Іс-шараны ашқан Архив директоры Әлия Мұстафина республиканың тарихи кезеңге аяқ басқалы тұрған шағында ұйымдастырылған бүгінгі жиынның қатысушылары – қазақ зиялыларына қырғидай тиген кеңестік өкіметтің қырып-жойған тағдырларының өмірбаянын зерделеп, ақтап алу мақсатында бас қосып отырғанын атап өтті. ХХ ғасырдың 20 жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейінгі саяси әлеуметтік оқиғаларға қатысты тарихи құжаттар кешені Архивте сақтаулы тұрғанын тілге тиек еткен Архив директоры, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтап алу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесімен бірнеше жоба бойынша тығыз байланыста жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Бұл жауапты жұмысты жүзеге асыру үшін Архивте арнайы «ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы» құрылған болатын. Осы бағыттағы жұмыстарға еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері тамырына қайта қан жүріп, архивтік құжаттар негізінде анықтамалық-ақпараттық жинақтар жарыққа шыға бастағанын айтып өтті.
Отандық тарихта кеңестік өкіметтің отқа ораған озбыр саясаты мен қасақана қыруды мақсат тұтқан мәжбүрлі бастамаларының құрбандары туралы жарыққа шықпаған тың құжат өте көп. Президент Архиві мен Мемлекеттік комиссияның бүгінгі мақсаты – сол елдік пен теңдікті аңсаған жүз жылға жуық уақыт бұрын абақтыға жабылған ел ардақтыларының есімін ұлықтап, қоғамға таныстыру әрі қараланып халық жауы атанған бабаларымызды дәйекті дәлелдермен дәріптеп, тарихтың шындығын ашу болып отыр. Жұмыс тобының ұстанымы, біріншіден, болашақ ұрпақтың санасына сол дәуірдегі қазақ үшін қисынсыз қабылданған құжаттардың мәнін жеткізу болса, екіншіден, халқы үшін қасіретті тағдырдың өзіне сынбаған рухты ұлт серкелерін таныстыра отырып, бүгінгі ұрпақтың болашаққа деген сенімділігі мен табандылығын қалыптастыруды мақсұт тұтады.
Тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап Алаш ардақтыларын ақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген тарихшы ғалымдардың біразы осы дөңгелек үстелге қатысты. Жиынның модераторы ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов өз кезегінде «ХХ ғасырдың соңында еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді, енді жаңа, әділетті Қазақстанды құру үшін алдымен заңсыз қуғын-сүргін көргендерді, ашаршылықтан қырылғандарды ақтауымыз керек. Қайғылы тарихтың ақиқатын қалпына келтіріп, болашақта мұндайдың қайталануына жол бермеу қажет. Қуғын-сүргінге ұшырағандар әлі де абақтыда жатыр. Себебі құжаттар ашылмай, қолға еркін тимей, оларды абақтыдан шықты деуге болмайды. Біз арыстарымыз бен жазықсыз құрбан болғандарды ақтап қана ар алдындағы борышымызды атқардық деп айта аламыз, – деп ақтаңдақтардың аршылмай жатқанына абыржу білдірді.
1920-1950 жылдардағы солақай саясатты әшкерлеп, ақиқатты айтқан ұлт зиялылары мен озық ойлы басқа да азаматтар репрессияның қатал қармауында тұншықтырылды. Теңдігі, құқық бостандығы шеріне жеткен, демократиялық тәуелсіз елдің азаматы болып шалқып жүрген бүгінгі ұрпақ сол кездегі елдіктің жолында құрбан болғандардың тағдырымен төленген теңдессіз тегеурін мен жанқиярлық еңбегінің арқасы екені аян. Сондықтан оларды толық ақтап алу бүгінгі Президенттің бастамасымен құрылған Мемлекеттік комиссия мен архивтердің негізгі парызы болып қала бермек.
АЛМАТЫ