Елорда • 13 Маусым, 2022

«Абай жолымен» концерті

323 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің концерт залында Абай облысының Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясы елорда жұртшылығына «Абай жолымен» атты шығармашылық бағдарламасын ұсынды.

«Абай жолымен» концерті

Бұл аты мен заты ерекше концерт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен құрылған Абай об­лысының ресми ашылуы кезеңіне және әлемдік дең­гей­дегі заңғар жазушы Мұх­тар Әуезовтің туғанына 125 жыл тоуына арналды.

 «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дегендей, дәл сол күні Еуразия университетінің әлемдік QS World University Ran­kings рейтингі бойынша 277 орынды иеленгені мәлім етілді. Дүниежүзінің үздік 3 мың уни­верситеті арасынан осылай ал­ғы шептен көріну – тамаша жетістік! Бұл – Қазақстан жоғары білімінің абыройы.

Жаңа Қазақстанмен бірге қайта жаңарған Абай облы­сындағы Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филар­мония – 77 жылдық тари­хы бар өнер ұжымы. Әу баста оның іргетасын қала­ған ән­ші-күйшілердің шығар­ма­шы­лығын классик-жазушы Мұх­тар Әуезовтің өзі тамаша­лап, жоғары баға бергені де мәлім.

Өнер ұжымы кейін, 1965 жылы «облыстық мемлекеттік филармония» мәртебесін алды. 1969 жылдан атақты әнші Әміре Қашаубаевтың есімін ие­ленді. Аталған мемлекеттік филармонияның тарихы мен өнер тағылымы айрықша. Мә­дениет Ешекеев, Болат Сы­банов, Дауыл Хайруллин, Кел­денбай Өлмесеков, Роза Бай­далина, Мәулен Масалимов, Мархаба Керімқұлова, Сағи Ме­кішов, Мырзағали Ай­да­бо­лов, Рахымбек Ноғайбаев, Жолдыбай Дәстенов, т.б. бұ­рынғы-кейінгі семейлік шығар­машыл тұлғалардың есімі отан­дық мәдениет тарихына енгенін мақтанышпен айтуға болады.

Соңғы жылдары филармонияны басқаруға ЕҰУ-да қызметте шыңдалған Қазақ ұлттық музыка акдемиясының түлегі, мәдениеттану магистрі, танымал күйші Айбек Бекбосын басқарып жүр.

«Абай жолымен» концер­ті аталған филармо­нияның «Бибігүл қазақ халық аспаптар оркестрі» сүйемелдеген А.Бекбосынның ұлы Абай мен оның ақындық айналасына, даңқты абайтанушыларға ар­налған «Телғара» күйімен ашылды. Жиналған елорда зиялылары мен оқытушы-ғалымдар сахнада өнер көрсеткен дирижерлер – Нұрлан Төкей, Әділет Серіков, әншілер – Мапруза Өтуленова, Еркебұлан Мұсаев, Гүлдана Ноғайбаева, Әйгерім Тоқтыбаева, Әйгерім Әшірова, Дина Исбекова, Кенжегүл Ақ­шекина, Жасұлан Тәжиев, домбырашылар – Әділет Се­ріков, Ерзат Мағуфаров, Думан Нұрқамысов, Ерболат Талапхан, т.б. ізденісі мен тал­ғамына, сезім пернесін дөп бас­қанына риза болды. Ұлы Абайдан бастап отан­дық композиторлардың, әлем­­дік тұл­ғалар­дың класси­ка­лық мұрасы шыр­қал­ды. Со­нымен бірге Нұрбек Өмір­беков пен «Дала үні» ака­пел­­ласы орындаған М.Ду­лат­­ұлының «Алаш маршы» жұртшылықтың елдік рухын шыңдай түсті.

Ә.Қашаубаев атындағы мем­­лекеттік филармония өнер­дегі және руханияттағы Абай жолын, Мұхтар дәстүрін жаңа деңгейде әкелгеніне куә бол­дық. Кеш соңында университет ректоры Ерлан Сыдықов елорда жұртшылығы атынан Ә.Қашаубаев атындағы мем­лекеттік филармония ұжымына ризашылығын жеткізді.