Іс-шараға модераторлық жасаған Оспан қажы Сүлейменұлы: «Ақмола облысының Астрахан ауданына қарасты «Жаңа Құлан» (қазіргі Камышенка ауылының) өңірінің тумасы Сағындық Жайлауұлы деген азаматты бір түнде тұтқындап, үйінен табылған құран кітаптар, көзге түскен жазбаларды тегіс өртеп, қолдарындағы бар құнды заттарын кеңестік жендеттер тартып алып кеткен еді», деп бастады сөзін. «1931 жылы сол кезеңдегі саясаттың кесірінен Сағындық имам «халық жауы» ретінде тұтқындалғаны да мәлім. Артында қалған екі інісі Сағадат пен Сағынай, төрт қарындасы Қадиша, Бикен, Айнажан, Дәмет және жұбайы мен балаларының бастан өткізген қиындықтарын айтып жеткізу қиын.
Сағындық Жайлауұлының ұрпақтары мен 90 жылдан кейін кенже қарындасы Дәмет Жайлауқызының ұрпақтары (жиен, жиеншарлары) көз алдарыңызда танысатын болады», деді жиын модераторы өз сөзінде. Осылайша, ғасырға жуық уақыт бір-бірін білмеген туыстар кітапхана төрінде табысты. Іс-шараға қатысқан азаматтар қасіретті жылдар салған жараның орны ешқашан жазылмайтынын айтты.
«Ақмола өңірінен қасіреттің зардабын шеккен азаматтар аз емес. Еврей жұрты жаһандық соғыста мерт болған алты миллион азаматынан айырылғанын ұмытпай, ғаламның қай түкпірінде жүрсе де, бір минут үнсіздікпен уақытында еске алады. Ахмет Байтұрсынұлы айтқан алты миллион қазақтың тең жартысы кеңестік жүйе саясатының құрбаны болды. Біз осыны ұдайы жас ұрпақтың қаперіне салып отыруымыз керек», деді конференцияда алғаш сөз алған Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп. Бұдан соң сөз Алаш ардақтыларының рухына арналып құран бағышталды.
Кейіннен сөз сөйлеген ҚМБД-ның найб мүфтиі Сансызбай Құрбанұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мақсат Алпысбес, заң ғылымдарының кандидаты Сабыр Қасымов бастаған өзге де азаматтар саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи деректермен бөлісті.
«Бүгінгі конференцияның мәні – халыққа жасалған қиянатты қамтып отыр. Кезінде ғалымдар халықты қырған он алты мемлекетті атаған. Олар 100 миллионнан астам адамды жер бетінен жойған. Әлгі он алтының ішінде адам өмірін ойыншыққа айналдырғандардың көш басында Кеңес Одағы тұрған. Сол өкіметтің жүргізген солақай саясаттың кесірінен миллиондаған адам бақилық болды. Соғыс салдарынан, аштықтан 61 миллион азамат көз жұмды. Біз тарихты ешқашан жадымыздан шығармауымыз керек. Мықты мемлекеттердің архиві ешқашан жабылмайды. Нашар мемлекеттер ғана қылмысты жасырады. Архивті 50-100 жылға жабатын да солар. Қалай болған күнде де біз қуғын-сүргін құрбандарын жадымыздан шығармауға тиіспіз», деді Мақсат Алпысбес өз ойымен бөлісіп.
Жиында сөз сөйлеген өзге де азаматтар тарихта қалған зұлматқа толы жылдардың ақиқаты әлі де ашыла түсетінін жеткізді. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жалғасын таба беретінін де айтты.
Естеріңізге сала кетейік, іс-шараны Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты, Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасына қарасты Білім беруді жаңғырту орталығы, «АЛЖИР» мемориалды-музей кешені бірлесіп ұйымдастырды.