24 Сәуір, 2014

Елдің жақсы атын шығаратын ізгілікті іс-шара

360 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
евразийский медиа форум24-25 сәуірде Астанадағы Тәуелсіздік сарайында кезекті Еуразиялық Медиа-форум өтеді. Реттік саны бойынша биыл 12-ші рет болғалы отырған бұл форумның маңызы зор. Онда әлемнің танымал саясаткерлері, қоғам қайраткерлері, БАҚ-тың үздік мамандары бас қосып, заманымыздың ең өткір, ең өзекті деген мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салады, пікір алысады. Соның ішінде жиналғандардың алдына «Жаңа әлемдік тәртіп және үшінші дүниежүзілік соғыстың болу ықтималдығы», «Еуропа Шығысқа бет алды, Украинадағы ахуал. Ресей мен Батыстың айырылысуы», «Таяу Шығыстағы өшпейтін алау», «Иранның ядролық бағдарламасы», «Еуразиялық интеграция» және т.б. әлемдік ең өзекті тақырыптар көлденең тартылатын болады.  Біз осы форум қарсаңында оның бас директоры Руслан Жемковты әңгімеге тартқан едік. Ruslan_Zhemkov– Руслан Сергеевич, алдымен форумның биылғы бағдарламасында қандай ерекше өзгерістер бар екені туралы айтсаңыз? – Қай кездегідей, биыл да форумда әлемнің түкпір-түкпіріндегі ең өзекті мәселелер талқыға түседі. Соның ішінде Украинадағы жағдайды талқылаған пікірталастар барынша тартымды әрі қызықты болатын шығар деп ойлаймыз. Өйткені, бұл оқиғалар қазір бүкіл әлемді алаңдатып отырғаны сөзсіз. Сондай-ақ, Таяу Шығыстағы кикілжіңдер туралы ортаға салынатын ойлар да қызықты болар деп отырмыз. Әрине, Иранның ядролық бағдарламасы туралы пікірлер де ешкімді бейжай қалдырмайтыны анық. Бұлар, әрине, бұрын да талқыланып жүрген мәселелер болғанымен, Украинадағы жағдайға байланысты олардың өзектілігі арта түседі ғой деп ойлаймын. – Форумды өткізу тәртібіне биыл қандай да бір өзгерістер енгізіле ме? – Жоқ, форумның пішімі бұрынғыша қалады. Оның пікір алмасулар мен пікір­сайыс­тардың барынша ашық алаңы болмағын қамтамасыз етуге тырысамыз. Біз барлық сараптаушы пікірлердің ортаға салынып, талқыға түсуін қалаймыз. Сондықтан да, спикерлерді таңдау ісіне жітілікпен қарадық. Олардың арасында АҚШ, Еуропа,Таяу Шығыс елдері мен Ресейдің барынша танымал қоғам қайраткерлері бар. Біз олардың әрқайсысы әлемдік саяси және экономикалық тұрақтылықтың сақталуына мүдделі қайраткерлер деп білеміз. Айта кететін маңызды жайт – форумда ешқандай шешім, дек­ларация немесе меморандум қабылданбайды. Біздің шараның мақсаты бұл емес. – Спикерлердің арасында кімдер барын айта кетсеңіз. – Олардың бәрі де замананың ақыл-ойына айтарлықтай ықпал ететін айтулы тұлғалар. Мәселен, Мысыр өкілі, МАГАТЭ-нің экс-бас директоры Мұхаммед әл-Барадей, Израильдің бұрынғы премьер-министрі Эхуд Барак, Германияның бұрынғы сыртқы істер миистрі Гидо Вестервелле, Италиядан НАТО-ның 2009 жылғы Бас хатшысының орынбасары Алессандро Минуто-Ризо, Ресейден Мемлекеттік Думаның депутаты, белгілі тележүргізуші Алексей Пушков пен Владимир Познер, АҚШ-тан да бірнеше өкіл болады, соның ішінде Конгрестің Өкілдер палатасының экс-спикері Ньют Гингрич пен Никита Хрущевтің ұлы Сергей Хрущев те келеді деп күтілуде. – Форумның әлем жұрт­шы­лығына беретін пайдасы бар деп ойлайсыз ба? – Форумды жасау идеясы 2001 жылы қолға алынып, онда Еуразия Шығыс пен Батыстың арасын қосатын көпір болуы керек, соны халықтарға жеткізуіміз керек деген мақсатты алға қойған болатынбыз. Біздің еліміз осы Еуразияның кіші моделі сияқты. Өзінің географиялық және гео­саяси орналасуы жөнінен ол Шығыс пен Батыстың арасын қосып тұр. Қазақстан Еуропаның көптеген елдерімен әріптестіктің теңгерімділігіне қол жеткізді. Сондай-ақ, Түркия, Иран, Ау­ғанстан, Пәкістан және басқа да Таяу Шығыс елдерімен сындарлы қарым-қатынас орната білді. Біздің еліміз зайырлы мемлекет, сонымен бірге, онда ислам және христиан құндылықтары қорғалады. Сондықтан да Қазақ­станның келіссөздік әлеуеті зор және қоғамдық негізде ол біздің форумда іске асырылуы керек деп ойлаймыз. Барлық келіссөздер, пікір алмасулар, пікірсайыстар, яғни дебаттар томаға-тұйықтықтан арылтып, әлем елдерінің бір-бірін түсінісуіне жол ашады. Оның үстіне, біздің пікіралысу алаңымызда әлемдік саясаттың білгірлері бас қосатынын жоғарыда айттым. Қорыта айтқанда, форумның пайдасы – пікір алысулар арқылы өзара жақындасуға ықпал ету деп айтуға болады деп ойлаймын. – Сонымен бірге, форум Қазақстанға әлемдік қоғам­дастықтың назарын аударуға ықпал ететін құралдардың бірі болады деп айтуға да негіз бар шығар? – Бұл пікірді жоққа шығаруға болмайды. Форум мен мемлекет мүдделерінің түйісуі заңдылық. Мәселен, панельдік сессияларда Қазақстанның Украинамен болашақтағы ынтымақтастығы, оның бағыттары туралы пікір алмасылады. Сонымен қатар, Кеден одағының перспективалары, оған қатысушы елдердің және оның қатарына енуге ниет етіп жүрген мемлекеттердің мүмкіншіліктері туралы да пікірсайыстар өтеді. – Осы мәселелермен қатар, Медиа-форум Қазақстанның әлемдік аренадағы бейбіт­сүй­гіштік рөлін нығайта түссе керек. – Әлбетте. 