Білім • 07 Маусым, 2022

«Егемен» көтерген мәселе оң шешімін тапты

1560 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел газетінде көтеріліп, оң шешімін тапқан мәселе көп-ақ. Соның жарияланып жатқаны аз. Бірақ мына бір жаңалықты ауыз толтырып айтуға болатындай. Себебі қаншама ата-ана мен оқырманымызды қуантатын шешім секілді.

«Егемен» көтерген мәселе  оң шешімін тапты

Осыдан 3 жыл бұрын, анығы бас басылымның 2019 жылғы 17 сәуірдегі нөміріне бас тақырып ретінде «Еңбек» елеусіз қалды» деген тақырыпта проблема кө­тер­ген мақала шықты. Біз осы ма­те­риалымызда мектепте еңбек сабағының жөнді өткізілмейтіні туралы айтқан ата-аналардың арызын жеткізгенбіз. Осыған қоса аталған пәнді техно­ло­гия­ның көлеңкесінде қалып қой­ға­ны жа­йында да жазғанбыз. «Еңбек­ке баулу сабағына деген салғырт­тықтың соңы жұмыс із­деу­ге құл­шын­байтын, өз бетін­ше қарекет қыла алмайтын, жа­­тып­ішер жал­қау буынды қа­лып­тас­тырып шы­ға­рады. Бұл бізге керек пе?» деп қоғамға, одан қал­ды жауапты мекемелерге сауал да тастаған едік.

2022 жылғы 17 ақпанда газе­тімізде «Еңбек» пәнінің ендігі сипаты қандай?» атты материал жарияланды. Мектептерді аралап, еңбек сабағының қалай өтетінінен арнайы репортаж жасадық. Сол репортажымызда орта білім беру ұйымдарындағы бейнелеу өнері (яғни, сурет), сызу сабақтары алынып, оның мазмұны бұрынғы еңбекке бау­лу пәніне кіріктіріліп көркем еңбекке айналғанын жаздық. Көзбен көрген сабақтан шық­қанда: «Сызу ма, сурет пе, әлде еңбек пе?» деген сұрақ туды. Үш пәнді үш бөлек оқыған біздің буын кіріккен, біріккен сабақтың бұл түрін түсіне қоюы екіталай-ау» деп ой түйген едік.

Бірнеше рет көтерілген мә­се­­ле енді оң шешімін тапты. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлт­тық білім академиясының пре­зиденті Мадина Тыныбаева жа­уап­ты министрліктің аппа­рат жи­на­­лысында «Көркем ең­бек» пәні екі пәнге бөлінетінін жет­кіз­ді.

«Білім және ғылым минис­трлігі «2022-2023 оқу жылында Қазақстан Республи­ка­сының орта білім беру ұйымдарында білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдісте­мелік нұсқау хат жобасын (ӘНХ) ұсынды. ӘНХ жобасына сәйкес «Көркем еңбек» пәні екі пәнге бөлінеді. Нақтырақ айтқанда, 1-4 сыныптарға «Еңбекке баулу», 1-6 сыныптарға «Бейнелеу өне­рі» пәндері екі бөлек пән ретін­де оқытылады», деді М.Тыны­баева.

Бұдан бұрын Білім және ғылым министрі ендігі Асхат Аймағамбетов биылдан бас­тап «Көркем еңбек» пәнін бұ­рын­ғыдай екі түрлі пәнге бөлу жос­парланып отырғанын айтқан еді. Министрдің мәлімдеуінше, 2016 жылға дейін болғандай «Еңбек» және «Бейнелеу өнері» деп бөлінеді.

Ендігі мәселе – бастауыштан басқа сыныптардағы еңбек пәнін де бөлек сағат беріп, технология пәнінен «еншісін» алып беру.

Пәндердің бөлек оқытылуына қатысты және бір жаңалық бар. Мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнін 2024 жылдан бастап бөлу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. А.Аймағамбетовтің ойынша, тіл мен әдебиетті оқытатын пән­­­дер­дің мақсаттары әртүрлі. Одан бөлек қазақ мектептерінде «Әлем әдебиеті» пәнін жеке оқы­ту­ға қа­тысты мәселе бұрын­нан көте­­рі­ліп келеді. Бұл – дұрыс ұс­ы­­ныс. Балаларымыз қазақ, орыс әдебиетін ғана емес, әлем әде­бие­тін де білуі керек.

Тағы бір өзгеріске келсек, ӘНХ жобасына сай бұдан былай «Шет тілі» пәнін оқушылар 3-сыныптан бастап оқиды. «Қазақстандық және халықаралық сарапшылар жүргізген зерттеулер мен талдау бірінші сынып оқушысына бірден 3 тілді үйрену қиын еке­нін көрсетті. Бірінші сыныпта баланың тек бір тілді үйренуі, яғни алдымен ана тілінде оқып, жазуды үйренуі өте маңызды», деді М.Тыныбаева.