Молдан Әлдербайұлы 1925 жылы 17 желтоқсанда Алматы облысы, Кеген ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Қарабұлақ жеті жылдық мектебін, Жалаңаш орта мектебін бітіріп, 1943 жылы әскер қатарына алынады. Сол кезде нақты жасы 15-ке, құжат бойынша 17-ге толған Молдан Әлдербаев өз өтініші бойынша Кеген ауданындағы әскери комиссариатының шақыруымен майданға аттанады. Оқу мен шыңдалу мектебінен өткен жауынгер 3-Украина майданында 252-ші ерекше тапсырма орындайтын дара батальонда соғысқа қатысады. Оның ұрыс майданындағы жолы Одессадан басталып, Вена қаласына дейінгі Шығыс Еуропа елдерінде жалғасып, өз еліне, туған даласына араға жеті жыл салып оралады. Қан майданнан аман-есен оралған ол алғашқы еңбек жолын Кеген ауданындағы Таушелек орман шаруашылығында қарапайым жұмысшы болып бастайды. 1953 жылы Шығыс-Сібір Орман-техникалық институтын, 1961 жылы Мәскеудегі бүкілодақтық құрылыс-инженерлік институтын бітіреді. ҚазКСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің жүйесіне ауысып, мемлекеттік жоспарлау істерінің меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті құрылыс бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары қызметін атқарады.
Ол 1975 жылы Қазақ Республикасының Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрі болып тағайындалып, өнімді еңбек етті. Молдан Әлдербаев басқарған жылдары аталған министрлік ұлт мүддесі үшін көптеген игі іс атқарды. Көп жылдар бойы шешімін таппай жүрген мәселелердің бірі малшыларды киізүймен қамтамасыз ету еді. Орталық партия комитетінің ерекше қаулысымен, министрдің жеке басының жауапкершілігімен, қарқынды іс-әрекеттердің нәтижесінде екі жарым жылда Үштөбе қаласында қуаты бір жыл ішінде 20000 киізүй шығаратын комбинат салынады. Осындай өндірістік технологиямен киізүй жасау жер жүзінде бірінші рет біздің елімізде болған. Киізүйлер 1980 жылдары Мәскеуде өткен халықшаруашылық жетістіктері көрмесіне қойылып, Алтын медальмен марапатталған. Осы кезеңде ағаш өңдеу, жиһаз жасау өндірісі де жоғары дәрежеге көтеріліп, Югославия фирмаларымен бірігіп, республика бойынша 12 фабрика жиһаздар шығара бастайды. Жиһаздар Жапония, Бельгия мемлекеттеріне экспортқа шығарылады.1976 жылы Министрлер Кеңесінде өткен алқа мәжілісінде Мәдениет министрі Жексенбек Еркімбеков домбыра жасауды қолға алу мәселесін көтерді. Сол жиында Алматы жиһаз фабрикасында домбыра жасайтын жеке цех ашылып, Осакаровкадағы цех кеңейтілуі туралы шешім қабылданды. Осылайша, Үкіметтің домбыра жасау тапсырмасы жүзеге асырылды. Алматы жиһаз фабрикасындағы домбыра жасайтын цех жылына 40 мың, Осакаровкадағы цех 60 мыңға дейін домбыра жасау мүмкіндігіне ие болды (Алматы қаласы МА, №459 қор).
Оның «Қонаевтың қатаң тапсырмасы» атты қолжазба материалында малшыларға киізүй жасау туралы маңызды жұмыстың қалай басталғанынан хабардар боламыз. «Мен 1975 жылы көкек айында Қазақ КСР Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрі болып тағайындалдым. Министрлікке келгеніме бір ай шамасы болған еді, бір күні Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежанов маған телефон соғып, сағат 14:30-де Димекеңнің кабинетіне келуім керектігін хабарлады. Қандай мәселемен деген сұрағыма, ол сізден басқаларды да шақырып жатыр, келгенде білесіз ғой деді. Бәріміз жайғасып отырғаннан кейін, Димекең сөз бастады. «Осы отырған бәрің республиканы басқарып отырған адамсыңдар. Бесжылдық жоспарды орындаймыз, асыра орындаймыз деп жар саламыз. Өндіріс, ауыл шаруашылығы өркендесе, дамыса, бұл ел үшін, халықтың пайдасы үшін дейміз. Сол бесжылдық жоспарларды орындап жатқан негізгі күш кім болады? Ол – осы өзіміздің республикамыздың халқы. Солардың жағдайына неге көңіл бөлмейміз. Әсіресе мына ала жаздай, шөлде, далада, тауда, қысы-жазы ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүрген еңбек адамдарына тек талап қоямыз. Ет бер, сүт бер, жүн бер, басқа да өндіріске керек шикізат бер дейміз. Ал сол еңбекшілердің тұрмыс жағдайына қамқорлығымыз нашар. Жылжымалы сауда дүкендері малды ауылдарға сирек барады, көкөніс, жеміс, шай жеткіліксіз, жылжымалы клуб, кітапхана да сирек барады. Оқушы балалардың мектептен қалмауын қамтамасыз етуді ескеру керек. Малшылардың ауылдағы, қыстаудағы үйлерін жөндеуден өткізуді басты міндет деп білу керек». Міне, осы сияқты малшыларға көрсететін қамқорлық жағдайлар туралы Димекең егжей-тегжейін жеткізіп айтты».
