Салтанатты іс-шара жас жауынгерлердің туған-туыстарының, қоғам өкілдерінің, Қарулы Күштер ардагерлерінің қатысуымен өтті. Жас жауынгерлерді осы атаулы күнмен құттықтау кезінде әскери бөлім басшылары әскери қызметтің әрбір жауынгерге жүктелген құрметті міндет және зор жауапкершілік екенін атап өтті.
– Әскердегі бір айдың ішінде көп нәрсені ойыма түйдім. Отанды қорғау – ол нағыз ер жігіттің міндеті екенін түсіндім. Мен осы уақыт ішінде дене даярлығымды шыңдап, өз ісіме жауап беріп, мықты бола білдім. «Ант» сөзін мен шын жүректен ұғынып айттым және әскери міндетімді бар жан-тәніммен орындаймын. Теңізге шығуды асыға күтемін, ол жердегі қызметім қызықты өтетініне сенімдімін, – деді Нұр-Сұлтан қаласынан Әскери-теңіз күштеріне шақырылған матрос Абылайхан Әділ.
Ант қабылдағаннан кейін әскери қызметшілер жас жауынгер курсында үйренген қаруды қолдану, саптық дайындық және жекпе-жек тәсілдерін көрсетті.
Салтанатты рәсімдерден кейін іс-шараның қонақтары мен сарбаздардың ата-аналарына жас жауынгерлердің оқу сыныптары, казармалары, асхана мен спортзалдары көрсетіліп, әскери бөлімдерге экскурсия ұйымдастырылды.
Бөлім командирлері сарбаздардың ата-аналарымен әңгімелесіп, қызықтырған сұрақтарына жауап берді.