Театр • 07 Маусым, 2022

Оралда балалар театрлары фестивалі өтіп жатыр

886 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласында Балалар жылына және «ТМД халық шығармашылығы мен мәдени мұрасы жылына орай «Театрдың ғажайып әлемі» Батыс аймақтық театр фестивалі өтуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралда балалар театрлары фестивалі өтіп жатыр

Орал қаласындағы Мәдени-ағарту бірлестігі мекемесі ұйымдастырған бұл театр тойы Қазақстан Республикасының халық әртісі, «Отан ордені» иегері, кино және театр актрисасы Х.Бөкееваның 105 жылдығына да арналып отыр.

Театр фестиваліне Ақтөбе облысынан Нұрпейіс Байғанин атындағы Темір аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Аманат» жастар театры, Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің «Ақтөбе» балалар театры, Ақтөбе облысы Құрайлы мәдениет үйінің «АLL-Art» балалар және жасөспірімдер театры, Атырау облысы, Құрманғазы ауданынан Өнерпаз ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Орлы» халық театры ұжымдары арнайы келді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысынан Сырым аудандық мәдени-демалыс орталығының театры, Ақжайық аудандық мәдени-демалыс орталығының театры, Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығынан «Oscar» балалар мен жасөспірімдер театры, Орал қаласынан Мақашева театры, Дина Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің үлкен және кіші топтары, «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдердің қоғамдық театры, барлығы 150-ден аса балғын өнерпаз қатысып жатыр.

Г

Театр фестиваліне қатысушы ұжымдарды Орал қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Кайырлиев қабылдап, жетекшілерге сәттілік тіледі. Ал фестивалдің ашылу салтанатында «Жастар мәдениет сарайының «Ұлы дала тойы» «Алаш» этно-фольклорлық ансамблі, «Салтанат» би ансамблі өнер көрсетті.

- Мұндай өнер додасы қаламызда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Бастамамызды қолдағаны үшін Орал қаласы әкімдігі мен Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасына алғыс айтамыз. Театр өнері көрерменді сиқырлы қиял әлеміне тартып қана қоймай, халықты эстетикалық талғамға, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы екені сөзсіз. Жас ұрпақ әлеуметтік желіге кіріптар болған қазіргі заманда осындай белсенді өнердің маңызы өте үлкен. Біздің мақсатымыз – балалар шығармашылығын дамытып, көршілес облыстар арасында мәдени байланысты тереңдету. Фестивальге қатысып жатқан барлық 11 ұжымға сәттілік тілейміз, - деді Орал мәдени-ағарту бірлестігінің басшысы Серік Тоқмәмбетов.

Фестиваль екі күнге созылады. Сайысқа Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер, «Құрмет» орденінің иегері Еділ Рамазанов бастаған қазылар алқасы төрелік етуде. Болашақта бұл өнер сайысын екі жылда бір мәрте өткізіп тұрамыз дейді ұйымдастырушылар.

 

Батыс Қазақстан