Қазақстан • 15 Маусым, 2022

Ұлттың ұйысуы

1035 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан 105 жыл бұрын Орынборда Алаш Орданың құрылтайы өтті. Бұл – жаңа ұлттық үкіметтің іргетасын құруға жасалған алғашқы қадамдардың бірі еді. Сол кезде Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Қазаққа ұйымдасу керек», «Қазақ болып қамдану қажет» деп, ел тағдырына ықпал ететін есімдерге құрылтай жөнінде хат жолдаған екен.

Ұлттың ұйысуы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Бүгін Ұлытауда бас қосатын тарихи құрылтайда да қазақ болып қамданудың бір қамы қолға алынып жатыр. Бұл да – түптеп келгенде алаштықтар аңсаған ұлттық мемлекет құруға жасалған қадамның, ұлт мүддесін бекемдете түсер алғышарттардың бірі.

Ел Президенті Ұлттық құ­рыл­тай құру туралы Жар­лыққа қол қойып, оның ережесі мен құрамын бекітті. Құрылтайдың құрамына еркін ойлы, тәуелсіз, айтары бар азаматтар енді. Ең бас­тысы, бұқара мен билік арасында диалог орнатудың тиімді те­тігі оң жолға қойылды. Ен­дігі міндет – ұлт болып ұйы­­судың жолын анықтау, ел тағ­дыр таразысының қай ба­ғыт­қа бет алғанын сарап­тап, оң жолын көрсету. Ал тұтас бір мемлекеттің тағ­дыр таразысының қайда қа­рап ауатыны билік басында отыр­ған азаматтар мен ха­лық тағ­дырына жауапты тұлға­лар­дың тағдыршешті мәселені қалай тарқатарына байланысты. 

Ұлттық құрылтай елдік істе бірлігі бекем, іргесі ажы­­ра­майтын бүтін бір құры­­лымға айнала ала ма? Шыны керек, байрақты бас­та­маның басы-қасынан та­был­ған ұлтжанды азамат­тардың, елдің мұң-мұқта­жы мен халықтың мәсе­ле­­сін жеткізіп жүрген тұлға­лар­дың аты-жөнін оқығаннан кейін бұл сұраққа да жауап табылғандай болды.

Ұлттық құрылтайдың ал­ғашқы жиыны қазақ үшін қасиетті мекен – Ұлытаудан бастау алуының өзі көңілге сенім ұялатады. Біле білгенге бұл да үлкен жақсылықтың белгісіндей. Уақыт талабы мен күн тәртібіне қойылған сұрақтарға орай құрылтай құрамы өзгеріп тұратыны – дұрыс үрдіс. Оның үстіне қарапайым жұрт құрылтайға деген ұсыныс-тілегін жолдай алатын арнайы онлайн-платформа құрылатыны – қоғамдағы өзекті мәселенің ешқайсысы қалтарыста қалмайды дегенді білдіреді.

Мемлекет басшысы референдум қорытындысы бо­йынша Қазақстан халқына жасаған үндеуінде Ұлттық құрылтай құру туралы бас­тама көтеріп, осылайша аза­мат­тардың мемлекет ісіне ат­салысу мүмкіндігі арта түсе­тінін айтқан еді. «Шын мәнін­де, еліміздің тағ­дыры – әр­қай­сымыздың қолы­мызда», деді бұл жөнін­де Президент. Ал құрыл­тайда «жалпыұлттық құн­ды­лықтарды нығайта отырып, қоғамды одан әрі ұйыс­­тыруға бағытталған ұзақ­мер­­зімді мәселелер тал­қ­ы­ла­натынын» ескере­тін болсақ, бұл маңызды қадамда да Жаңа Қазақстанның іргетасы қаланып жатқанының тағы бір дәлелі болар.

Сөз басында Алаш арыс­тары­ның қазақ қоғамын ұйым­дастырып, соңынан ертіп, мемлекеттік идея таратуды құрылтай арқылы іске асырғысы келгенін айт­тық. Тарихта қазақ жерін­де 60-тан астам құрыл­тай өткені белгілі. Әр құрыл­тайда алаш­тықтардың жан­кеш­тілігі жатыр. Халықты бір­лік­ке бастаған әр жиын­ның ар­қалаған жүгі бар. Оның ең бастысы – ел болашағын жар­қын ету, халықтың өсіп-өркендеуіне сеп болу. Ен­деше Ұлытаудан бастау ал­ған бұл Ұлттық құрылтай ел тағ­дырына ықпал етер жиын­ға айналсын деп тілейміз.