Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, үміткерлер білім беру бағдарламалары тобы, үміткерлердің тестілеуді өткізу тілі мен орнына өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін өзгерістер енгізе алады. Тестілеу күні туралы ақпарат үміткердің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Ал кешенді тестілеу 20 шілдеде басталып, 10 тамызға дейін жалғасады.
«Кешенді тестілеу электронды форматта өткізіледі және үш бөліктен тұрады: шет тілі, оқуға дайындықты анықтау және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Оған 4 сағат беріледі. Шет тілін білу деңгейін растайтын халықаралық сертификаттары болса, үміткерлер шет тілінен тест тапсырудан босатылады», деп түсіндірді ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Талапкерлерге магистратураға түсу үшін білім беру бағыттарының сәйкестігін анықтау бойынша нұсқаулықтар енгізілді. Бұл білім беру бағдарламаларының сабақтастығын, үздіксіздігін сақтау және бакалавриат мамандарын даярлау сапасын арттыру үшін қажет. Сондықтан белгілі бір білім беру бағдарламасына құжаттарды тапсырар алдында талапкерлер университеттің қабылдау комиссиясымен кешенді тестілеудің форматы және таңдалған білім беру бағдарламасы тобының талапкер алған мамандыққа сәйкестігі туралы кеңесуі қажет. Кеңесті университеттің виртуалды қабылдау комиссиясынан да алуға болады.
Биыл ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, мамандандырылған магистратураға түсу үшін – 50 балл.
Кешенді тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда, үміткерлер тестілеуден өткеннен кейін онлайн апелляцияға бере алады.
2022-2023 оқу жылына арналған магистратураға мемлекеттік білім беру тапсырысы 13 мыңнан астам грант екенін еске сала кетейік.