Қоғам • 15 Маусым, 2022

Кибералаяқтық: Қауіпсіздік қағидаты

1175 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

– Сәлеметсіз бе?! Мен қалалық полицияның тергеу бөлімінен ха­бар­ласып тұрмын. Сізге жеке басыңызға төнген қауіптің алдын алу мақсатында телефон соғып тұрмын. Алдымен, мені дұрыстап тыңдап алыңыз...

Кибералаяқтық: Қауіпсіздік қағидаты

«Полиция», «тергеуші» деген сөздерді естігенде кез келген адамның алғашында абдырап қалатыны даусыз. Оның үс­тіне әлеуметтік желі арқылы сіз туралы бүкіл мәліметке қол жет­кізіп алып, телефонның ар жа­ғынан «жанашырлық» танытып отыр­ған «ішкі істер органының қыз­меткеріне» деген сенімнің қы­лаң беретіні де анық. Телефон алаяқ­тарының құрығына түсу осындай тілдесуден басталады...

Күнделікті өмірге ақпарат­тық технология жетістіктерінің ба­­рынша дендеп енуі кибер­қыл­мысқа, оның ішінде интернет алаяқтарына да жол ашты. Мәліметтерге мән берсек, 2017 жылы республика бойынша осы салада тіркелген қылмыс түрлері 2 мыңмен шектелсе, өткен жылы бұл сан 20 мыңнан асып кеткен. ІІМ жедел қабылдаған іс-қимыл шараларының нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда биыл ин­тернет алаяқтық 19 пайызға тө­мендеген. Оның ішінде 1,5 мың­нан астам қылмыс жедел уәкіл­дердің жанкешті еңбегінің ар­қасында ізі суымай ашылды.

Соған қарамастан алаяқтар айылын жияр емес. Әккілер қара­пайым халықтың сеніміне кірудің сан түрлі тәсілін құбылтып, ақыр соңында олардың қаражатына қол сұғып, көпе көрінеу орасан ұрлық жасап жүр. Ал соңғы кез­де құрбандарына «полиция қыз­меткерінің» атынан қоңырау шалу көбейіп кеткен. Бұл – кибер­қылмыс әлеміндегі әккілік пен айла-шарғының бір мысалы ғана.

Өзін полиция қызметінің анық­таушысы немесе тергеушісі деп таныстыратын алаяқ алдымен құрығына ілінгелі тұрған аза­матқа онлайн несие алуға құжат толтырған оның бір туысының не­месе танысының жаңа ғана ішкі істер бөліміне асығыс хабар­лас­қанын айтып, тамырын басып көреді. Құрбанының айлалы жоспарына «іліккенін» аңғарған соң алаяқ «қылмыскерлерді ұстау үшін жедел жүргізіліп жатқан құ­пия қылмыстық іздестіру іс-ша­раларына қол ұшын созуды» ұсынып, қолқа салады. Азамат­тың тосын хабардан әп-сәтте не істерін білмей абдырап қалғанын байқаған бойда «із кесу амалдарын айғақтауға қажет» деп жеке деректері мен аты-жөнін, ЖСН мен өзге де керекті мәліметтерді байқатпай сұрап үлгереді.

Әдетте кибералаяқтар банктің есепшоты мен карталарын үшінші тұлғаның атына алдын ала толтырып қояды. Қаржыны үшінші тұлғалар арқылы ақшаға айналдыру жағын да мұқият тиянақтай­ды. Сондай-ақ олар «құрбаны­на» қоңырау шалған абоненттік нөмірлерді тез ауыстырып тұра­тын көпшілік біле бермейтін бағ­дарламаны қолданады. Бір сөз­бен айтқанда, банк карталары мен депозиттерге қол жеткізу, «құр­бан­дардың» қаражатын өзге шотқа аудару немесе несие толтыру үшін сан түрлі айла-әрекет жасалынады. Жасыратыны жоқ, бұрындары түрлі себептер мен трансшектеу­лерге байланысты ин­тернет алаяқтығын анықтау мен тер­геу кезінде түрлі кәсіби қиын­дықтар кездесетін.

ІТ саласындағы қылмыстың күрт өсуі ІІМ-іне сан қырлы әрі аумақ­ты ұйымдастыру-прак­тика­лық ша­раларын қолға алуға түрткі болды. Мәселен, өткен жылдан бас­тап киберқылмысқа қарсы кү­рес бө­лімінің штаттық саны ұлғай­тылды. Жедел-іздестіру шара­ларын ұйымдастыру, интернет алаяқ­тығының алдын алу мен анық­тау секілді профилактикалық жұ­мысты атқаратын бұл аумақтық бөлім­шелерде тұрақты қызмет істейтін жедел тергеу топтары құ­рылды.

Биыл мамыр айында Нұр-Сұл­­тан қаласындағы Полиция де­пар­таментінің жедел тергеу то­бының қызметкерлері астана­лық тұрғынның есепшотынан 137 млн теңге қаржы ұрлаған қыл­мыстық топты әшкереледі. Тер­геу барысында бұл топ­тың құра­мында Қазақстан мен Ресей азамат­тарының бар екені анық­тал­ған. Тінту кезінде олардан ақша, қалта телефондары, SIM карталар, 20-дан астам тө­лем картасы, сондай-ақ банк кар­та­ларының атаулары мен пароль­дерінің жазбалары табылды. Қазір басты айыпталушыларға бұлтартпау шарасы қабылданып, өзге күдіктілердің үстінен тергеу жүргізіліп жатыр.

