Аймақтар • 07 Маусым, 2022

Отты сөндіруге отты жүрек керек

333 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тілсіз жауды ауыздықтап, айтып келмес апаттың бетін қайтару үшін бас­тарын бәйгеге тігіп жүрген қажырлы жандардың қимылын көрген сайын тәнті боласың. Олар өздерінің осы бір іс-әрекеттерін ерлік деп есептемейді. Әйтсе де, кей ретте адам өмірін сақтап қалған жанкешті қимылдары өзгеге өнеге болуға әбден лайықты.

Отты сөндіруге отты жүрек керек

Көзге түртсе көрінбейтін қою түтін пәтер ішіне кептеліп қалыпты. Түрт­пек­теп жүріп жол тапқан. Дәлізде адам қарасы байқалмады. Ілгері озған. Бір кезде ас үйдегі газ баллоны қолына ілік­ті. Сумаңдаған жалын тілі сәл кешіксе, баллонды шарпитын­дай. От тиі­сімен жарылуы әбден мүм­кін. Жалма-жан ағытып, терезеден шы­ғар­ды. Оқиға орнын мұқият зерт­тегені абырой болыпты. Жатын бөл­ме­де ес-түссіз, сұлық жатқан адам бар екен. Қолқаны қапқан қою ащы түтінге у­ла­нып қалған. Өз бетімен шыға алар түрі жоқ.

Көкшетау қалалық №10 өрт сөндіру бөлімшесінің қарауыл бастығы Әділет Серік кезекші бөлімге хабар түскеннен кейін Гастелло көшесіндегі №6 үйге аттанған. Осы оқиғаның өрбуі жадында жатталып қалыпты.

– Бір өрт сөндіру есебімен оқиға орнына лезде жеттім, – дейді Әділет Алтынбекұлы. – Келсек, үй жанып жатыр екен. Темір есікті бұзу ұзақ уақыт алар еді, терезеден кірген жыл­дамдау. Жеке құрамға өрттің жайылып кетпеуін қадағалау туралы тапсырма бердім де, пәтерге терезеден ендік. Өртенген үй ішінде адам болуы да ықтимал. Алдымен, қауіпке душар болғандарды құтқарған ләзім. Тыныстау аппаратын кигеннің өзінде қою қара түтін түк көрсетпейді. Қарманып жүріп таптық. Жанымдағы құтқару қызметінің аға сержанты Әлімжан Мұстафин екеуміз ес-түссіз жатқан адамды далаға алып шықтық. Көрер жарығы бар екен, аман қалды.

Оқиға орнына шақырылған жедел жәрдем қызметі іле жетіп, түтінге тұн­шы­ғып, енді болмағанда отқа орана жаздаған адамды ауруханаға жеткізген. Осылайша, өрт сөндірушілер адам өмірін сақтап қалды. Қызыл жалынның құр­баны болған дүние-мүлік садақа. Ең бастысы, адамның аман қалғаны.

Тағы бір жолы Боровской шағын ауда­нындағы №56 үйде өрт шықты деген суық хабар түскен. Бұл кез сәуір айы еді. Оқыс оқиға көп­қа­батты үй­дің бірінші қабатында орын алыпты. Бұл жолы да темір есіктің топ­са­сын бұзуға уақыт көп кетеді деп есептеген. Жалма-жан үйді айналып көрсе, бірінші қабаттағы балконнан сыз­дық­тап түтін шығып тұр. Қол сатымен көтерілген. Су шашар оқпанды алып, қызыл жалыннан қорғайтын ар­найы жеңдерді киіп, терезені сын­дыр­ған кезде пәтердің ішінде кеп­теліп тұрған қою қара түтінмен жалғаса ыстық жалын лап ете түсті. Ішкі түйсік әлде­бір қауіптен хабар бергендей. Іште адам болуы әбден мүмкін. Аға сер­жант Олжас Оқапов екеуі лезде тапқан. Ке­ре­уеттің жанында басын көте­ре алмай бүк түсіп жатыр екен. Абы­рой бол­ғанда қара түтін төбеге жи­нал­ға­ны­мен, төменде талғажау болар ауа бар екен. Соның өзінде қас қа­ғым сәт ке­шік­се, әлдеқандай жағдай болар еді. Қолтығынан демеп, екеулеп көтеріп, алып шықты. Сөйтіп тағы да бір адам өмірінің аман қалуына себепші болды.

– Жүрек қалауымен таңдаған ма­ман­­ды­ғымыз болғаннан кейін қауіп-қа­терге етіміз үйренген, – дейді Әділет Серік. – Бұл біздің жұмысымыз ғой. Біз істе­ме­сек, кім істейді?!

Таяуда облыс орталығындағы Е.Әуел­­­беков көшесіндегі көпқабатты үйді өрт шалыпты. Төрт бірдей балкон ұйытқи соққан жел екпінімен лау­­лаған қызыл өртке оранған. Өрт сөн­ді­ру­шілер оқиға орнына жеткен кезде құ­лақ тұндыратын жарылыс та болып жатыр. Тағы да терезе арқылы кіру қажет болды. Әуелі үш иінді қол сатыны орнатқан. Жоғары қабатта бол­ған соң бір сатымен бойы жетпей, екін­ші сатыны жалғауға тура келді. Қар­ба­­ла­са жүріп қызыл жалынның бетін қай­тар­ған.

Енді кейіпкеріміз туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Әділет Серік Бу­ра­бай ауда­нына қарасты Мәдениет ауылының тумасы. 2015 жылы Тө­тен­ше жағдайлар ми­нис­трлігі Көк­шетау техникалық инс­ти­тутын үздік бітірген. Кейін Ш.Уәлиханов атын­да­ғы Көкшетау уни­верситетінің өмір тіршілік негіздері факультетін үздік аяқтап, магистратурада білім алуда. Дипломды су тас­қы­ны­ның алдын алу тақырыбынан үздік қорғаған. Ең жо­ғары балға ие болыпты.

Көкшетау өңірі кейінгі жылдары су тасқынының зардабын тартып келе жатыр. Жас маман Атбасар, Астрахан, Сандықтау аудандарындағы Жабай, Колутон өзендерінің көктемгі тасу себептерін зерделеген, алдын алу шараларын ойластырған. Айталық, суда өсетін өсімдіктердің шіріндіге айналып, шөгіп қалуы табиғи себеп болса, адам қолымен жасалатын кедергілер де орын алуда. Мәселен, өзенге көпір орнату үшін жүк машиналары өтетін етіп топырақ төгіп, жол жасайды. Кейін жұмыс біткен соң құрылысшылар өздері салған уақытша жолды жинамай кетеді. Судың еркін ағуына бөгет болатын осындай да жай бар. Жас маманның тапқан жаңалығы көпір астына арнайы қондырғы орнату. Қар суымен мелтектеген өзен деңгейі қондырғыға жеткен кезде мобильдік қосымша ар­қы­лы хабар түседі. Қауіпті жағдайдан құ­лақтанған тұрғындар сақтық қамын жаса­мақ.

Бір өзі бірнеше адамның өмірін сақ­тап қалған өрт сөндіруші өжет қи­мы­лы үшін министрлік, департамент тарапынан әлденеше рет марапатқа ие болыпты. Өз айтуына қарағанда, ең үл­кен марапат өмірлерін сақтап қалған адам­дардың жалғыз ауыз алғысы. Одан ар­тық ештеңе тілемейді де.

 

Көкшетау