24 Сәуір, 2014

Жекешелендірудің жаңа толқыны

383 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Самұрық-қазына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Үкімет пен Ұлттық Банкке биылғы жылы атқарылатын нақты тапсырмаларды бере отырып, «Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, мемлекеттің қатысы бар барлық компанияларға талдау жүргізіп, жеке секторға берілетін кәсіпорындар тізімін анықтауы керек... Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы қабылдануға тиіс» деп атап көрсетті. Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкімет елімізде жекешелендірудің екінші толқынын жүргізуге әзірлігін аяқтады. Осыған байланысты «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» акционерлік қоғамы өзінің құрамындағы мемлекеттік активтерді жекешелендіру жоспарын белгіледі.  

ІРГЕЛІ ІСТЕ ІРКІЛІС БОЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметке Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын әзірлеу туралы тапсырма берген болатын. Яғни Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, мемлекеттің қатысы бар барлық компанияларға талдау жүргізіп, жеке секторға берілетін кәсіпорындар тізімін анықтау керектігін, тура осындай жұмысты қалған мемлекеттік секторларда да жүргізу қажеттігін қадап айтқан. Жалпы алғанда, 2020 жылға дейін экономикадағы мемлекеттің қатысы ішкі жалпы өнімнің 15 пайызы ғана болуы керек. Президенттің осы тапсырмаларын қолға алған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бүгінде жекешелендіру жұмыстарын бастап кетті. Бүгінге дейін не істелді? Қандай жоспар бар? Жекешелендіру нақты қай айдан басталмақ? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ  басқарма төрағасы  Өмірзақ ШӨКЕЕВПЕН әңгімелескен едік. – Өмірзақ Естайұлы, компанияның қанша пайызын жеке сектордың еншісіне бермексіздер? – Біз компанияның 35 пайызын жеке­шелендіреміз. Егер Қордың тарихына көз жүгіртсек,  Президент бізге әу баста жеке компаниялардың қызметін оңтайландыратын, теңгерімін есептеп және компаниялардың құнын көтеруді мақсат еткен  құрылымға айналу жөнінде тапсырма берген болатын. Бірақ, дөп келген дағдарыс жекешелендіруге мүмкіндік бере қоймады. Ал «Самұрық-Қазынаға» бөлінген әрбір теңге табыс әкелуі тиіс. Дағдарыстан өткен соң Елбасы бізге өз қызметімізге қайта оралуды тапсырды, яғни теңгерімді тазалап, қайтадан теңгерім түзеліп, стратегия қабылданды. Содан бері біз жекешелендіру ісіне кірісіп кеттік. Жекешелендіруді алдымен бейінді емес активтерден бастадық. – Жекешелендіретін компанияларды ірік­теу оңай болмаған шығар? – Біз еншілес компанияларымыздың негізгі қызметіне кірмейтін барлық компанияларды іріктеуден өткіздік. Олардың саны 500-ден асты. Әрине, көп талас та болды. Бұл кезде тартыс болды десек артық айтқандығымыз емес. Бұл түсінікті де ғой. Себебі, қандай директор жекешелендіргенді қаласын. Өйткені, ол бұған дейін бас ауыртпай, нақты, тұрақты бюджеттің ақшасын жұмсап отырды. Ал егер ол нысан жекешелендірілсе, ол директордың сол орында қалу-қалмауы неғайбыл. Себебі, жекеменшік иесі шығындарға мұқият қарап, қысқартуы мүмкін. Әйтеуір біз бұл кезеңнен де өттік. Сол 500 компанияның 400-ін өткен жылы жекешелендірдік. Оның ішінде оқу орталықтары, спорттық ғимараттар, қонақ­үйлер, кеңселер, пәтерлер сияқты әртүрлі нысандар бар. – Оларды жекешелендіруден Қорға қанша қаржы түседі? – Бейінді емес активтерді жекешелендірудің өзінен Қ+ор қоржынына 50,8 млрд. теңге ақшалай табыс түскелі отыр. Енді бейінді активтердің кезегі келіп тұр. Олар да өте көп. Бұлардың да біздің компанияның құрамында болу қажеттігі жоқ. Қазір олардың саны 599-ды құрады. Осы тізімді алып біз сараптау, саралау жұмыстарын бастап кеттік. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып анықталған  қағидалар бойынша таңдау жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте біз Сингапур үкіметінің тәжірибесін бағытқа алдық. Онда жергілікті жерлердегі, кез келген инвесторлар табысты жүзеге асыра алатындай бизнес түрлері таңдап алынады. Ал енді ірі компаниялармен не істейміз дейсіз ғой. Бұл ретте біз мемлекеттік мүлікті жекешелендіруге қолданылып отырған барлық әдіс-тәсілдерді қарап шықтық. Зерттеп, зерделедік. Бұл бағытта біздің қазір өз тәжірибеміз бар. Біз тендер тетіктерін, байқаулар, инвестициялық және кепілді конкурстар тетіктерін қабылдадық.  Бұлардың ішінен біз нақты шынайы, ашықтық әрі жылдам, сапалы екі әдісті ғана таңдап алдық. Олар –  халықтық IPO және аукциондар. Аукциондар бір алаңда, электронды сауда негізінде өте түсінікті және ашық өтеді.  Бұл үдерістің қалай өтіп жатқанын кез келген қатысушы онлайн режімде көре алады. – Инвесторлар пулы қазірдің өзінде нақтыланған болар? – Жоқ, нақты анықталған пул жоқ. – Ал бұған шетелдіктер қатыса ала ма? – Қатыса алады. Бұл ретте, біз страте­гиялық инвесторларды шақырған кезде, оларды әбден зерделеп алуымыз керек. Ол қандай да бір, кез келген шетелдік компания бола салмайды. IPO өте қызықты. Осыдан бір-екі жыл бұрын болса халыққа оны түсіндіріп жатар едік. Ал бүгінде бұл ұғым халыққа түсінікті деп ойлаймын. Өткен жылы біз «ҚазТрансОйлдың» IPO-сын өткіздік. Менің пайымымша, оның қорытындысы өте жақсы болды. 30 мыңнан астам қазақстандық азаматтар, жеке тұлғалар қазіргі таңда «ҚазТрансОйл» акцияларының  иесі. Ал биылғы 2014 жылы КЕГОК акцияларын IPO-ға шығарып жатырмыз. Желтоқсан айына қарай КЕГОК акцияларын дәл  «ҚазТрансОйл» акциялары сияқты әдіс-тәсілдермен, сондай тетіктер бойынша шығармақпыз. Энергия өндіру рыногында бұл өте ірі компания. Оның инвестициялық жобаларда арнайы портфелдері бар. Ал 2016 жылы біздің бірегейлеріміз ҚТЖ мен «Қазатомпром» компанияларының акция­ларын IPO-ға шығармақпыз. Соңында біздің басты активтеріміздің барлығы  IPO рыногына өтеді. – Сауда-саттық қашан басталмақ? – Ертең Қордың  директорлар кеңесінің отырысы өтеді. Сонда біз барлық тетіктерді, тұжырымдаманы, жекешелендіру бағдар­ламасын  түгелдей соңғы рет нақтылаймыз. Ал сауда-саттықты маусымнан бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. – Компания «ханталапайға» түсе ме сонда? – Әрине, тәуекелдер мен қауіптер жоқ емес. Сатып алушылардың ақшасы жете ме, сатылымдағы компанияларға сұраныс қалай болады деген  алаңдаушылық бар. Бірақ үмітіміз басым. Қазір өздеріңіз білесіздер, капиталды заңдастыру жүріп жатыр. Банктер күшейіп келеді, шағын және орта бизнеске де аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Осыны ескерсек, менің ойымша сұраныс болады. Ал сұраныс болса, еш мәселе туындамайды. Әңгімелескен Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». Инфо-5 Инфо-6

 ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

• «Самұрық- Қазына» ҰӘҚ» АҚ құрамына 599 компания кіреді. Олардың ішінде «ҚазМұнайГаз» АҚ, «ҚТЖ» АҚ, «Қазатомпром» АҚ сияқты еліміздің ең ірі компаниялары бар. • 2013 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» (бұдан әрі Қор) АҚ  бәсекелестік нарығына өзінің 11 бейіндік емес активтерін және 394 нысандарын шығарып сатты.  Олардың ішінде «Мейірім» медициналық орталығы, «Орман Бұлақ» аңшылық шаруашылығы, «Самұрық-ЭнергоСтройСервис» кәсіпорны, қонақүйлер, демалыс орталықтары, балалар бақшалары, ойын-сауық орталықтары, 350 пәтер, офис және гараж нысандары, оқу орталықтары және басқа нысандар бар. • 2014-2015 жылдар аралығында бәсекелестік нарығына Қордың тағы да жалпы құны 50,8 миллиард теңгені құрайтын 16 бейіндік емес активтері және 19 нысандары шығарылмақ. Бұл нысандардың қатарында «Думан» қонақүй кешені, «Сарыағаш» санаторийі, «Ақбұлақ» сауықтыру кешені, «ҚТЖ»-ның сауықтыру-қалпына келтіру орталығы және Қордың шетелдердегі атап айтқанда, Грузия, Түркия және Қырғызстандағы активтері бар. • Екінші деңгейлі банктер мәселесінде банк активтерін сату мәселесі шешілді. Бұл – БТА Банктің, Темірбанктің және Альянс Банктің акциялар пакеті. • «Халықтық ІРО» бағдарламасы шеңберінде Қор рыногына «ҚазТрансОйл» АҚ акциялар пакетінің 10 пайызы шығарылған болатын. Бұл іс ойдағыдай болды. 2013 жылы инвестициялық кіріс 23 пайыздан асса, үстіміздегі жылғы қаңтар – сәуір айларында әрбір акцияның орташа өлшемдегі құны бастапқы құнынан 60 пайыз жоғары болды. • Болашақта Қор «Халықтық ІРО» бағдарламасы бойынша бәсекелестік нарығына KEGOC және «Самұрық-Энерго» АҚ акцияларының пакеттерін шығармақ. • Қорға қарасты ірі компанияларды жекешелендіру мәселесіне келетін болсақ (олардың қатарына жеке капиталы 2,5 миллиард теңгеден асатын компаниялар кіргізілді) олардың тізімі 42 бірлікті құрайды. Олардың қатарында 10 компанияны ІРО бағдарламасына, ал 32 компанияны аукционға шығару белгіленіп отыр. • 2014-2015 жылдар аралығында жалпы жекеменшік капиталы 23,7 миллиард теңгені құрайтын 61 аса ірі емес активтер сатылатын болады. Инфо-1 Инфо-2 Инфо-3 Инфо-4 Беттің материалын дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».