24 Сәуір, 2014

«Аляска – Юкон» жәдігерлері

404 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ЭКСПО шежіресі: Сиэтл, 1909 жыл

728px-Alaska_Yukon_Pacific_Exposition,_Seattle_1909

АҚШ-тың Сиэтл қаласында 1909 жылы өткізілген Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің басты мақсаты – Тынық мұхиты солтүстік-батыс өңірінің дамуын және қол жеткізген жетістіктерін төрткүл дүниеге паш ету еді. Алғашқы кезеңде бұл айтулы халық­аралық шараны 1907 жылы Клон­дайк алтын алашапқынының 10 жылды­ғына арнап өткізу жоспарланған болатын. Алайда, Халықаралық көрмені ұйым­дастырушылар нақ сол жылы америкалық Джеймстаун қаласында ірі көрме өткізі­летіндігін ескеріп, Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін 1909 жылға шегерді. Штаттың заң шығаратын жиналысы егер көрмені өткізу барысында озық архитектуралық үлгідегі 4 ғимарат салынатын болса, оған басқа штаттар қаржы бөлетін болса, онда Бүкіләлемдік көрмені өткізуге рұқсат беретіндіктерін мәлімдеді. Сөйтіп, Американың бірқатар штаттары Халықаралық көрмені ұйымдастыруға қаржылай көмек көрсете бастады. Мәселен, Сиэтл қаласы орналасқан Кинг округі көрме қалашығында бөренеден құрастырылған үлкен үй салу үшін 300 мың доллар қаржы бөлді. Нағыз алтын Клондайк Канадада қоныс тебуіне байланысты көрме атауына – «Аляска – Юкон жәдігерлері» деген тұжырым жалғанды. Көрме қалашығы ғимараттарын жос­парлау және салу үшін Массачусетс штатынан «Ағайынды Бруклиндер» атты фирма таңдап алынды. Бұл фирма бұдан бұрын да Сиэтл қаласының саябақтары мен гүлзарларын абаттандыруға атса­лыс­қан болатын. 1906 жылы аталмыш фир­ма көрменің негізгі құрылыстарын тұр­ғызатын алаңды белгіледі. Болашақ көрме қалашығы қаланың оңтүстік-шығысында қоныс тепкен Гора Рейнир деген жерге орналасатын болды. Көрме қалашығының бас архитекторлығына «Джеймс Фредрик Доу­сон» фирмасының сәулетшілері белгі­лен­ді. Көрме қалашығы қоныс тепкен алаңда шетел мемлекеттерінің ішінде тек Жапония мен Канада ғана өз құрылыс нысандарын тұрғызды. Осының өзі-ақ көрме атауындағы «тынықмұхиттық» деген тұжырымды ақтады. Сонымен бірге, көрме қалашығында америкалық бірқатар штаттар құрылыс ғимараттарын тұрғызды. Ал көрмеге қатысушы басқа шетелдер өздерінің құрылыс нысандарын салған жоқ. Кинг округі көршілес Ньюкасльде орналасқан көмір шахталарының орасан зор модельдерін жасап, көрме тақырыбын байытуға үлкен үлес қосты. Көрмеде тек өнеркәсіп тақырыбына ғана басымдық беріліп қойған жоқ. Сонымен бірге, америкалық Батыс өңірлерді игерудегі әйел рөлін көрсетуге ерекше мән берілді. Мәселен, көрмеге келушілерді арнайы жабдықталған Әйел павильоны ерекше қызықтырды. Мұнда Америка құрлығын игерудегі нәзік жандардың үлесі, сонымен бірге, қайырымдылық қызметін көрсетудегі әйелдердің рөлі ерекше көрініс тапты. 1909 жылғы 1 маусымда көрме қалашығының есігі айқара ашылды. Мерекелік салтанатқа жиналған жұртшылық әскери-теңіз күштерінің оркестрі орындаған әуезді музыкаға тәнті болды. Көрме қалашығының орталық алаңындағы жұртшылық Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің салтанатты ашылу рәсімін тағатсыздана күтті. Түске таман АҚШ-тың 27-ші президенті Уильям Говард Тафт Вашингтон қаласындағы Ақ үйдің Шығыс залынан көрменің ашылғандығы туралы белгі берді. Ол Клондайк алтын кен орындарынан қазып алынған алғашқы алтын құймаларынан жасалған телеграф құлағын бұрап, Сиэтлдегі Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің ашылғандығын жария етті. Сол-ақ екен 21 зеңбіректен салтанатты салют беріліп, көрме жалауы желбіреді. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің ашылу салтанатына сәйкес бұл күн қалалық мереке деп жарияланды. Көрме қалашығында өткен салтанатты шараларға 80 мыңнан астам адам қатысты. Қала басшылығы мереке күндері көлік қатынасының мүлтіксіз жүруі үшін барлық мүмкіндіктерді жасады. Көрме жалауы желбіреген 5 ай ішінде мұнда келген қонақтар қалашықтағы көлік, тұрмыстық және басқа да қызметтердің ерекше жоғары дәрежеде ұйымдастырылғандығына куә болды. Мұнда келген туристерді көрме павильондарындағы мәдениет және өнер жетістіктерін көрсететін жәдігерлер қызықтырды. Сонымен қатар, олар этностық топтар мен диаспоралардың тұрмыс-тіршілігіне арналған павильондарды да көптеп тамашалады. Сиэтл қаласындағы Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі 1909 жылдың 1 маусымынан бас­тап 16 қазанына дейін жалғасты. Осы уақыт ішінде көрмені 3,7 миллион адам тамашалады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. «Егемен Қазақстан».