Ақталу алысқа апармайды
Адамзаттың алып ойы Лев Толстой «Адамды ессіз түрде баурап, небір сорақы әрекеттерге жетелейтін ең қарапайым азғырғыштың түрі «бәрі де солай істейді ғой» деген ақталу» деген тәмсіл айтқан болатын. Темекіге еліктіретін басты себептің бірі де – салдарын зерделемей пайдалану екені даусыз.
Дүниежүзілік темекіден бас тарту күні аясында Астана медицина университетінде (АстМУ) Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының қолдауымен «Никотинге тәуелділік және шылым шегу қоспалары, психикалық денсаулыққа әсері, қазіргі кезеңдегі клиника мен профилактика ерекшеліктері» тақырыбында конференция болып өтті.
Жыл сайын 31 мамырда бүкіл әлем жұртшылығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1988 жылы ресми түрде жариялаған «Дүниежүзілік темекісіз күнді» атап өтеді. Іс-шараға арнайы таңдаулы мамандар қатысып өз ойларын ортаға салды. Конференцияда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы кеңсесінің техникалық сарапшысы, доктор Виталий Стецик сөз алып: «Темекі тартатын адам өз өмірінде 5 тонна көмір қышқыл газын шығаратынын білесіз бе? Бір ғана темекі шығару үшін 3,7 литр су қажет екенінен хабардарсыз ба? Темекі тұқылының ыдырауы, жойылуы 10 жылды қажет етеді және одан 7 мың химиялық заттар бөлініп топыраққа сіңеді. Мұндай ойға сыймайтын ақпараттар темекі халықты ғана емес, бүкіл ғаламшарымызды улайтынын айғақтайды» деп көпшілікке ой тастады.
Құрамында цианид, мышьяк, гидрокси қышқылы, көміртегі тотығы және полоний, қорғасын, висмут сынды улы заттар бар темекі тарту денедегі бір ғана мүшеге емес, барлық ағзаға зиян келтіретін бірден-бір әдет.
«Шылым шегу бір ғана мүшеге емес, әрбір мүшеге зиянын тигізбей қоймайды. Біріншіден, темекі түтіні өкпе арқылы өтеді. Мәселен, өкпеге ауа арқылы оттегі түсіп тұрады, оттегі қантамыр һәм ағзадағы темір арқылы кислород таратады. Өзіңіз ойлаңыз, егер де адам көп темекі шегетін болса, онда кислород қажетті деңгейде ағзаға жетпейді. Бұл кезде басқа ағзаларда да жетіспеушілік пайда болады. Ауызда қалған темекі түтіні қалдықтары асқазанға түсіп, түкірік жұтқанда ас қорыту жүйесіне де кері әсерін береді. Темекіден ең қатты зардап шегетін мүше ми деп ойлаймын. Алдымен өкпеге түтін кетіп, әрі қарай тәуелділік пайда болады. Ал бұл тәуелділік мида туындайды. Сондықтан бұл тұрғыда мидың үлесі жоғары деп айта аламын», деді №10 қалалық емхананың СӨС дәрігері Гүлмира Қалиқызы.
Ал «Темекіні тастап кеткен адамда біршама уақыт никотин уы сақтала ма?» деген сұрағымызға, дәрігер: «Мәселен, темекі шегуші ағзасын қаншалықты ластады? Көбіне осыған байланысты болады. Кейбір адамдар күніне бір-екі дана ғана шегуі мүмкін, ал біреулер күніне екі қорап темекі шегеді. Бұл қаншалықты ластағанға байланысты» деді.
Еліктеуден туған есірік
Жалпы, темекі сыртындағы неше түрлі қорқынышты суреттер мен темекі бағасының жоғарылауы тұтынушыларды азайта алды ма? ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы маманы бұл сұраққа: «Әрине! Темекінің сыртындағы қорқынышты суреттерде темекі тартушылар қатарын азайтуға орасан зор ықпал болып отыр деп есептеймін. Қазақстанда темекі өнімдеріне сұраныстың төмендеуі темекі шегудің танымалдылығының жалпы төмендеуінің әсерінен де (әсіресе жастар арасында), сондай-ақ акциздік салықтың өсуіне байланысты темекінің қымбаттауы нәтижесінде де орын алуда.
