Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ” – Венадан.
Әріптес елдер бақылаушы ретінде ЕҚЫҰ мемлекеттері басшыларының, Сыртқы істер министрлері кеңесінің барлық кездесулеріне, сондай-ақ қоғамның Тұрақты кеңесінің апта сайынғы отырыстарына қатысады. Сонымен қатар, жүйелі түрде (шамамен айына бір рет) ЕҚЫҰ-ның және әріптес елдердің байланыс топтары елшілер деңгейінде Венада кездесу өткізіп тұрады. Жылына бір рет әріптес елдермен жоғары деңгейдегі конференция өткізіледі. ЕҚЫҰ-ның жан-жақты қауіпсіздікті ынтымақтастық және үнқатысу жолымен ілгерілету туралы тұжырымдамасы қандай жолмен Азия үшін құлшындырушы идея бола алады? Бұл мәселе Ұйымның Азиялық әріптестерімен конференциясында негізгі тақырыпқа айналды. Шараға ЕҚЫҰ-ның Азиядағы барлық алты әріптесі қатысты. Екі күнге созылған конференцияның бір отырысында Солтүстік-Шығыс Азиядағы қауіпсіздік мәселелері бойынша жан-жақты ынтымақтастық және Корфу үдерісінің – Еуропадағы болашақ қауіпсіздік туралы үнқатысудың тәжірибесі талқыланды. Еуропадағы және Азиядағы қауіпсіздіктің өзара байланысын ескеретін болсақ, бұл үдеріске Азиялық әріптестер қосатын үлес айрықша маңызды. “ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші Азияның тұңғыш мемлекеті ретінде Қазақстан біздің ортақ қауіпсіздігіміздің еуразиялық өлшеміне айрықша көңіл бөліп, ЕҚЫҰ-мен Азиялық әріптестер арасындағы ынтымақтастықты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мақсатында дамыта бермек”, – деді ЕҚЫҰ-ға төраға ел ретіндегі Қазақстанның атынан сөз сөйлеген Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов. “Азиялық әріптестер ЕҚЫҰ үшін аса бағалы актив болып табылады. Біздің үнқатысуымыз бен ынтымақтастығымыз белсенді де серпінді дамып келеді. Біз бірлесіп тартымды да нақты нәтижелерге қол жеткізе аламыз”, – деп атап өтті ол. Корея Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Чун Юн Ву өңірдегі ахуал туралы айтып, Кореяның ЕҚЫҰ-мен тығыз бірлікте жұмыс істеу ниетінде екенін және Солтүстік-Шығыс Азияда жан-жақты қауіпсіздік тетіктерін құруда Ұйымның тәжірибесін пайдаланатынын мәлімдеді. ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрэн де Бришамбо ЕҚЫҰ-ның “қауіпсіздік үшін мемлекеттер арасындағы саяси-әскери ынтымақтастық, экономика және экология салаларындағы парасатты басқару, заң үстемдігі қағидатын, адам құқықтарын және демократиялық құқықтарды, сондай-ақ негізгі бостандықтарды сақтау қажет дейтін сенімге негізделетін” қауіпсіздікке деген жан-жақты көзқарастың құндылығы туралы мәлімдеді. Де Бришамбо сондай-ақ Ауғанстандағы және онымен көршілес өңірлердегі қауіпсіздікті орнықтыруда ЕҚЫҰ жүргізіп жатқан жұмыстарға тоқталды. Ауғанстан 2003 жылдан бастап ЕҚЫҰ-ның ынтымақтастық жөніндегі әріптесі болып табылады. ЕҚЫҰ жанындағы Грекия елшісі, Азиялық байланыс тобының төрайымы Мара Маринаки ынтымақтастық жөніндегі Азиялық әріптестер конференциясына алғаш рет қатысып отырған Австралияны құттықтады. Бұл елдің мүдделілігі “ЕҚЫҰ-ның тартымдылық күшін және Азиялық байланыс тобының өміршеңдігін дәлелдейді”, деп атап өтті Маринаки. Конференция аясындағы бір отырыс қауіпсіздік мәселесіне әйелдер қосып отырған үлеске арналды. ЕҚЫҰ-ның Азиялық әріптестігі аясында мұндай шара алғаш рет өткізілді.«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше