24 Сәуір, 2014

Әуенмен әлдилеген Әулиеата

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
DSC_6736+ DSC_6787+ DSC_6777+ Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы 22 сәуірде Астана қаласын одан әрі дамыту бойынша берген тапсырмасына орай өңірлердегі театрлар мен мұражайларды, жеке орындаушылар мен шығармашы­­­лық ұжымдарды кеңінен таныстыру мақсатында мәдени жобалар ұйымдастыру қолға алынған еді. Ел жүрегіне оңтүстік шуағын сыйлай енген киелі Әулиеата елінің көл-көсір сұлу өрнегі көз тоймастай қазыналы. Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның шығармасы негізінде сахналанған «Домалақ ана» спектаклін жұртшылық сүйсіне тамашалады. Бұл – бір. Екіншіден, Жамбыл облыстық филармониясы ұсынған «Тараз – ғасырлар куәсі!» атты өнер кешіне қатысушылар жылы жаққа оралған құстардың көктемде салған әсем сазындай әсер қалдырды. «Алатау» фольклорлық, «Кәусар» вокалдық, «Ақкербез» бишілер ансамбльдері, «Сымбат» балдық би тобы, «Тараз» триосы, «Жамбыл-Star» триосы, жеке орындаушылардан Жандос Омаров, Ғани Мәтебаев, Маралбек Бабақұлов, Мәдина Сағымбекова, Динара Диқанбаева сияқты туған жердің туын желбіретіп жүрген өңкей өрен тұтаса тұғырға көтерілгенде, сахна құрақтай құлпырды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облыстық филармониясының директоры Сәуле Жанпейісова өнері өз алдына ғажайып бір кесте емес пе? Халық әні «Гәккуді», сөзін Т.Айбергенов жазған, өзінің «Ортаңа келді өз балаң» әнін шырқағанда, дауысы бұлбұлдың үніндей сыңғырлай әуелеген әншіге қошеметпен көп қол соғылды. Жергілікті композиторлардың шығар­малары мен халықтық жауһарларды қалап орындаған тараздық өнерпаздар орындауында «Шаттық», «Дала еркелері», «Өр­нек» билері, «Жаңарған Жамбыл», «Қазақ­тай елміз ғаламат», «Қазақ вальсі», «Ақбақай», «Көзімнің қарасы», «Жайдарлы Жамбылым», «Таразым», «Қаратау», «Көктем вальсі» сияқты т.б. бірталай таңдаулы әндер тамылжи қалықтады. Үшіншіден, Жамбыл облыстық тарихи өлкетану мұражайының көрмесі ұлттық құндылықтарды ұлықтаумен астаса өрілді. Өңірдің тарихи кескін-келбеті шынайы бейнелермен бедерленіп таныстырылды. Осы бір үш түрлі өнегеге өңір жыры түгел сыйып кеткендей. «Егемен-ақпарат». –––––––––––––– Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.