Мәжілісте палатаның вице-спикері, «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаеваның төрайымдығымен фракция төралқасының кеңейтілген мәжілісі өтті.
Күн тәртібінде нұротандық мәжілісмендердің Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмысы талқыланды.
«Нұр Отан» фракциясы Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын және орта бизнесті қолдау туралы бастамасына орай, кәсіпкерлер палатасына бірлескен іс-қимыл жоспарын құру туралы ұсыныс жасаған болатын.
Парламентшілер мен кәсіпкерлер бұл құжат бизнес саласын дамыту жолындағы түйткілді мәселелерді жүйелі түрде шешуге және фракция мен бизнес-қауымдастық арасындағы өзара іс-қимыл амалдары мен нақты тетіктерді әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімді.
Кеңейтілген жиын барысында Мәжіліс вице-спикері, парламенттік фракция жетекшісі Дариға Назарбаева мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Бірлескен жұмыс Жоспарына қол қойды.
Алдағы уақытта мәжілісмендер мен кәсіпкерлер құрылыс, жер қойнауын пайдалану салаларында кәсіпкерлік қызметті дамытуға бағытталған қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізу бойынша бірлескен жұмыс тобын құруды межелеп отыр.
Сондай-ақ, жоспарда дуальді білім беру, офсеттік саясат, инжиниринг жөніндегі заң жобалары бойынша да бірлесе жұмыс атқару көзделген.
Сонымен қатар, капиталды заңдастыру, салықтық әкімшілендіру саласында «бизнес-климатты» жақсарту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту заң жобаларына қатысты да ұсыныстар әзірленеді.
Жоспарлы жұмыстарды жүзеге асыру үшін фракцияның, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының, фракция жанындағы кеңестік-жиналыстық органдардың, «Үкімет сағаттарының», парламенттік тыңдаулардың, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының мәслихаттардағы фракцияларының мүмкіндігі кеңінен пайдаланылатын болады.
«Егемен-ақпарат».