24 Сәуір, 2014

Оралмандарға Қазақстан азаматтығы жыл ішінде беріледі

370 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

24-14-Oralman01

АСТАНА. 24 сәуір. Үкiмет сырттағы қандастарымызды ата-жұртқа оралуға ынталандыратын  шараларға қолдау білдіреді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова осылай деді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады. Т.Дүйсенованың айтуынша, «Халықтың көшi-қон мәселелерi туралы» Заңның көптеген тұстары қайта қаралып, ондағы қойылған талаптар біршама жеңiлдетiлдi. Мәселен, бұған дейін оралмандарды ел аумағына жайғастыру ісін Үкiмет шешетiн. Ендi оралмандар қайда қоныстанатындарын өздерi таңдайды. Тек Үкiмет жағы еңбек ресурстары жеткiлiксiз аймақтарды анықтап, сырттан келген қандастарға ақпарат беріп отырады. Еңбек ресурстары аз өңірлерге барып, тіршілік етемін деуші оралмандарға мемлекет тарапынан әлеуметтiк пакеттер ұсынылады. Дәлірегін айтқанда, ондай жандардың жол шығыны өтеледі және жалдамалы тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады. Сондай-ақ, оларға жалға берілген үйдi бес жылдың iшiнде өздерiнiң меншiгiне аударуға мүмкiндiк берілмек. Тағы бір ерекше тоқталар жәйт, атамекенін аңсап жеткен ағайындар Қазақстан азаматтығын бір жылдың ішінде ала алады. Брифингте Тамара Дүйсенова: «Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оралмандар төрт жыл Қазақстанда уақытша тұрғын ретінде саналып, содан кейiн оған үш жылдың iшiнде азаматтық алу мүмкiндiгi берiлетін. Бұның барлығы қазiр бiр жылға дейiн қысқартылуда. Олар елге келiп, бiр жылдың ішінде азаматтық алады», – деді. Қазiргi кезде оралмандар жалпы халық санының 5,5 пайызын құрап отыр. Яғни, ресми мәліметке сәйкес, 1991 жылдан берi 994 мың оралман Қазақстан аумағына қоныстанған. Жолдыбай Базар. Дереккөз: «ҚазАқпарат». Фото: Nur.kz.