Дәл осы Ақтау қаласында бір жыл бұрын бірнеше жеткіншек TikTok түсіремін деп көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің шатырына шығып кеткен болатын. Үйдің ең жоғарғы қабатында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап кеткеннен кейін ғана қала әкімдігі мен полиция жедел іздестіру шарасын жүргізіп, желіде «жұлдызға» айналған балаларды анықтаған еді. Тик-токта «тренд» болған бейне роликтердің бірін айна-қатесіз қайталамақ болған мектеп оқушылары жексенбі күні құрылыс нысанына барып, ішке абаттандыру үшін арнайы ашылған қуыстар арқылы ұрланып кірген. Ең жоғарғы қабатқа көтерілгенде желіккен жеткіншектерді күзетші байқап қалып, оларды құрылыс аймағынан қуып шыққан. Алайда соның өзінде оң-солын бағамдамайтын балалар желіде ең көп қаралым жинаған бейнероликтерін түсіріп үлгерген. Видеодан балалардың бірінің шатырдың шетіне шығып тұрып, кері қарай баспен секірген «трюгін» көруге болады. Абырой болғанда ол оқиға кішкентай тиктокерлердің ата-аналарына ескерту жасаумен ғана аяқталған-ды.
Рас, TikTok түсіремін деп түрлі жайттарға тап болып жүрген жеткіншектердің оқиғасы жетерлік. Өкініштісі сол оқиғалардың дені қайғымен аяқталып жатады. Лайк үшін бастарын бәйгеге тігіп жүргендердің челлендждері де сан түрлі. Олардың ішінде өмірге өте қауіптілері де бар. Алайда буыны бекімеген балалардың бәрі оның қауіп-қатерін ұғына бермесі тағы анық. Сондықтан да болар Италия секілді елдердің билігі жеткіншектерге TikTok-ты пайдалануға рұқсат бермей отыр.
Қазіргі таңда TikTok-тың медиа кеңістікте ғана емес, жалпы интернет кеңістігінде ең ірі әлеуметтік платформалардың біріне айналғаны белгілі. Бұл желі әсіресе жастар мен жеткіншектер арасында кең танымал. Ал тиктокерлер мен осы платформаның көрігін қыздырып жүрген блогерлердің саны мен белсенділігі күн санап емес, сағат санап артып келеді. Шыны керек, бүгінде Facebook, Instagram-ға қарағанда TikTok-тың дәуірі жүріп тұр. Қазақтілді контент те қатты дамып келеді.
Жақында елімізге Шығыс Еуропадағы мемлекеттік билік органдарымен байланыс және корпоративтік мәселелер жөніндегі директор Сергей Соколов келіп кетті. Соколовтың сөзіне қарағанда, бүкіл әлем бойынша ТikТоk платформасын 2 млрд-тан астам адам қолданады екен. Ал Қазақстанда ТikТоk-тың 7 млн-нан астам пайдаланушысы тіркелген. Бұл дегеніңіз – ел халқының жартысына жуығы осы желінің қолданушысы деген сөз.
Әлеуметтік желі жеткіншектерді жеңіл ойлауға жетелеп жүргені белгілі. Сондықтан бізді желіні қалай тиімді тәрбие құралына айналдыра аламыз деген сұрақ мазалауға тиіс. Өйткені үзілді-кесілді тоқтау салып, шектеу қою мәселені түпкілікті шешпейтіні анық. Ендігі мәселе – жұрттың «жүрегін жаулап алған», әсіресе жастардың желігі мен жігеріне «жан-жақты жауап беріп» отырған осы платформаны қалай қажетті контентке толтырамыз деген сұрақ. Себебі жастар жалт-жұлт еткен санаулы секундтық мәнсіз, мағынасыз роликтердің жетегінде кете берсе, онсыз да түзеле қоймаған тәрбиеміз құрдымға кетері анық. Бір нәрсені мойындауымыз қажет. ТikТоk бүгінде тек жастарды ғана жинайтын жер емес. Бір кездері тек жастар қолданатын бұл желіде тек жеңіл-желпі тақырыптар, санаға салмақ салмайтын әзіл-қалжың мен санаулы секундтық видеолар ғана салынатын еді. Уақыт өте TikTok те саяси, тарихи және ағартушылық контентті ақырындап көбейтіп келеді. Ендеше, мұнда тарихи құндылықтарды дәріптейтін, отандық туризм, мәдениет, білім және ғылым, театрлар мен музей туралы мазмұнды контент қалыптастыратын мазмұнды жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне мән берген жөн. Желінің мүмкіндігін осы бағытта толық пайдалана алсақ, өгіз де өлмейді, арба да сынбас еді. Сол себепті осы мәселеге билік қатты мән бергені дұрыс.
Жастар, әсіресе жеткіншектердің жаны жаңалыққа құштар. Сондықтан да болар олар әлеуметтік желідегі жылтырағанның бәрін ақ-қарасын, мән-мазмұнын, керек-қажет емесін ажыратып жатпастан қабылдай береді. Желіде отбасылықты құндылықты, ұлттық мінез бен тарихи дәстүрімізді жүйелі түрде насихаттау – міне, жастарға ең қажетті дүние осылар.