Экология • 08 Маусым, 2022

Алматы тоғайындағы апатты ағаштар кесіледі

510 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Баум тоғайында апатты деп танылған 3 311 ағаш санитарлық кесуге жатқызылды. Олардың 500-і биыл кесіліп, орнына жаңа ағаштар отырғызылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы тоғайындағы апатты ағаштар кесіледі

«Зерттеулер көрсеткендей, саябақтағы ағаштардың 30%-ы зиянкестер арқылы ауруға шалдыққан. Яғни, 3 311 ағаш өлі және апатты деп саналады. Олар міндетті түрде санитарлық кесуге жатады. Санитарлық кесу - қорғаныш шарасы, себебі бұл ағаштар уақытылы кесілмесе, басқа сау ағаштарға ауру жұғуы мүмкін», деп түсіндірді «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағы» КММ маркетинг, мониторинг және бақылау бөлімінің басшысы Бауыржан Сайлаубеков.

Оның айтуынша, ағаштар кезең-кезеңімен жойылады. Биыл 500 қарағай мен үйеңкі кесу жоспарда бар. Олардың орнына жаңа ағаштар егіледі. Сондай-ақ 7 мыңнан астам ағашқа санитарлық кесу жүргізілмек.

Баум тоғайының аумағында 49 түрлі 104 500-ге жуық тал-дарақ бар. Оның 7 түрі қылқанжапырақты және 42 түрі жапырақты.

Академик, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры Бұлқайр Мәмбетов тоғайдың жағдайы күрделі екенін жеткізді.

«Табиғи орманда 10 жыл ішінде барлық ағаштардың шамамен 5-10%-ы өледі. Бірақ мұнда жасанды жағдай жасап, мамандарды тарту қажет. Мәселен, апаттық ағаштар саңырауқұлақ ауруларынан зардап шегеді, егер олар жақын уақытта кесілмесе, онда 10 жыл ішінде бүкіл тоғайды жоғалтып алуымыз мүмкін», деді ол.

Ол қалпына келтіру жұмыстарына және емдеуге 37 187 ағаш жататынын айтты. Оларға шамалы зақымдануы бар немесе ағашбөркі біржақты тармақталған екпе ағаштар жатады.

«Кез-келген, тіпті, жабайы орманға да күтім қажет. Жылына 2-3 рет химиялық өңдеу жасап тұрған абзал. Қазір көптеген емен, талшындар сарғайып кеткен. Бұрын Қазақстанда мұндай ауру болмаған. Сондықтан орман шаруашылығына күтім жасау керекпіз», деді спикер.

Бұлқайр Мәмбетов биыл дің зиянкестері мен аурудың таралуын болдырмау мақсатында санитарлық-сауықтыру іс-шараларын, оның ішінде қураған, апатты ағаштарды жинау, құрғақ бұтақтарды кесу және тазарту жоспарланғанын мәлімдеді.

«Апаттық ағаштар бүкіл орман алқабында шоғырланған. Олардың орнына жаңа ағаштар отырғызу жоспарлануда. Баум тоғайы - қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны, оның оазисі. Сондықтан құрғақ ағаштардың болуы саябаққа келушілер үшін қауіпті, әсіресе желді күні», деді Ботаника және фитоинтродукция институтының аға ғылыми қызметкері, дендролог Инга Бабай.

Зоология институтының «энтомология» зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, сарапшы-энтомолог Перизат Есенбекова тоғайды өткен жылғы зерттеуден соң, аумақта жәндіктің 67 түрі анықталғанын, оның 27-сі зиянкес екенін айтты.

«Орманда қабықшы қоңыз, жапырақ жегіш, қандала және осындай басқа да зиянкес қоңыздарды таптық», деді ол.