Азаматтардың шотынан ақша жымқыруды әдетке айналдырған тағы бір қылмыстық топ Қарағанды өңірінде ұсталды. Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімі қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шаралары кезінде олардан қылмыстық жолмен алынған 9 млн теңге, банк карталары, мобильді телефондар тәркіленді. Қазір бұл алаяқтардың осыған ұқсас 40 млн теңге зиян шектірген 4 оқиғаға қатысы бары анықталып отыр.

Алматы қаласында да интернет алаяқтар торға түсті. Қала­лық киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері банк қауіпсіздігі қызметкерлерінің атын жамылып, «алаяқтарды іздес­тірумен айналысып жүрген» күдікті топты құрықтады. Клиент­тердің сеніміне кірген алаяқ­тар азаматтардың шотында кү­мәнді транзакциялар жүргізіліп жат­қанын «түсіндіріп», олардың шоттағы ақшасын «қауіпсіз» шотқа аударуын, яғни өздері алдын ала дайындаған шотқа тез арада аударуды айтқан. Ұсталған топ мүшелерін тінту кезінде олардан әртүрлі банктердің аты жазылған 150 банк картасы, мобильді телефондар мен SIM карталар алынды.

Телефон алаяқтарын қалай әш­керелеуге болады? Әккілердің тұзағына түсіп қалмау үшін нені білген жөн? Кибералаяқтықтан қорғанудың қарапайым ережесі қандай? Есіңізде болсын...

Егер Сізге «банк қызметкері», «полиция қызметкері», «прокуратура қызметкері» банк картасы туралы мәліметті тексермек ниетпен банктің СМС-кодын, аты-жөніңіз бен ЖСН-ді сұрап хабарласса, ешқандай мәлімет бермеңіз. Бірден полиция мен банктің байланыс орталығына телефон шалып, картаңызды бұғаттаңыз.

Қомақты зат сатып аларда сақ болыңыз. Әдетте, сатушы алдын ала төлем жасауды талап етеді. Бі­рақ ақшалай қаражат шотқа түс­кен бойда, «сатушы» сіздің теле­­фон қоңырауыңызға жауап бе­руін доғарады. Сондықтан сатушы туралы бар деректі (байланыс мә­ліметтері, электронды пошта, телефон нөмірлері, заңды мекен-жайы) жинақтаңыз. Сатушы туралы желідегі пікірлер мен оның сауда алаңындағы рейтингімен танысу да артық болмайды. Сіз сататын тауарға жасалынатын тө­лем немесе алдын ала төлем туралы схемада мына жайтты ес­кер­ген жөн. Сату­шының банк кар­­тасына ақша аудару үшін тек кар­та нөмірі мен аты-жөні қажет. Ал сатып алушылар сіздің карта­ңыздың қызметтік мерзімі мен сыр­тындағы үш белгілі кодты, теле­фонға сол сәтте түскен СМС кодты, сілтемені жүктеуді, бан­ко­матқа барып қандай да бір әре­кеттер жасауды өтінсе, олар – алаяқтар!

Күмәнді сілтемелерге назар аудар­маңыз. Ақша салмаңыз! Алаяқ­тар желіде бөгде кісінің атын жамы­лып қаржылай көмек сұрап немесе қайырымдылық ак­­ция­­сына қатысуға шақырып жа­­тады. «Полиция бөлімінен» теле­­фон соғып, жақыныңыз не туы­­сыңыздың жол-көлік апатын жасағанын айтып, «мәселені шешу үшін» ақша жіберуді сұрай­тындар да бар. Мұндайда дүр­белең тудырмай, ең бірінші туы­сыңызға телефон шалыңыз. Бай­ланыса алмасаңыз, оның таныс­тары мен араласатын ортасына хабарласыңыз. Еш уақытта ақша аударып, асығыстық жасамаңыз! Мұндай сәтте, уақытқа ұтылмай, бірден полиция бөліміне хабар­ласыңыз!

Ақпараттық технологиялар кеңіс­­тігінде алаяқтардың ал­шаң басып, басынғаны сонша­лық, әккі кибералаяқтардың тұза­ғына жоғарыдағы біз атап көр­сеткен схемалардан хабардар аза­маттардың өзі түсіп қалып жатады. Өйткені бүгінгінің алаяқ «қызметкерлері» ең сақ жүре­тін респонденттің өзінің сеніміне селкеу түсірмейтін кәнігі психолог дәрежесінде әрекет жасай алады. Ең соңғы «трендтерде» олар мемлекеттік маңызды, аса құзырлы мекемелердің қыз­меткерлері рөліне де кіре бастады. Олар үшін жақын танысыңыздың, туысыңыздың дауысын салып, тіпті, құбылтып сұхбаттасудың да еш қиындығы жоқ. Дүниежүзі­лік қиберқылмыс әлемінде вишинг – «дауыс пен фишинг­тің» қосындысы деп аталатын атау-ұғым бар. Интернет алаяқтары осы вишингтік айламен азаматтар­дан телефон арқылы құпия мәлімет­тер жинап алуға жанын салады. Олардың бар ойы – азаматтардың жеке растау кодын қалайда қолға түсіру. Соңғы жылдары вишинг ақпараттық қауіпсіздіктің ең бас­ты мәселесіне айналып отыр.

Тосыннан соғылған телефон қоңырауына иланып, қаржы­лық тұзаққа түсіп қалған аза­мат­­­­тарымыз қаншама?! Біз қазір жер ша­рының кез келген бұры­шын­да отырған кибералаяққа қару­сыз, бетпердесіз-ақ банктегі, банко­маттағы ақшаңызды алып қою еш қиын­дық тудырмайтын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Мұндай сәт­­те, ең дұрысы, әңгімені созбай, те­ле­фонды бірден сөндіре салған абзал.

 

Жандос СҮЙІНБАЙ,

ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы,

полиция подполковнигі