Медицина • 17 Маусым, 2022

Мейірімге толы жүрек

1178 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әр адам мамандықты жүрек қалауымен таңдайды. Әрине, табысы мол салаға бет бұратындар аз емес. Ал Нұрлан Салауатұлының медицина саласын таңдауына ата-анасының ықпалы тиген. Сөйтіп, 2013 жылы орта білім туралы аттестат алған соң Атырау медициналық колледжіне құжат тапсырды. Аталған колледжді 2017 жылы бітіріп, содан бері облыстық жедел жәрдем стансасында жұмыс істейді. Мамандығы – фельдшер.

Мейірімге толы жүрек

Оның таңдаған мамандығына адалдығы қаңтардағы оқиға ке­зін­де танылды. Сол бір қиын күн­дерде ақ халатына дақ түсірмей, кө­мек сұраған жанның бәріне қол ұшын созуға ұмтылды. Өйткені бү­лікшілерден зардап шеккендер алдымен жедел жәрдем қызметіне жүгінді.

– Қаңтардағы қақтығысқа толы оқиға баршаның есінен қапелім­де ұмытыла қоймайтын шығар. Бүлікшілер сарбаздар мен полиция қызметкерлерін автокөліктен шығарып алып, соққыға жықты. Денсаулығына зақым келтірді. Сол кезде оларға күндізгі ауысым-­­
да­ғы фельдшерлеріміз көмек көрсетті. ­Ал мен кезекшілігімді кеш­кі ­ауысым­да атқардым. Зардап шек­кен сарбаздарды медициналық көмек көрсетілгеннен кейін казар­ма­ға жеткізуді ойладық, – дейді қаң­­тардағы оқиғаны есіне алған Нұрлан Салауатұлы.

Бірақ өзге түгілі жедел жәрдем бригадасының қызметкерлеріне көшеде жүру қауіпті еді. Ал үйінен жырақта борышын өтеп жүрген сарбаздарды казармаға жібере салу тіптен мүмкін емес. Сол себептен, сарбаздарға қауіпсіздік үшін жедел жәрдем қызметкерінің киімін кигізіп, арнайы көлікпен жеткізуге шешім қабылданды. Сарбаздарды Нұрланмен бір бригададағы жүр­гізуші Талғат пен фельдшер Нұргүл «Водников» шағын ауданында орна­ласқан әскери бөлімге жеткізді.

– Біздің міндетіміз – жарақат алған, не сырқаттанған әр адамға алғашқы медициналық көрсету. Әрине, сарбаздарды Отанды қор­ғаушы десек те, алайда бізге олар­дың тағдырын қорғауға тура келді. Қазір соның бәрі жеңіл атқарылған сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ өз өмірімізге қауіп туындаса да мін­детімізді адал атқаруды ғана ойла­дық. Сол сәтте адам тағдырына ара­ша тұруды ғана мақсат еттік, – деп ағынан жарыла әңгімеледі фельдшер.

Нұрлан Салауатұлының кіндік қаны Индер ауданында тамған. От­­басындағы үш баланың бірі бол­ғанымен, қазір өзі екі ұлдың әке­сі атанып отыр. Кезінде есепші бол­ған әкесі мал шаруашылығын өркендетуді қолға алған. Ал анасы балабақшада жұмыс істейді.

– Әжемнің, әке-шешемнің ұла­ғатты әңгімесіне қанық болып өстім. Үлкендер үнемі амандығымызды тілеп, өмірлік бағыт-бағдар беріп отырады. Қиналған жанға көмек беруге ұмтылып, мейірімділік танытсам, соның бәрі – үлкендердің тәрбиесі. Өйткені медицина саласы мамандарының жүрегі мейірім мен қайырымға толы деп есептеймін. Науқастың сырқатына дәрі-дәрмек шипа болса, ал жанын жадырататын мейірімге ештеңе жетпейді, – дейді кәсібіне адалдығынан таймаған Н.Салауатұлы.

Фельдшер жігіт биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында «Шапағат» медалімен марапатталды. Оны облыстық жедел жәрдем ұжымы мемлекеттік марапатқа ұсынған. «Елордаға келіңіз, Президент сіз­ге марапат тапсырады» деген жаңа­лықты естігенде, абдырап қалғанын жасырмайды.

– Мен мамандығымды Прези­денттің қолынан марапат алу үшін таңдаған жоқ едім. Фельдшер болу – жүрегімнің қалауы. Жұмысым­ды мүмкіндігімше адал атқаруға ­тырысамын. Өйткені сырқаттан­ған, түрлі қиындыққа тап болып, жаны қиналған жандар алдымен жедел жәрдем қызметкерлері­нен көмек күтеді. Қаңтардағы оқиға кезінде де солай болды. Теле­фон арқылы хабарласып, «Сізге Президент мемлекеттік марапат тапсырады» дегенде, көңілім алай-дүлей күйге түскенін жасырмаймын. «Мемлекеттік мара­патқа лайықпын ба?» деген ойға берілдім. Елордадағы салтанат­ты іс-шараға барғанда, одан са­йын қобалжығаным рас. Бұл бәл­кім мемлекеттік марапат алудың жауап­кершілігін сезінгеннен болар. Мем­лекет басшысы «Шапағат» медалін тағып, «Құтты болсын!» деп қолымды алғанда, мұны мен секілді жас маманға үлкен се­нім, қолдау ретінде ұғындым, – дей­ді кезекті шақыртуға асыққан фельд­шер жігіт.

 

Атырау облысы