Үкімет • 16 Маусым, 2022

Өсімдік дүниесін қорғау күшейтіледі

1028 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасы ілеспе құжатымен бірге қабылданды.

Өсімдік дүниесін қорғау күшейтіледі

Құжат жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасады. Өз сөзінде ведомство басшысы Қазақстанда 6 мыңнан астам өсімдік түрі бар екенін атап өтті. Соның ішінде 1,5 мыңға жуық түрі дәрілік өсімдік бар көрінеді. 390 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген, 110 түрі – реликті, 700 эндемикалық өсімдік түрлері бар.

«Қазіргі уақытта Қазақстаннан экспортталатын дәрілік өсімдік­тердің тізіміне 14 түрі кіреді. Олар: мия, ферула, цистанхе, Түркістан сабын тамыры және басқалары. Реттеусіз қолданылуына байланысты дәрілік өсімдіктердің шикізат қоры таусыла бастады. Дәрілік өсімдіктерді бақылаусыз жинау көлемінің өсуіне сыртқы нарықтардағы сұраныстың көбеюі ықпал етеді.

Кедендік статистика дерегі бойынша қазақстандық мия тамырын өткізудің негізгі нарықтары – Қытай, Түркия және АҚШ. Мысалы, Қытайға 2018 жылдан 2021 жылға дейін 32,7 мың тонна мия тамыры экспортталды. Бұл жалпы Ботаника және фитоинтродукция институты ұсынған мия тамырын нақты өңірлер бо­йынша дайындау көлемінен едәуір асып түседі.

Келесі реттелмеген мәселе – рес­публика аумағына өсімдіктің бөтен түрлерін бақылаусыз әкелу. Өсімдіктің бөтен түрлері енгі­зілген жағдайлар бар. Мәселен, «Медеу» өңірлік табиғи паркінің аумағында Солтүстік Америкадан әкелінген «Асер Негундо» үйеңкі ағашының таралуы байқалады. Ол кәдімгі өрік пен Сиверс алмасын ығыстырады», деді С.Брекешев.

Министрдің айтуынша, елімізге инвазиялық зиянкестермен және аурулармен залалданған бөгде өсімдік ресурс­тарын әкелу қаупі бар. Мысалы, Алматы қаласының жасыл екпелерінде Каштанды зақымдайтын Охрид кенішінің және емен екпелеріне зиян келтіретін емен игеуішінің белсенді таралуы байқалған.

«Осылайша, нормативтік-құқықтық базаның болмауы және өсімдік дүниесі объектілерін бақылаусыз пайдалану табиғи өсімдік ресурстарының сақта­луы­на теріс әсер етіп қана қой­май­ды. Дә­рілік өсімдіктерді өндіру­ге жә­не қайта өңдеуге салынатын ин­­вес­тицияларға кедергі келті­реді.

Заң жобасының мақсаты – респуб­ликаның бүкіл аумағында өсімдіктер дүни­е­сін қорғау, молықтыру және ұтымды пайдалану саласындағы қатынас­тарды құқықтық реттеуді енгізу. Қазір­гі уақытта өсімдіктер дүниесін пайдала­нуды реттеуге байла­нысты жеке­леген нормалар Қа­зақстан Республика­сының Орман, Экология, Жер, Су, Кәсіп­­керлік кодекстерін, «Қазақ­стан Респуб­ли­касындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және «Ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтар ту­ралы» Қазақстан Республи­ка­сының заңдарын қамтиды», деді С.Брекешев.

Ведомство басшысы осыған байланысты «Өсімдіктер дүниесі тура­лы» арнайы заң қабылдау қажет екеніне тоқ­т­алды. Құжат Қазақстан қосылған халық­аралық конвенциялардың ережелеріне  негізделген.

