23 Сәуір, 2014

Оңтүстік Қазақстанда «Балапанның» несібесіне ортақтасқандар анықталды

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

BenQ Corporation

ШЫМКЕНТ. 23 сәуір. Оңтүстік Қазақстан облысында «Балапан» бағдарламасына қатысты көптеген заң бұзушылыққа жол берілген. Облыстық прокуратура қызметкерлері анықтағандай, бюджет қаржысы, дүние-мүлік талан-таражға түскен. Бұл туралы «Экспресс К» хабарлады. Облыстың Мақтаарал, Сайрам және Сарыағаш аудандарына жүргізілген тексерулер барысы мектепке дейінгі даярлау мекемелерінде аты-жөні тіркелген, бірақ өзі «көрінбейтін» балалардың бар екені белгілі болды. Мәселен, Мақтаарал ауданындағы «Ализа-Аян» балабақшасында 2012-2013 жылдары Құралтай атты ұл бала мекеме есебіне алынып, сол үшін мемлекет тарапынан 206 мың теңге бөлінген. Ал шын мәнінде ондай бала балалар бақшасының табалдырығынан да аттамаған. Осылайша, Құралтайдың қажетіне жұмсалуы тиіс қаржыны мекеме басшысы именбей иемденген тәрізді. Дәл осыған ұқсас жағдайлар бірнеше балалар мекемесінде кездескен. Енді тиісті орындар осы келеңсіз әрекеттерге байланысты түбегейлі тексеру жүргізіп, күдіктілердің үстінен қылмыстық іс қозғамақ. Ал Төле би ауданындағы «Алатау» атты мектептің жанындағы шағын орталықтың қызметкерлері арасынан үйінде жатып еңбек ақы алатын пысықай табылған. Мәселен, шағын орталықта жұмыс істейтін Исатаев деген азамат директордың «мырзалығы» арқасында  шыбық басын сындырмай-ақ осы уақытқа дейін барлық жиынтығы 311 мың теңге жалақы алған. Тексерістен кейін іле мекеме жетекшісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ал көрсетілген, яғни, заңсыз төленген қаржы түгелдей мемлекет есебіне қайтарылды. Ордабасы ауданындағы «Раушан» бала-бақшасын тексергенде, құны 3 млн. теңгені құрайтын дүние-мүліктің жоқ екені анықталған. Яғни, арнайы бөлінген қаржыға қажетті жабдықтар сатылып алынбаған немесе мекеме басшылығы иемденген. Осы заңсыз тірлігі үшін «Раушан» бала-бақшасының меңгерушісі шартты түрде 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Жолдыбай Базар. Дереккөз: «Экспресс К». Фото: Oo.ss.kz.