Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Ең басты өзгеріс - баяғы замандағы дала демократиясының нәтижесінде бірлігі бекем болып, әлемдегі тоғызыншы территорияға ие болған халқымыз өз болмысына жат «суперпрезиденттік» билік нысанынан біржола құтылып, енді ел басқарудың күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет жүйесіне көшкелі отыр. Тарихи сабақтастықтың жарқын көрінісіндей болып, Президенттің жанынан Ұлттық құрылтай құрылмақшы. Оның алғашқы отырысы қилы заманда ұлтымыздың басы қосылған Ұлытауда өткізілетіні де - жақсы ырым.
Осы орайда ортаға салар ой-пікірлер де бар. Мәселен, референдумда халық қолдаған заң жобасында жер және оның қойнауындағы қазба байлықтар - бұрынғыдай мемлекеттің меншігі емес, халықтың меншігі болып жарияланғандықтан, жергілікті әкімдіктердің табалдырығын тоздырып, әртүрлі мақсатта пайдалануға жер ала алмай, ренішті болып жүрген адамдар осы конституциялық өзгеріске үлкен үміт артып отыр.
Сондықтан, еліміздің жер қатынастары саласында латифундистер мен құзыретті шенеуніктердің кінәсінен қалыптасқан күрделі жағдайды түбегейлі өзгерту шараларын тезірек қолға алған жөн. Бұл саланы Мемлекет басшысының осы жөніндегі тапсырмаларын созбаққа салып, латифундистерге бүйректері бұрып тұратындығын білдірген Ауыл шаруашылығы министрлігінен алып, Үкіметке немесе Президентке тікелей бағынатын Жер қатынастары агенттігін құрған жөн сияқты.
Референдум қорытындысына сәйкес Парламенттің қос палатасының құрамы мен функциялары өзгеретін болғандықтан, әрі бұрынғы пропорциялық сайлау жүйесіне қоса, мажоритарлық сайлау жүйесі де енгізілетіндіктен, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауын көп кешіктірмей өткізген жөн. Бұл ретте, әрине, қолданыстағы сайлау заңнамасына сайлау процесінің барынша ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында сайлау комиссияларының мүшелері мен байқаушылардың мәртебелерін айқындайтын, дауыс беру барысын жазып-көрсететін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің құқықтарын кеңейтетін түзетулер енгізу қажеттігі пісіп-жетілгенін ескеру керек.
Сондай-ақ қазір жұртшылықты Ұлттық құрылтай мүшелері қалай іріктелетіні қызықтырып отыр. «Қоғамдық кеңестер сияқты, Ұлттық құрылтайға да тек өңірлер әкімдерінің «сүйіктілері» мүше болып, алқалы жиында мақтау-мадақтаудан басқа ештеңе айтпай, бұл кеңесші органның да беделін түсірмес пе екен?», дегендей алаңдаушылық бар. Сондықтан, бұл мәселені де мұқият ойластырып, Ұлттық құрылтайға ел ішінде шынайы беделге ие, азаматтық позициясымен көзге түскен белсенді азаматтардың мүше болуын қамтамасыз еткен абзал. Бұл істе «Бәленшекең әкім, депутат болған екен, атақ-дәрежесі де жер жарады» деген сияқты ескі көзқарастар өлшемшарт бола алмайтыны сөзсіз. Өйткені ескі Қазақстанда кімнің қалай әкім, депутат болғанын, атақ-марапатты қалай алғанын жұрттың бәрі біледі.
