Ғылым • 14 Маусым, 2022

Ғылым мен тәжірибенің нақты үйлесімі

374 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ғылым мен тәжірибенің нақты үйлесімі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының сессиясында: «Қарапайым заттардан бастап, күрделі ой-тұжырымдарға дейін, барлығы да  ғылымның жемісі. Шын мәнінде, ілім-білім арқылы бүкіл жаратылысты терең танып білеміз», деген еді.

Инновациялық жүйенің тиімді дамуы үшін ғылыми-зерттеу қызметін барынша күшейту қажет.

Елімізде инновациялық жүйені қалыптастыру мен оны дамыту үшін  жоғары оқу орындарына маңызды міндет жүктеліп отыр.  Негізінде университеттердің негізгі міндеті – студенттерді, магистранттарды, докторанттарды тәрбиелеу және түрлі ғылыми зерттеулер жүргізу. Алайда, жоғары оқу орындарының көпшілігінде, нақтырақ айтқанда, экономиканың аграрлық секторы үшін кадрлар даярлауды жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу бағыты төмен деңгейде қалып отыр. Ондай білім ошақтарында толыққанды өндірістік тәжірибелерді өткізуге арналған технологиялық алаңдар мен тәжірибелік алқаптар, (тәжірибелік жер учаскелерінің) өндіріс орындарының жетіспеушілігі байқалады. Бір сөзбен айтқанда бүгінгі таңда  жоғары оқу орындарының көпшілігінің ғылыми ұйымдармен байланысы жоқ. Сондықтан профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми зерттеулерге деген қызығушылықтары да аз болып отыр. Оқыту мен ғылыми-зерттеу процестерінің бір-бірінен ажырап кетуі дарынды студенттер, магистранттар, докторанттар мен тәжірибелі зерттеушілер арасындағы шығармашылық байланыстың үзілуіне әкелді. Салдарынан біздегі ғылым ақсап, өндіріс отандық ғылымнан ажырап қалды.

Әлемнің жетекші зерттеу университеттерінің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, көптеген танымал инновациялық компаниялардың пайда болуы мен олардың негізін қалаушылардың басым көпшілігі студенттік шақтан бастап ғылыми-зерттеу қызметімен айналысып, өзіндік ой-пікірлерін қалыптастырған жандар. Олар жас кезінен жоғары оқу орындарының қабырғасында ғылыми-зерттеудің ең маңызды құрал екендігін түсінген. Сондықтан компания ең алдымен коммерциялық атмосфераға өтпей, оның құрылтайшыларының табысқа жетуі мүмкін емесін түсінді. Демек жас маман қолына құжат алған кезде ғылым мен коммерциялық тұрғыда білікті болып шығуы шарт.  

Осыған сай біздегі зерттеу университеттері студенттерге білім мен дағдыларды дарыта білуі тиіс.

Іргелі теориялық білім беру мен  тәжірибеде апробациялау зерттеу университеттерінің білім беру бағдарламаларын әзірлеуде басым мәнге ие. Яғни зерттеу университеті – еліміздегі ғылыми-зерттеу институттарының симбиозы.

Осы ретте А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы өзіндік үлгі көрсетіп отыр. Орталық соңғы бірнеше жылдың көлемінде жоғары нәтижелерге қол жеткізе бастады. Қазіргі уақытта университет пен ғылыми-зерттеу институттарының жетекші ғалымдарын тарта отырып, 8 кешенді ғылыми-техникалық бағдарламаны жүзеге асыру барысында бірлескен ғылыми жұмыстар атқарылуда. Алғашқы нәтижелер де жаман емес. Тек А.И. Бараев атындағы орталық қана емес өзге де еншілес ұйымдармен де  бірлесіп, жалпы ғылыми бағытта ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруда. Бұл экономиканың аграрлық секторы үшін кадрларды даярлауда ерекше мүмкіндік әрі жетістік деп айтуға болар еді. Елордадағы С.Сейфуллин атындағы аграрлық университеттің еншілес ұйымы ретінде қайта құрылған орталық осы екі жыл ішінде университетпен бірге студенттердің құзыреттілік орталығы құрылды.  Онда 50-ден астам магистрант, 10 докторант, «Агрономия», «Топырақтану және агрохимия», «Өсімдіктерді қорғау және карантині», «Селекция және тұқым шаруашылығы» салалары бойынша білім беру бағдарламалары негізінде, өндірістік тәжірибелер жүргізіліп, жастарды ғылыми бағытқа баулу үстінде. Ал жастармен бірге  оқытушылардың өзі  зертханалар мен өндірістік алқаптарда тәжірибеден өтеді. Бұл саланың жандануы барысындағы аса үлкен мүмкіндік.