1991 жылы, тәуел­сіздігін алған сәттен бастап Қазақстан өзінің бейбітсүйгіш сая­сатын іске асыра бастады. Осы бағытта ол әлемдік қоғамдастық тарапынан лайықты бағасын да алды. Соның ішінде, геосая­си аренада бүгінгі Қазақстан ықпалды ойыншының бірі болып отыр. Оны Украинадағы оқиғалар кезінде анық көрдік. Әлемдік ұлы державалар басшыларының бәрі төңкеріске байланысты Қазақстанның берген бағасы мен ұстанымына ден қойды. Сондай-ақ, біздің еліміздегі көпэтностық және көпконфессиялық ахуал кейбір елдердегідей кикілжіңнің көзі емес, керісінше, ұлттық ұйысудың факторына айналды. Осының өзі қазақстандық саясат­тың озықтығының дәлелі болып отыр. Бүгінгі күні Қазақстанның тәжірибесін үйренушілер де көп. Әсіресе, Қазақстан халқы Ассам­блеясының үлгісін зерттеушілер қатары артып келеді. Қазақстан Президентінің бастамасымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері де дүниежүзілік қоғамдас­тықтың осы саладағы пікір алысу алаңына айналып отыр. Медиа-форум да Қазақстанның осындай бастамаларының қосымшасы тәріз­дес. Бұл шараны еліміздің бейбіт­сүйгіш көпвекторлы саяса­тының бір парасы десе жарасады. – Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы рөлін ай­қын­дауда форумның атқарар оң істері қаншалықты деп ойлайсыз? – Қазақстанның Орталық Азия­дағы жетекші рөлін бүкіл әлем танып отыр десем, артық айтқандық емес. Бұл көшбасшылыққа Қа­зақ­стан замананың талабына сай келетін бастамашылық қызмет­терімен, сындарлы саясатымен жетті. Бұл арада жалғыз саясат емес, экономика да, әлеуметтік сала да бар. Қазір Орталық Азияны зерттегісі келген адам оның орталық қозғаушы күші ретінде алдымен Қазақстанды тануға ұмтылады. Бүгінгі күні Қазақстан қандай да бір геосаяси амбицияны көздемейді, мұндай арзан дүниені қазір біздің еліміз керек те қылмайды. Тек сындарлы ұсыныстар болса ғана ондайды қолдауға әзір екенін Елбасымыз үнемі ескертіп келеді. Біздің форумның да Қазақстанды аймақтағы көшбасшы ел ретіндегі рөлін таныта түсуде маңызы бар. – Форумға белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысады деп отырсыз. Сонымен қатар, оның «медиа» деген атау­ына сәйкес журналистердің де көп болатыны сөзсіз. Жалпы, форум жұмысының БАҚ-пен үндесуі қандай дәрежеде? – Форумға қазақстандық және халықаралық БАҚ өкілдерінің қатысуы бірнеше мақсаттарды орындау үшін қажет. Алдымен, журналистерді конференцияда қаралатын мәселелердің қатты қызықтыратыны сөзсіз. Сонымен қатар, журналистика мен қоғамның өзара қарым-қатынасын кәсіби шеберлікпен, ұстамдылық және білгірлікпен айқындау жолдары форумда қызу талқыланады деген үміттемін. Осының бәрі БАҚ үшін өте пайдалы. – Енді форумның халық­ара­лық шара ретіндегі рейтингінің қандай дәрежеде екендігіне тоқ­тала кетсеңіз. – Біз әлемдік шара ретінде өзі­міздің рейтингімізді көтеру жол­дарын көздемейміз. Біз­дің мақсатымыз басқа. Біз Қазақ­стан­ның экономикадағы, саясат­тағы, мәдениеттегі халық­аралық маңызын арттыруды көз­дейміз. Әлемнің 46 елінен келе­тін БАҚ өкілдері мен қоғам қайрат­керлерінің алдында Қазақстанның барлық жағынан тартымдылығын көрсете алсақ, мақсатымыздың орындалғаны. Көптеген әлемдік корпорацияларда кез келген елдің инвестициялық ахуалын зерттеп, баға беретін арнаулы департаменттердің бары құпия емес. Олар қаржылық қуатын кез келген елге оның ішкі жағдайын зерттемей жатып, құя бермейді. Тек ашықтық, төзімділік, заңның үстемдігі талабы тұрғысынан ойынан шығатын елдерге ғана сенім артылады. Ал мұндай фактілердің көбісі БАҚ арқылы тарайтыны сөзсіз. Осы тұрғыдан келсек, Еуразиялық медиа-форум елдің имиджін арттыру сияқты міндеттерді де атқарады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».