2019 жылғы ДДҰ-ның GATS Қазақстандағы зерттеулерінің мәліметі бойынша, темекі шегушілер 2014 жыл 22,9% болса, 2019 жылы 21,5 % болды, 1,4 % азайған. Темекі шегуді тастайтын адамдар қатары да біртіндеп өсіп келеді. 2014 жылы 29,5% болса, 2019 жылы 32,1% болды, 1,6%-ға өсті. Халықтың денсаулығын нығайту үшін тек дәрігерлер ғана емес, қоғам болып күресуіміз керек. Жалпы, қазір елімізде темекімен күрес жобасына байланысты қоғамдық орындарда темекі шегуге, темекі тұқылын көшеге тастауға заңмен тыйым салынған. Темекі өнімдерін тұтынудың алдын алу және шектеу жөніндегі шаралар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-IV Кодексінде белгіленген. Бұл заң халықтың денсаулығын сақтау мақсатында темекі өнімдерін шектеу мен қолданысын азайтуға бағытталған», деп толымды жауап берген болатын.
Өмірде көріп жүргеніміздей, темекі шегушілердің дені кері әдетті еліктеу нәтижесінде бастаған. Адамдардың көбі еліктеу деңгейінде ғұмыр кешетінін сараптасақ, олар істің салдарына көз жіберетіні сирек. Мәселен, өнер адамдарының көбі темекі тартып, алкогольді ішімдік пайдалануы қаншама жастарды сол жолға итермелегені жасырын емес. Еліктеу деңгейінен шығып, өз өрісін таба алғандар ғана барлық бөгде әдетпен қош айтысып, қателіктерден арылып жатады. Яғни темекімен күресті қолға алу деген оның қорабының сыртын түрлі түсті қорқынышты суретпен безендіру һәм темекінің бағасын шарықтатумен шектелмеуге тиіс. Өйткені адам санасы өзгермейінше, сыртқы факторлардың өзгергені оған жоғары деңгейде әсер ете алмақ емес.
№10 қалалық емхананың СӨС дәрігері Гүлмира Қалиқызы бұл жөнінде: «Адамның өзі ауырып төсекке таңылып, дәрігерлер «бұл темекіден туындады» демейінше, адамның санасына темекінің зиян екені толық сіңбейтіндей көрінеді. Бәрі миға байланысты екені даусыз, темекі зиянының салдары миға толық жетпегеннен соң адамды қойдыру қиын. Қанша наркологиялық орталыққа жатқызып, темекінің сыртындағы суреттерді неше түрлі ауыстырса да, мұның бәрінен гөрі адамның жеке ерік күшінің рөлі маңызды деп ойлаймын», дейді дәрігер.
Шынында, адам санасы барлық мүшенің қозғаушы күші. Сондықтан адамдар көп пайдаланатын көгілдір экрандар мен әлеуметтік желілер арқылы темекінің қатері жөнінде бейнебаяндар түсіріп, жазбалар жазылса септігі тиер еді. Өкінішке қарай, мұндай үрдістер бар болса да, көп емес. Тіпті кейбір жастар темекінің денсаулыққа зиян екенін әлдеқашан ұмытып үлгерген. Қорабындағы қорқынышты сурет пен жаттанды сөзге жасанды насихат ретінде қарайды. Мәселен, арнайы мамандарға жүгіне отыра темекінің салдарынан ауруға ұшыраған адамдармен сұхбаттасып, экран арқылы әртүрлі тағдырлар көрсетілсе көптеген көрермен ойланар еді. Қадірлі оқырман, сіз темекі салдарынан ауырған адамдарды білесіз бе?