Заң жобасының негізгі жа­ңалығы – өсімдік әлемінің жекелеген түрлерінің айналысы саласында хабарлама жасау тәр­тібін белгілеу. Бұл отандық кәсіпкерлік субъектілерінің фар­мацевтикалық, азық-түлік және техникалық өнімдерді өндіру үшін өсімдік ресурстарын заңды негізде ұтымды пайдалану мүмкіндігіне ие болатынын білдіреді. Бұл шара шағын және орта бизнесті дамытуға, осы салаға инвестициялар тартуға жол ашпақ. Сондай-ақ бизнес-субъектілердің өсімдіктер дүниесін арнайы пайдаланғаны үшін төлемақы енгізуі есебінен мемлекеттік бюджеттің кірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Сонымен бірге жеке тұлғалар жабайы жемістерді, жаңғақтарды, саңырау­құлақтарды, жидектерді, дәрілік шикі­затты және өзге де өсімдік ресурстарын жеке және үйде пайдалану үшін өтеу­сіз негізде және рұқсат беру құжа­тын­сыз жинау­ды жүзеге асырады. Жалпы алғанда, заң жобасы өсім­діктер дүниесі сала­сындағы жал­пымемлекеттік міндет­терді шешуді көздейді және «Өсім­діктер дүниесі туралы» заңның нор­маларын толық іске асыру үшін Орман, Жер, Кә­сіп­керлік, Салық кодекстеріне, «Рұқсат­тар және хабарламалар туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жайы­лым­дар туралы» заңдарға түзетулер енгізу талап етіледі.

«Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасын қабылдау құқықтық аспектіде қолданыстағы заң­на­мадағы олқылықтар мен қайшы­лықтарды жою және өсімдіктер дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану мәселелерін реттейді. Әлеуметтік-экономикалық ас­пектіде халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз ете отырып, шағын және орта бизнесті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер жасау көзделеді», деді С.Брекешев.

Бұдан бөлек жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйым­дарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды күшейту және қаржы пирамидаларының қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қаржы (инвестиция) пирамидаларының қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кіріс­терді заңдастыруға (жылыс­та­туға) және терроризмді қаржы­лан­дыруға қарсы іс-қимыл мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жо­балары екінші оқылымда мақұл­данды.

Құжат кірістерді жылыс­татуға және терроризмді қаржы­лан­дыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жақсарту, ақша­ны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының халықаралық стандарт­тарын іске асыру мақсат­тарында әзірленді. Заң жобасын­да заңды тұлғалардың бенефи­циарлық меншік иелерін ашу мін­детін белгілеуге, кірістерді жылыс­татуға қарсы іс-қимыл туралы заң­наманы шет мемлекеттің заңнама­сына сәйкес құрылған трастар­ға немесе басқа да корпора­тив­тік құрылымдарға қолдануға бағытталған.

Сонымен қатар терроризмді және экстремизмді қаржылан­дырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланыс­ты ұйымдар мен тұлғалардың тіз­бесіне енгізілген субъектілердің тікелей немесе жанама бақылау­ындағы қаражат пен өзге де активтерді тоқтату ескерілген. Құ­жат аясында қылмыстық жол­мен алын­ған қаражатты заңдас­тырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшей­ту және ФАТФ ұсынымдарында айқын­дал­ған бірқатар қылмыстық құқық бұзу­шылық үшін «мүлікті тәркілеу» түрін­дегі қылмыстық жазаны белгілеу қарас­ты­рылған.

Бұдан бөлек, заң жобасы «тер­рористік әрекет» ұғымын кеңейту мақсатында «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заң ережесін Қылмыстық кодекстің ереже­леріне сәйкес келтіруге бағыт­­талған. Палатаның жалпы оты­рысында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыс­татуға) және терроризмді қаржы­лан­дыруға қарсы іс-қимыл мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инно­ва­цияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпарат­тық қауіпсіздікті дамыту мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

Мәжіліс депутаттары «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келісім берді.

Жиын соңында депутаттар бірқатар мемлекеттік мекеме басшыларына са­уалдарын жолдады.