«2021 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы коронавирус пандемиясының теріс әсерлері жағдайында жүзеге асырылды. Десе де 2020 жылмен салыстырғанда іскерлік белсенділіктің жандануы байқалды. Жалпы ішкі өнімнің өсімі 4%-ды құрады. Экономиканың барлық негізгі салаларында оң нәтижеге қол жеткізілді. Мәселен, өнеркәсіп өндіріс көлемі 3,8%-ға, құрылыс 7,6%-ға, көлік және сауда салалары тиісінше 3,6%-ға және 9,2%-ға өсті. Жаһандық пандемиядан кейін қалыптасқан сұранысты және өндірістер мен логистикалық тізбектердің бұзылуын қалпына келтіру аясында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге бағаның жаппай өсуі байқалды», деді Ерұлан Жамаубаев.
Ол өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 8,4%-ды құрағанын еске салды.
«Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,5%-ға ұлғайды. Жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталды», деді министр.
Қаржы министрі Республикалық бюджеттің атқарылуы көрсеткіштеріне де тоқтала кетті.
«Түсімдер 100,8%-ға атқарылып, 12,7 трлн теңгені құрады. Шығыстар 99,2%-ға игеріліп, 15,2 трлн теңгені құрады. Әлеуметтік шығыстар 2020 жылмен салыстырғанда 910 млрд теңгеге ұлғайып, 7,5 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 50 пайызын қамтыды», деді ол.