Үкімет • 14 Маусым, 2022

Елімізде құрылыс жұмыстарының көлемі артты - Әлібек Қуантыров

220 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің 15 өңірінде құрылыс жұмыстарының көлемі артты. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Елімізде құрылыс жұмыстарының көлемі артты - Әлібек Қуантыров

Оның айтуынша, 5 айда құрылыс секторының өсу қарқыны жеделдеп, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,9 пайызға артты. Көрсеткіштің оң өсімі 15 өңірде тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Ақмола мен Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалып отыр.

«Осы жылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 3,4 пайызға өсіп, 4,7 млн шаршы метрді құрады. Оң динамика 13 өңірде тіркелді, олардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент қаласында, сондай-ақ Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарында байқалуда», деді ол.

Министр есепті кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 1,3 пайызға ұлғайғанын айтты.

«Саладағы өндірістің оң өсуі 11 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары көрсетті. Ең төмен көрсеткіш Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында байқалуда», деді Әлібек Қуантыров.

Аяна Тоғанбек