Кеше Үкімет отырысында көші-қон, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және «Халықтық IPO» бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру сияқты бірнеше маңызды мәселе қаралды. Бұл жөнінде отырыстан соң бірден Орталық коммуникациялар қызметіне жиналған Үкімет мүшелері мәлімдеді.
Бұл отырыс бұрынғыдан өзгешерек. Себебі, бұрынғыдай журналистер Үкімет үйіне барған жоқ. Керісінше, отырыс аяқталған соң Үкімет мүшелері Орталық коммикациялар қызметіне жиналған журналистерге келді. Иә, брифинг мінберіне де біреу емес, бірден жеті спикер жайғасты.
Үкімет мүшелерін брифингке бастап келген Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе Қазақстан Президентінің осы жылдың 18 сәуірінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында берген тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары болғанын атап өтті. Бұл мәселе бойынша Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қосымша баяндап, ведомствоның үстіміздегі жылдың 1 маусымына дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы мен Конституцияның 20 жылдығын өткізу бойынша ұлттық жоспар шаралары жобасын жасайтынын жеткізді.
Ал келесі мәселе «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша сөз қозғалғанда Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықова бағдарлама іске қосылғаннан бері, яғни 2005 жылдан бастап 44 млн. түп ағаш отырғызылғанын атап өтті. Оған сондай-ақ, 200 мыңнан астам жас қатысқан, 11 мың гектар жер өңделген. Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Үкімет отырысында «Жасыл ел» бағдарламасын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарын таныстырғанын тілге тиек етті. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2013 жылы республикалық бюджеттен бағдарламаны қаржыландыру көлемі 212 млн. теңгені құраған. 2014 жылға қаржыландыру шамамен 2 есеге артып, 404 млн.-ға жуық теңгені құрап отыр. Жергілікті бюджеттен 2013 жылы – 317,9 млн., 2014 жылы 303,6 млн. теңге бөлінген.
Үкімет отырысында қаралған мәселелердің ерекше маңыздысы көші-қон туралы болған. Бұл туралы брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндады. Министрдің мәліметінше, осынау ағымға қарағанда солтүстік аймақ тұрғындары 2050 жылға қарай 900 мың адамға кеміп, есесіне оңтүстік өңірлерде халық саны 5,2 миллионға артады. Осыған орай, ішкі және этностық көші-қонды, шетелдік жұмыс күшін тартуды қарастыратын көші-қон заңын жетілдіру көзделуде.
Елімізде оралмандар үшін азаматтық алу мерзімі қысқартылады, деді Т.Дүйсенова. Біріншіден, этникалық қазақтар өңірді өздері таңдайды, қандай өңірге келсе де, оралман мәртебесі барлығына тағайындалады. Екіншіден, «төлеу қабiлеттiлiгi» жөнiнде еш дәлелдеме талап етілмейді, үшіншіден, азаматтық алу мерзімі 1 жылға дейін қысқартылады. Ал министрлік еңбек ресурстары талап етілген өңірлерді анықтайды. Министрдің айтуынша, осыған дейін шетелден келген қандастарымыз оралман мәртебесiн алу үшін 7 жыл күтуі тиіс болатын. Этникалық мигранттар мемлекет анықтаған өңірлерге келген жағдайда ғана оралман мәртебесіне ие болды. Ал, өз бетімен келген оралмандар мұндай мәртебеге ие болған жоқ. Бұдан өзге, оралмандар үшін өз төлеу қабілеттілігін дәлелдеу бойынша міндеттеме болды. Бұдан өзге, ол еңбек ресурстары тапшы өңірлерге келген жағдайда оралмандар үшін әлеуметтік пакеттер қарастырылатынын жеткізді. Бұл пакетке, алдымен, жолға, жүк алуға жәрдемақы енгізіледі және арендалық ретінде 5 жылға қызметтік тұрғын үй ұсынылады. 5 жылдан кейін жекешелендіре алады.
«Квотадан бөлек қосымша балдық бағалау енгізіледі, бұл квотадан тыс біздің отандық тауар өндірушілер, ең алдымен, АӨК, өңдеуші өнеркәсіпке, геологиялық барлауға қатысты, бұл мамандар үлгіге айналдырылған кәсіптер тізілімі аясында Қазақстанға келген шетелдік жұмыскерлерді тарта алуы тиіс», деді Т.Дүйсенова. Сонымен қатар, ол шетелдік мамандарды еңбекпен қамту кезінде олардың біліктілік деңгейі мұқият қаралатынын атап өтті. «Шетелден мамандар квота бойынша тартылатын. Әрбiр жұмыс берушi қажеттi мамандарға қатысты өз өтiнiмiн беретiн. Қазiр оған жаңа өзгерiс енгiзiп отырмыз. Республика бойынша қажет мамандықтар бойынша шетел азаматтары келуi мүмкiн. Бiрақ, олар мамандыққа өздерiнiң сай екендiгiн дәлелдеп беруi қажет. Бұл мақсатта балдық баға беру деген жаңашылдықты енгiзiп отырмыз», деп түсіндірді министр.
Брифингте бұдан соң Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова «Халықтық IPO» бағдарламасы шеңберінде «КЕГОК» АҚ-ты қазақстандық қор нарығына шығаруға дайындау шаралары туралы хабарлады. Компанияны «Халықтық IPO»-ға шығаруға дайындау үздік халықаралық тәжірибелер негізінде жүзеге асырылады. Ал жұмысқа жетекші отандық және халықаралық компаниялар тартылған.
«Халықтық IPO» бағдарламасы аясында «KEГOК» АҚ акцияларын ішкі қор нарығында жаппай орналастыру 2014 жылдың желтоқсанында өтуі мүмкін, деді Е.Бахмутова. Жалпы алғанда, «КЕГОК» компаниясының қор нарығына шығуы бойынша қабылдаған шараларын Үкімет қолдаған. Бар кедергілерді ағымдағы жылдың соңына дейін жою үшін қолдау көрсетуге ниет білдіріліпті. Осылайша, тарифтік реттеу параметрлері бойынша әдістердің соңғы шешімінің заңнамасына қажетті өзгертулерді енгізген соң компания акциялары биылғы жылдың желтоқсанында қаржы биржасында саудаланады деп болжауға негіз бар. Компания акцияларының табыстылығына келер болсақ, қор орналастырылатын қағаздардың кірістілік мөлшерлемелерін екінші деңгейлі банк депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерінен төмен емес деңгейде қамтамасыз етуді болжап отыр.
Брифинг барысында сондай-ақ, Үкімет отырысында қаралған тағы бір мәселе – тамақ өнеркәсібін қолдау, сондай-ақ «Жол картасы» шеңберіндегі бірінші кезектегі шаралар ретінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баяндады.
«1 мамырға дейiн Үкiмет шығындарды субсидиялау ережелерiн қабылдауы тиiс. Бұл бұған дейiн қолданылмаған жаңа механизм әрi оның нарықтағы қажеттiлiгi жоғары. Ол инвестициялық жобаны iске асыру барысында кәсiпкердiң шығынын өтеуді көздейді. Өз ресурстары есебiнен iске асырылған инвестициялардың бiр бөлiгi кәсiпкерлерге мемлекет бюджетінен қайтарылады. Бұл тауардың өзiндiк құнын төмендетiп, бәсекелестiктi арттыруға және қайтарым мерзiмiн арттыруға, ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң тиiмдiлiгiн арттыруға мүмкiндiк бередi», деді А.Мамытбеков.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».