нұр-Сұлтандағы халықтың референдумға қатысу үдерісіне байқау жүргізілді», деді Ч.Мин.

Шетелдік делегация рефе­рендум барысында дауыс беру­шілердің құқығының бұзылуы немесе мүмкіндігін шектеу сынды жағдайлар тіркелмегенін айтты.

«Біздің миссия Орталық ре­ферендум комиссиясы мен қо­ғамдық ұйымдардың тәжіри­бе­лік материалдары негізінде ортақ шешімге келіп отыр. Атап айтқанда, ұйым Қазақстан тарапы өзінің талаптарын то­лық орындады деп санайды. Кон­сти­туцияға өзгерістер енгізу туралы референдум халықаралық стандарттар мен Қазақстанның сай­лау заңнамасына сай өтті. Да­уыс беру кезінде қандай да бір заң бұзу фактілері тіркелген жоқ. Біздің миссия референдум ашық, әділ, демократиялық түрде өтті деген қорытындыға келді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ШЫҰ миссия мүшелеріне байқаушы ретінде міндетін атқаруға барлық жағдайды қарастырғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз», деді Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылды

Түркі мемлекеттер ұйымы Бас хат­шысының орынбасары Гизмат Гозаловтың пікіріне сүйенсек, Орталық комиссия референдумды әділ әрі заңда белгіленген мерзімде өткізді.

«Референдум жақсы ұйым­­­дастырылып, кәсіби түрде өткі­зілді. Айтарлықтай бұзу­шы­лықтар болған жоқ. Дауыс беру және оны санау да ашық өтті. Әкімшілік және құ­қық қор­ғау органдары тарапынан ре­ферендум комиссиясы­ның жұмысына заңсыз араласу жағдайлары тіркелмеді. Халықаралық байқаушылар сай­лау учаскелеріне барып, он­да қызмет көрсеткен лауазым­ды тұлғалар туралы толық ақ­паратқа ие болды. Еркін дауыс беру процесі қамтамасыз етіл­ді. «Қазақстанның референ­дум туралы» Заңында жергі­лікті қоғамдық бірлестіктер мен ха­лықаралық байқаушылар­дың сайлау процесін бақылау­ға бар­лық қажетті мүмкіндік қа­рас­тырылған. Сондай-ақ ұлт­тық бай­қаушылардың белсенді қа­тысуына куә болып, бұл ре­­­ферендумның ашықтығы мен қо­ғамдық есептілігін кү­шейтетінін айтқымыз ке­леді. Миссия референдум нәти­желеріне әсер етуі мүмкін айтар­лықтай техникалық проб­ле­малардың жоқ болғанын ес­ке­ріп отыр», деді Г.Гозалов.

Қоғамдық бақылау қырағы болды

Ресей Федерациясы Орта­лық сайлау комиссия­сы­ның мүшесі Павел Андреев айт­қан­дай, Қазақ­стан Ата Заңға түзе­тулер ен­гізу процедурасын абыроймен өткізді.

«Конституцияға плебисцит, референдум өткізу арқылы тү­зетулер енгізу маңызды ше­шім. Азаматтар учаскелерге ке­ліп, дауыс берді. Жақсы кө­ңіл күйді байқадық. Нұр-Сұл­тан қаласы мен Ақмола облысын­дағы учаскелерді араладым. Барлық жерде адамдар отбасыларымен келіп, дауыс беріп жатты. Орталық референдум комиссиясы үлкен жұмыс істеп, біз болған учаскелерде дауыс беру нәтижелеріне әсер етуі ықтимал оқиғалар немесе бұзушылықтар тіркелген жоқ. Референдумда қоғамдық бақылаудың да жоғары болғанын айта кеткен орынды», деді П.Андреев.

Орталық референдумның комиссиясынан еліміздегі ауқымды іс-шараны бақылауға 25 мемлекеттен 300-ге жуық халықаралық байқаушы аккре­дит­телді.