Міне, осыдан кейін аталған министрлік пен министр үлкен жауапкершілікті мойнына алып, көшіп-қонып мал шаруашылығымен айналысып еңбек етіп жүрген отбасыларды киізүймен қамтамасыз етуге жұмыс істей бастайды.
Деректерге сүйенсек, осы жиналыстан бір күн бұрын Димекең қасындағылармен бірге Балқаш ауданына сайлаушылармен Жоғарғы Кеңес депутаттығына кандидат ретінде кездесуде болыпты. Қайтып келе жатып жол шетіндегі жоталау жерге жаңадан қонған бірнеше қазақ үйін көріп, соларға ат басын бұрыпты. Ауыл адамдары Димаш Ахметұлын өз көздерімен көріп, қуанады. Димекең малшылардың жағдайын сұрап, қандай мәселе бар екенін білгісі келеді. Сонда бір малшы: «Бізде бәрі жақсы, бәрі бар, бірақ өзіңіз байқап тұрсыз, киізүйіміз жарамсыз болып жатыр. Үкіметтің жасап берген үйлері бір-екі көшуге жарамайды. Сүйектері қирап қалады, киізден жауын суы сорғалайды. Мен жиырма жылдан бері мал бағамын, талай үлкенді-кішілі бастықтар келіп-кетті, оларға осы жағдайды ылғи айтып келеміз. Олар да шара қолданамыз, шешеміз деп уәде береді. Бірақ мәселе шешілмей жатыр», деп ашығын айтады.
Осыдан кейін Дінмұхамед Қонаев министрлерге тапсырма беріп, мал соңында көшіп-қонып жүрген бұқараны киізүймен қамтамасыз ету маңызды мәселе екенін айтады. Бұл мәселені сол кездегі Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібінің министрі Молдан Әлдербаевқа тапсырады. Республика басшылығының тапсырмасын алған Молдан Әлдербаев қауырт жұмыс істеп, шаруалардың жағдайын оңалтуға өз үлесін қосады.
Министр сол кездегі қызметтік қолжазбасында: «Сонымен Димекең өткізген жиналыс бітті. Басқаларды қайдам, мен мойныма батпандай ауыр міндетті арқалап шыққандай болдым. Кейбір министрлер мені аяған болып, арқамнан қағып, уайымдама, бәрін жөндейсің деп жанашырлық көрсеткендей болды. Министрлікке келіп, қызметкерлерді, бөлім бастықтарын жинап, Қонаевтың кабинетінде болған әңгімені жеткіздім. Ертең таңертең Дадабаев (бөлім бастығы), Устиновқа (басқарма бастығы) екеуің менімен бірге Үштөбеге жүресіңдер, ондағы фабриканың жұмысымен танысамыз дедім. Сонымен қатар жобалау-конструкторлық бюросының басшылары мен келгенше киізүй мәселесі туралы ойланыңыздар, ұсыныс беріңдер дедім. Алматы мен Үштөбенің ара қашықтығы 300 шақырымдай болады. Жолға төрт сағаттай уақыт кетеді, жол-жөнекей тек киізүй мәселесі туралы сөйлестік. Министрлікке қойылып отырған міндет – қуаты жылына 20-25 мың киізүй шығаратын өндіріс салу. Екіншіден, Мемлекеттік жоспарлау комитеті мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің талабы киізүйдің сүйегін тек талдан жасау керек дейді. Бұл міндетті орындау үшін екі жарым жыл уақыт керек. Киізүй сүйегінің сапасын жақсартумен қатар, үйге жабылатын киіздердің сапасын да ойдағыдай ету керегін қаулыға жазып жатыр. Ең ауыр мәселе осы болып тұр». Осылай жұмысқа кіріскен Молдан Әлдербаевтың еңбек жолындағы әр ісі жоғары бағаланып, «Октябрь революциясы», «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Халық достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, жиырмадан астам соғыс және еңбек медальдарымен марапатталған.
Қашанда қазақ даласы жақсылар мен жайсаңдарға құшағы толы болған. Соның бірі де бірегейі Молдан Әлдербаев болды. «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген хакім тағылымы елі үшін қызмет еткен Молдан Әлдербаев секілді озық ойлы азаматтарға қарата айтылса керек. Ауылдағы халықты, олардың тұрмыс-тіршілігін естен шығармаған министрдің сол кездегі қалтқысыз еңбегі қазіргі ұлықтарға үлгі болса игі еді.