Өнер • 14 Маусым, 2022

Бұзық Пабло

398 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шығармашылық ғұмырын аңызға айналдырған Пикассоның бір отбасының дастарқан басындағы картинасы туралы өткен нөмірде жазған едік. Жалпы, Пикассоның өмірі мен өнері хақындағы әңгіме таусылған ба?.. Қаузай берсең, мың бір түнге жалғасады. Сол Паблоның мектепте аты-шулы бұзық болғанын білесіз бе?.. Ұрынғанның жағасын жұлатынынан бөлек, екі сөздің басын қосып, дұрыс жаза алмапты. Жалпы, әлемге әйдік талантты жандар өнерде жұлдызы жанғанымен, күнделікті тіршілікте «тәртіпсіз», өмірге епсіз келеді. Әйтпесе, «моп-момын» Пикассоның біреуді ұрып несі бар...

Бұзық Пабло

Сөйткен Паблоның болашағына алаңдаған әкесі Хосе (ол да суретші) баласына бұзықтық жасауға мүмкіндік бермей, сурет салдыратын болған. Міне, пикассолық дәуірдің қайнар көзі осы тұстан басталады. Есте сақтау қабілеті мықты Пабло бір көрген адамның портретін бірден қағаз­ға түсіретін. Хосе де ұлының таланты өзінен асып түсе­тінін байқап, суретшілікке баптай бастады. Табиғатынан талантты, мақтау сүйгіш бала да әке сөзін арман етті. Он үш жасында Барсе­ло­на Көркемсурет академиясына, он алты жасында Мадридтегі Сан Фернандо академиясына қабылданды.

Пикассоның достары да өзі секілді кедей болатын. Олар жиі баратын кафенің қожайыны сурет өнерін жақсы көрген соң мейірім танытып, кейде тегін тамақтандыратын. Ал Паблоға жұлдызы жану үшін тек Париж жетпей тұрғандай көрінетін. Парижге барса, елге танылып, байып кететіндей сезінетін. Барселона кафелерінде ішіп отырып, Париж туралы жиі айтатын. Сөйтіп жүріп Пабло Парижге де жетті. Еңсені басқан бір мұңнан арылғандай еркін өмір сүрді. Тапқан табысын әйелдерге шашып, тіпті кейде нан алуға ақшасы болмайтын. Пикассоны Парижде ешкім менсінген жоқ. Картиналары да өтпеді.

Досы Касагемастың өлімінен соң Пабло түбегейлі өзгерді: зиянды әдеттерінен бас тартып, таңнан кешке дейін тек сурет сала берді. Картина сатумен айналысатын көпес Воллар суретшінің жолын ашты. Пикассоның туындыларын ұнатқан ол көрме ұйымдастырып, сатып жақсы табыс тапты.

Суретшінің кубизм стилімен көп жұмыс істегенін білеміз. Ол ең алғаш бұл жанрда «Авиньон қыздарын» салды. Мұнда жалаңаш жеңіл жүрісті қыздарды бейнеледі. Жалаңаш әйелді салу жаңалық па? Әрине, жоқ. Пикассо әйелдерінің кейбірінің басы жан-жануардың басына ұқсайтын. Сурет өнеріндегі бұл ерекшелікті әркім әрқалай қабылдады. Шынын айтқанда, көбісі шошыды.

Өнертанушылар Пикассо шығармашылығын түрлі кезеңдерге бөледі. Әсіресе, кубизм ағымы­мен салған суреттері жақсы сатылып, суретшінің қалтасын қалыңдатты. «Үш әйел», «Амбруаз Воллардың портреті» картиналары да осы тұста салынған-тын.

Суретші көзі тірісінде әлемдегі ең бай суретші еді. Ол өмірден өткенде байлығы 1 миллиард 100 миллионды құраған. Бір кездерде нан алуға ақша таппаған Пикассо өзі қалаған өмірге ақыры жетті. Өнері жеткізді.

Паблоның өмірде музалары көп болды. Әрине, суретшінің бірнеше махаббат хикаясы ешкімге жаңалық емес. Әлқисса.

Оның есімі – Марсель Умбер. Лақап аты – Ева. Пикассо Еваны шын сүйді, музасы санады деседі. Тіпті Ева бейнеленген картинасын «Жалаңаш әйел, Ева, мен сені сүйем!» деп атаған. Алайда Евамен суретшінің бақытты өмірі ұзаққа созылған жоқ. Ерке Ева ауыр дерттен көз жұмады. Ал биші Ольга Хохловамен бас қосып, ұлы дүниеге келгенде суретші шығармашылығында бір өзгеріс байқалды. Картиналарында күңгірт бояу азайып, жарық пен жылылық көрінетін.

Мария Вальтер есімді бойжеткеннің де Пикассо өміріне қатысы бар. Мария суретшінің көптеген картинасының «кейіпкеріне» айналды. «Айна», «Айна алдындағы қыз» картиналарының кейіпкері – дәл осы Мария. Пикассо қабірінің жанына қойылған «Құмыра ұстаған әйел» мүсінінде бейнеленген әйел де – Мария.

Мариядан кейін Француаза («Әйел-гүл» картинасы Француазаға арналған), одан соң Жаклин Рок. Өмірінің соңғы жылдарында автор негізінен осы Жаклиннің суретін салады.

Сөз басында Пабло Пикассоны күнделікті өмірде «тәртіпсіз» деп «айыптап» едік. Суретші музаларының санына қарап, сол ойға тағы да беки түсесің. Жалпы, тұрақсыздық, әсіресе, өнер адамдарына тән мінез деп жатады. Оның ақиқат екенін әлем тарихында талай таланттар дәлелдеді. Әр муза – сәтті картинаның себепшісі. Суретші ғашықтығынан қалар жалғыз естелік – мың бояу­лы картина. Қыз кеткен, сезім сөнген.