Ведомствоның мәліметінше, өңірлік комиссия электрондық шот-фактураларға (ЭШФ) жүргізілген талдау барысында бағаны жасанды түрде көтеру схемасын әшкерелеген.
Анықталғандай, жеке кәсіпкер делдалдық тізбек құрып, тауарларды өзі бақылауындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестікке (ЖШС) қайта сатқан. Яғни қарақұмық, қант және тұз сияқты әлеуметтік маңызы бар өнімдер «өз ішінде» айналымға түсіп, баға жасанды түрде өсірілген.
Нәтижесінде халыққа сатылатын соңғы баға айтарлықтай қымбаттаған. Мәселен, қарақұмық жармасына 127% сауда үстемесі қосылып, 241 теңгеден алынған өнім 550 теңгеден сатылған. Сондай-ақ қантқа – 45%, ас тұзына 41% үстеме белгіленген.
Заңнамаға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар тауарларға рұқсат етілетін сауда үстемесі 15%-дан аспауы тиіс.
Аталған дерек бойынша құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды.
Мамандардың айтуынша, негізгі нәтиже – тиімсіз делдалдың сауда тізбегінен шығарылуы, бұл бағаның әділ қалыптасуына мүмкіндік береді.
Абай облысында азық-түлік бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлер жазаға тартылды
Департаменттің дерегінше, жыл басынан бері өңірде 70-тен астам сауда нысанының құжаттары талданып, нәтижесінде 10-нан астам делдалдық схема нарықтан жойылған. Қадағалау жұмыстары жалғасып жатыр.