Негізгі тестілеу өткен айдың ортасында, анығы 16 мамырда басталған болатын. Талапкерлер 5 шілдеге дейін тест тапсырады, өйткені олар тестілеу орны мен уақытын өздері таңдады. Осы орайда «Аралық қорытынды қандай?» деген сұрақ туады. Ұлттық тестілеу орталығының дерегіне сүйенсек, негізгі тестілеу басталғаннан бері қатысуға өтініш білдірген 2 90 мыңға жуық талапкердің 90 мыңнан астамы тест тапсырыпты. Олардың ішінде түлектердің 74,7%-ы қазақ, 25,2%-ы орыс, 0,1%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Тест тапсырғандардың 67%-ға жуығы шекті балл жинады. Ал орташа балл 65-ті құрады.
Академиялық адалдықты сақтау мақсатында талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланды. Яғни әрбір ҰБТ қатысушысының жеке тест нұсқасы болады. Ережелерді бұзған және тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға талпынған тестіленушілердің нәтижелері жойылады. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев негізгі тестілеу мерзімі аяқталмаса да, өз орнына басқа адамды кіргізу фактісі тіркеліп үлгергенін жеткізді.
«Былтыр Face ID жүйесі мен бақылауды күшейтудің нәтижесінде бөгде адамдарды кіргізуге тырысқан 18 жағдай анықталған еді. Биыл біз алғаш рет бөтен адамдарды кіргізуге тырысу фактісін тіркедік. ҰБТ-ның үшінші аптасында қатысушы өзінің орнына басқа жеке тұлғаны жіберген. Бұған тиісті іс-шаралар қабылданды, тестіленуші мен тестілеуге кіруге талпынған бөгде тұлға бойынша дерек құқық қорғау органдарына жіберіледі», деді Р.Емелбаев.
Орталық өкілінің мәлімдеуінше, 119 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өткісі келгенінің салдарынан тест тапсыра алмады. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 118 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
Алдағы уақытта тест тапсыратын талапкерлердің есіне сала кетейік, ҰБТ-ға кіргізу үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылады. Алдымен Face ID жеке басын сәйкестендіруден өтеді. Содан соң жеке куәлік бойынша тексеріліп, кейін отырғызу орнында тағы жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. Бұған дейін тестілеу процесін әр компьютердің жоғарғы жағынан бақылап тұратын бір камера ғана болса, енді тестіленушінің жеке басын сәйкестендіретін, сондай-ақ бөгде адамдардың кіруіне жол бермейтін екінші (фронталды) камера орнатылған. Егер тестілеу нәтижесі көңілден шықпаса, талапкерлер тест тапсырып болғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданған соң тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, талапкерлердің, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Сонымен қатар олар үшін арнайы сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар тест тапсырушылар саны артып келеді. Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала қатысса, биыл үш апта ішінде тестілеуге ерекше білім беру қажеттілігі бар 310 бала тест тапсырды.
Биылдан бастап талапкерлерге ыңғайлы болу үшін ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейінді пәндерін еске салатын SMS жолданатын болды. Хабарлама ҰБТ-ға қатысушылардың өздеріне, сондай-ақ кәмелет жасқа толмаған тестіленушілердің ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жіберіледі.
Биылғы негізгі тестілеуде жоғары балл жинағандар бар. Соның бірі – Түркістан облысынан қатысқан Мадина Жұмадолла. Ол тестілеу сұрақтарының мектеп бағдарламасынан келгенін айтады.
«Бұл ҰБТ осыған дейін қаңтар, наурыз айларында тапсырған тестілеуге қарағанда күрделі болды. Дегенмен тест сұрақтарының барлығы мектеп бағдарламасында өткен, кітаптан оқып дайындалған тақырыптардан келді. Сондықтан маған ҰБТ қатты қиынға түспеді. Әрине, тестілеу кезінде қобалжығаныммен, өзімнің жоғары балл жинайтыныма сенімді болдым. Арнайы онлайн курсқа жазылып, жыл бойына үздіксіз дайындалдым. Бәрінен бұрын өзім оқыған «Дарын» мектебі жақсы білім базасының қалыптасуына көмектесті. Мектептің берген білімі мен қосымша курсқа қатысып дайындалудың нәтижесінде осындай нәтижеге жеттім. Таңдау арқылы химия, биология пәнін таңдадым, себебі жалпы медицина бағыты бойынша оқуға түсуді жоспарлап отырмын. Ал университетті әлі нақты таңдамадым», дейді М.Жұмадолла.