Референдум нәтижесінде қарапайым кісі түгілі, Парламенттің жекелеген депутатының да өтінішін қарамайтын Конституциялық Кеңестің орнына, шен-шекпеніне қарамай, кез келген азамат конституциялық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тікелей жүгіне алатын Конституциялық Сот құрылатыны – заң үстемдігін орнату мақсатын алға қойған мемлекетіміздің өте маңызды қадамы. Осыған орай, оның мүшелері болып кімдер және қалай сайланатыны да маңызды. 1992-1995 жылдары жұмыс істеген алғашқы Конституциялық Соттың барлық мүшесін Президенттің ұсынысымен Парламент сайлағаны белгілі. Ал Президент ұсынған тұлғаның сайланбай қоймайтыны да белгілі. Сондай-ақ Конституциялық Кеңестің Төрағасын Президент ешкімнің келісімінсіз тағайындап келді. Референдумда қолдау тапқан заң жобасында Конституциялық Соттың Төрағасын Мемлекет басшысы Сенаттың келісімімен тағайындайды, сондай-ақ Конституциялық Соттың төрт судьясын Президент, алты судьясын Сенат пен Мәжіліс (әрқайсысы үш судьядан) тағайындайды деп көрсетілген. Әлбетте, бұл норма ықпалды Парламент құру тұжырымдамасына сәйкес келетіні күмән тудырмаса керек. Тек Конституциялық Сот Төрағасы мен судьялары болып халық арасында қара қылды қақ жарған әділдігімен, берік азаматтық ұстанымымен танылған заңгерлер тағайындалатындай ашық тетік қарастырылса, артық болмас еді.
Елімізде он бес жылдай қолданылған пропорциялық сайлау жүйесінің артықшылықтарымен қатар, олқылықтары да анық байқалғандықтан, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына мажоритарлық сайлау жүйесін қайтадан енгізу ұйғарылып отыр. Референдумда халықтың қолдауына ие болған бұл жаңашылдық барлық деңгейдегі өкілді органдардың жұмысына соны серпін берері даусыз. Дегенмен, мажоритарлық сайлау жүйесінің де өзіндік артықшылығымен қатар, біздің еліміздің жағдайында ескермей болмайтын кемшін тұсы да бар. Бұл – ертеректе бір мандатты округтер бойынша өткізілген сайлау кезінде аңғарылған трайбализм, яғни руға, атаға бөлінушілік көріністері. Мұндай кемшілік кейінгі жылдары енгізілген ауыл әкімдерін сайлау барысында да көзге шалынып жүргені белгілі. Сондықтан, ұлтымыздың бойында бар осы қоғамдық кесел ортақ мүддемізге залалын тигізбеуі үшін сайлау процесін ұтымды ұйымдастыру талап етіледі. Айталық, өңірлік телеарналар арқылы Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына үміткерлердің дебаттарын өткізу жұртшылықтың кімнің кім екенін тануына көмектесер еді. Бұған қоса, мажоритарлық жүйе бойынша сайлау кезінде жергілікті әкімдердің өздеріне қолайлы үміткерлерді ғана додаға қостырып, солардың жеңіске жетуі үшін әкімшілік ресурсты қолдануына қатаң тыйым салу қажет. Біздегі сайлаудың мәнін кетіретін де осы фактор екендігі мәлім. Жаңа Қазақстанда мұндай белден басушылықтардың тамырына балта шабылуға тиіс.
Бұдан былай Мемлекет басшысы облыстар, республикалық маңыздағы қалалар мен астананың әкімдерін тағайындауға тиісті мәслихаттардың келісімін алу үшін кемінде екі үміткерді ұсынатыны да жұртшылықтың көңілінен шығып отыр. «Тек сол екі үміткердің біреуі құр баламалылықты қамтамасыз ету үшін таңдап алынған көрінеу осал тұлға болмаса екен», деген тілек білдіріп жатқандар да бар. Бұл да өткен өмір тәжірибесінен туындаған орынды пікір болғандықтан, ескерген жөн. Өңірлер басшыларын сайлау қажеттілігі туралы ұсыныстар жиі айтылып жүрген қазіргі уақытта бұл экспериментке жете мән берген ләзім.
Референдум қорытындысы бойынша халыққа жолдаған Үндеуінде Мемлекет басшысы: «Ата Заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз», деді.
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға»,
деп ұлы Абай айтқандай, Президентіміздің саяси реформаларды дәйекті жүзеге асыратынына сеніміміз зор. Мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып саналатын халықтың қолдауы – еліміздегі батыл өзгерістердің сенімді негізі болатыны кәміл.