Әрине, тіршілік болған соң тұрмыстық қатты қалдықтар болады. Оған дау жоқ. Ал заңдастырылған орын болмағаннан кейін бұл аудандардың тұрғындары қалай амалдауда?! Бар қалдық, лас дүние ауыл-аймақтың іргесінде ақжаңқа болып шашылып жатыр. Жалғыз қалдық қана емес, малдың, ит-құстың өлексесі. Мал өлексесін бос жүрген ит жеп, ауру таратпасына кім кепіл?!
Таяуда Бурабай ауданына қарасты Атамекен ауылдық округінің Шиелі ауылының тұрғындары дабыл қақты. Курортты аймақтың етегін баса қоныстанған елді мекеннің маңы адам көргісіз. Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, іргедегі Макинск қаласының кейбір кәсіпорындары мен тұрғындары тұрмыстық қалдықты осы ауылдың маңына әкеліп төге салатын көрінеді. Сәл жел тұрса қолқаны қабатын сасық иістен дем алу мүмкін емес. Іле округ әкімі Қанай Есекеймен сөйлестік. Әкімнің айтуына қарағанда, округтегі алты елді мекен кезек-кезегімен тазалануда. Әйтсе де бұл мақсатқа арнайы қаражат бөлінбегендіктен үлгере алмай жатқан көрінеді.
Дәл осындай көрініс жалғыз Шиелі ауылында ғана емес, облыстың бірқатар елді мекенінде орын алып отырғанын айтуға тиістіміз. Бір сөзбен айтқанда, экология мәселесі ушығып тұр. Қоқыс полигондарының жай-күйі ертеден айтылып келе жатқанымен, әлі бір жүйеге түспегені, тәртіпке көндікпегені өкінішті. Шалғайдағы шағын ауылдардағы жылдар бойы қордаланып қалған мәселені былай қойғанда, табиғаты тамылжыған Бурабай баурайының айдай әсем ажарына сызат түсуде. Осы арада тұрғындардың да жауапкершілігі болуы керегін айта кеткен жөн. Осылайша, қалдықтарды бөлек жинау, өңдеу және түпкілікті табиғатқа да, адамға да зияны тимейтіндей етіп көму қолға алынбай отыр.
Қазір өңірде 130 қатты тұрмыстық қалдықтар үйіндісі бар. Оның 24-і ғана заңдастырылғандығын жоғарыда айтып өттік. Он ауданның орталығында заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар үйіндісі жоқ екенін ескеретін болсақ, осы бір өзекті мәселеге қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын аңғаруға болады. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл мәселенің шешілмеуі жобалық құжаттаманың қымбаттығында екен. Егер осы мәселе шешілсе, өңірде полигондар салына бастамақ. Бірақ оның да өз тәртібі бар. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының астынан жерасты сулары өтпеуі керек. Алдымен осы жайды мұқият анықтаған жөн.
Заңсыз, бейберекет пайдаланылып жатқан қоқыс үйінділері жыл сайын жойылып жатады. Санитарлық абаттандыру айлықтары да ұйымдастырылуда. Бірақ қиын түйіннің күрмеуі шешілер емес. Биыл тазаласа, ендігі жылы тұрғындар тағы бір жерден заңсыз тұрмыстық қалдық төгетін орын тауып алады. Осы арада жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың аз екенін мойындауға тура келеді. Осындай немкеттіліктің салдарынан коммуналдық қалдықтарды полигондарда жинау, тасымалдау, орналастыру бойынша заман талабына сай инфрақұрылым болмай отыр.
Соңғы жылдары «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ» АҚ көмегімен тұрмыстық қалдықтарды рұқсатсыз төгу оқиғаларын анықтау жүзеге асырылуда. 2020 жылы геопортал арқылы осындай 1 593 қоқыс орны анықталып, 920-сы жойылған. Бірақ өкінішке қарай, рұқсат етілмеген полигондар қайтадан пайда болып, табиғатқа залалын келтіруде.
Өңірдің өңін кетіріп тұрған экологиялық проблемаға бірқатар ауданда кәріз тазарту құрылыстарының болмауы немесе оның жеткіліксіз тазалануы себеп болуда. Биыл алғашқы бес айда мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі 52 табиғат пайдаланушының жұмысын тексерді. Тексеріс нәтижесінде бірқатар заң бұзушылық анықталып, 13 ұйғарым жасалды. 175 млн теңгеден астам айыппұл салынды, оның 21 млн теңгеден астамы өндіріліп алынды. 154 млн теңгеге тағы бір әкімшілік айыппұл мәжбүрлі түрде өндірілді.
Атмосфераны бақылау бойынша жыл басынан бері өнеркәсіптік кәсіпорындар да тексерілген. Бұл орайда да бірқатар заң бұзушылық белгілі болып отыр. Оларға да қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қолданылды. Су ресурстарын қорғау бағытында да тексерулер жүргізілуде. Облыс кәсіпорындарынан 30 сынама алынып, 1 544 анықтау сараптама жасалған. Ішінара тексеріске алынған су сынамаларынан ингредиенттік құрамның мөлшерден тыс 128 жағдайы анықталған.
Целиноград ауданының сумен жабдықтау коммуналдық кәсіпорнының сарқынды суларды жеткіліксіз тазартатыны анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша жасалған ескертуден кейін кәсіпорын тазарту жабдығын алмастырып, жөнге келтірді. Бурабай ауданында алдын алу, бақылау қорытындысы бойынша қаланы жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорынның атмосфераға лас заттарды шығарып жатқаны белгілі болды. Дер кезінде кемшілік жойылғаннан кейін курортты аймақтың ауасына кері әсерін тигізу тыйылды.
Ауыл-аймақтың маңайын мұнтаздай таза ұстап, төл табиғатымызға тағылық жасамай, аялай білу үшін ең алдымен, жалпақ жұртты жақсы іске ұйымдастыра білу керек. Әрине, экология мәселелерін кеңінен талқылайтын әрқилы дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізілуде. Бір ғана мысал келтіре кетелік, өңірде 24 сәуірден бастап «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізілді. Сәуір айының өзінде ғана осы акцияға 35 мыңнан астам адам қатысып, елді мекен маңынан 7 152 текше метр қоқыс жиналып шығарылды. Жаз бойы өзен-сулардың бойында рейд ұйымдастырылып, табиғат аясында демалушыларға ұқыпты болу туралы әңгімелер өткізіледі. Дегенмен қыруар жұмыс қамтылып жатқан тәрізді бола тұра, қоқысқа батқан, айналасы адам көргісіз елді мекендер әлі де бар.
Біздіңше, қордаланып қалған қыруар мәселенің жалғыз-ақ шешуі бар. Бұл – заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу.
Ақмола облысы