а

Осылайша жастар орталыққа келген сәттен бастап ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа перспективалы сорттарын жасау әдістемесін өсіру, төсеу және далалық тәжірибелерді жүргізудің барлық технологиялық процестеріне қатыса алды. Олар Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің бюджеттік бағдарламалары бойынша университеттің және еншілес ұйымдардың технологиялық платформаларын пайдалана отырып және республиканың агроөнеркәсіптік кешенінің шаруашылық жүргізуші субъектілерімен бірлесіп ғылыми-техникалық бағдарламаларды жүзеге асырады. 

Бұдан бөлек, Орталықтың ғылыми қызметкерлері кандидаттық және докторлық диссертацияларды басқарумен айналысады. Яғни, ғылым-білім мен өндірістің ұштасуы бұрынғыдан да тығыз әрі тиімді бола түсуде.

Жоспарланған стратегиялық міндеттерді одан әрі ілгерілету және Орталықтың тұрақты қаржылық жағдайына қол жеткізу үшін университетпен бірлесіп материалдық-техникалық базаны жаңарту, инфрақұрылымды дамыту және ғылыми қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында мемлекеттік инновациялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары басталды. Осылайша жобаларды іске асыру аясында 250 орындық пәтер үлгісіндегі жатақхананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Ақпараттық ресурстар қарқын алып ұйымның ғылыми кітапханалары желісі біріктірілді. Бұл өз кезегінде ғалымдар мен білім алушылардың еш кедергісіз ізденуіне мүмкіндік беріп отыр. Орталықта соңғы бірнеше жыл ішінде  13 мамандандырылған және 5 талдау зертханасы заманауи құрал-жабдықтармен және қажетті аспаптармен жабдықталуда. Ғылымның нәтижесін көру үшін зертханалардың жұмысы кедергісіз болуы міндетті. Бұл ғалымдардың орталыққа қойып отырған талабы.

Осы қысқа мерзімде Орталықтың ғылыми зертханаларына болашағынан зор үміт күттірген жас ғалымдар келді. Олардың көпшілігі халықаралық деңгейде тағылымдамадан өтіп, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында білім алды. Жас ғалымдарымыз халықаралық ғылым тілі саналатын – ағылшын тілін жетік меңгерген. Еліміздің ғылыми әлеуетін нығайта отырып өздерінің тәжірибесін дәлелдеу мақсатында келген жастар астаналық агротехникалық университеттің нұсқауымен жұмысқа орналасты. Олардың қатарында 15 ғылыми қызметкер, оның ішінде 5 PhD докторанты мен магистранттар шақырылды. Орталыққа жас мамандардың келуі арқасында жас ғалымдардың басымдығы 35 пайызға дейін өсті. Жас зерттеушілер университеттің бюджеттен тыс қаражаты есебінен жеке ғылыми гранттар жүйесі бойынша конкурстарға қатысып жатыр. Бір жылдың ішінде гранттық қаржыландыру жобаларының жас ғылыми жетекшілерінің саны үш есе өсті. Бұл мемлекеттің Кәсіпорындарды дамыту бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып отыр.

Агротехникалық университеттің жас ғалымдарының бастамасымен Дамса ауылының тұрғындарымен серіктестік негізінде жүзеге асырылып жатқан «Құс: Ауладан дастарханға дейін», бал конвейері және т.б. бірқатар бірлескен әлеуметтік жобаның маңыздылығы ерекше болып отыр. Серіктестікке мүше болып отырғандардың басым көпшілігі шаруашылықтарда жұмыс жасайтын ауыл тұрғындары. Бұл бастамалардың барлығы Жас ғалымдар кеңесінің қарқынды жұмысының нәтижесі деп айтуға болады. Бүгінде ғылыми зерттеу университетінде жас ғалымдардың үлес салмағы  33%-ды құрайды. 2024 жылға қарай бұл көрсеткішті 43 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Демек жас ғалымдардың әлеуметтік те қаржылық та әлеуеті көтеріледі деген сөз.

Орталықтың қызметкерлері мен ауыл тұрғындары әлеуметтік қызметтерді алғашқы қабылдаушылар қатарына жатады. Осы ретте ауыл тұрғындарына қолдау көрсету де міндеттеріміздің біріне айналды. Еңбек ұжымындағы әлеуметтік әріптестік тәжірибесі де ерекше. Барлығына қамқорлық, барлығына көңіл бөлу Орталық қызметінің барлық әлеуметтік бағыттарының лейтмотиві болып саналады. Тағы бір қоса кететін игі іс жыл сайын республиканың үздік курорттық шипажайларында демалғандар саны артып келеді. Бұдан бөлек 10-нан астам әлеуметтік төлемдерден тұратын әлеуметтік пакет әр қызметкерге арнайы бағытталуда. Мұның барлығы әлеуметтік қолдау мен бірге ғылымды дамытудың алғы шарты негізінде жасалып отырған игі шаралар.

 

Бердібек Хабай