Үкімет үйінде Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.
Отырыста әйелдерге қатысты сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттыру, жастардың деструктивті діни ағымдарға еліктеуіне қарсы тұру, әйелдер көшбасшылығы мектептерінің желісін дамыту, сондай-ақ тағы басқа да бірқатар мәселелер қаралды.
Бірінші мәселе бойынша Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары Әсия Қасенова баяндама жасады. Ол Жоғарғы Соттың Бас прокуратурамен және Статистика агенттігімен бірігіп жасаған зерттеулерінің нәтижесі соңғы екі жыл ішінде республика бойынша әйелдердің талап арыз беруі 24-27 пайызды көрсеткенін мәлімдеді. Егер сотқа қатысты істердің үлкен бөлігі заңды тұлғалар мен мемлекеттік органдарға қатысты болатынын ескерсек, бұл жекелеген азаматтар тарапынан берілетін талап арыздардың жартысынан көп екеніне дәлел. Сондай-ақ, жекелеген категориялар бойынша, дәлірек айтқанда, балаларды қамқорлыққа алу, алимент мәселесі бойынша әйелдердің талап арызы осы мәселелердегі барлық арыздардың 96-98 пайызын құрайды екен. Жоғарғы Сот өкілі талап арыздардың арасында әйелдердің жыныстық кемсітушілікке ұшырағанын көрсететіндері де болатынын айтып өтті. Бірақ, ондай арыздар «жыныстық кемсітушілік бар ма, жоқ па» деп емес, объективті түрде қаралатынын жеткізді. Соңғы жылдары әйелдер арасында сотталушылар санының өскенін де баяндамашы атап өтті. 2013 жылдың қорытындысы бойынша барлық сотталғандардың 12 пайызы әйелдер болған. Әйтсе де әйелдерге, оның ішінде екіқабат және он төрт жасқа дейінгі баласы бар әйелдерге қатысты сот адамгершілік қарым-қатынасты ұстанады. Олар өлім жазасына не өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілмейді. Сондай-ақ, Әсия Қасенова алимент мәселесі төңірегінде де өз ойымен бөлісті. «Алиментке қатысты талап арызды негізінен әйелдер береді. Бірақ, араларында балалары болғаны үшін екі жақ әрі қарай да күнделікті тіршілікте сөйлесуге, балалардың мәселелерін бірігіп шешуге мәжбүр. Сол үшін талап арыз беруші мен жауап берушінің дауы сотқа жетпестен бұрын медиативтік жолмен шешілсе, бұл екі жаққа да әлдеқайда тиімді болмақ. Өйткені, жауап беруші көп жағдайларда сотта өз табысын, басқа да жағдайларын жасыратыны белгілі», дейді Жоғарғы Сот өкілі.
Жастардың жат діни ағымдарға еліктеуі мәселесі бойынша Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Әбдіқасов баяндама жасады. Ол жас буынның орта мектепте оқып жүргенде-ақ жат ағымдар туралы базалық білімі болуы қажеттігі маңызды екенін айтты. Төрағаның орынбасары бүгінгі таңда еліміздегі орта мектептердің 9-сыныбында факультативті сабақтың есебінен «Дінтану негіздері» атты арнайы курстың бір жылда отыз сағатқа лайықталып өткізілетінін мәлімдеді. Ол биылғы жылы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп курсты жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілгенін, зайырлы мемлекеттің ұстанымы мен қазақ мемлекетінің дәстүрлі құндылықтарын түсіндіру бойынша пәнді күшейту көзделіп жатқанын атап өтті. Агенттік өкілі дәстүрлі емес діни ағымдардың арасында тәжірибеде кездесетін, «талақ» деумен бұзылатын «азаматтық неке» жайын да әңгімеледі. Оның айтуынша, қазіргі таңда мешіт имамдары жастарға бірінші кезекте некесін АХАЖ бөлімдерінде тіркетіп, сосын барып мешітте қидыру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл жерде тағы бір ескеретін жайт – мұсылмандық жолмен неке қидырған кезде бірінші кезекте қыздың ет жақындары неке қидыру рәсіміне қатысуы шарт.
Жалпы алғанда, қазіргі таңда Махаббат Бекбосынова басқаратын Президент жанындағы ұлттық комиссияның биылғы негізгі басымдық беретін жұмысы – отбасы институтын күшейтуге атсалысу болып табылады. Сондықтан да отырыста қаралған мәселелер бірінен-бірі осал емес. Отырысқа ұлттық комиссия мүшелерінен басқа ресми органдардан, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан да бірқатар өкілдер қатысқанын айта кетуіміз керек.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».