Шексіз қиял мен еркін ойдың ұштасуы ұлы туындылардың кіндігін кесіп, шар әлемге іңгәлатады. Оған уақыт пен талант, сосын үлкен еңбек қана төреші.
Біз сөз еткелі отырған Маргарет Киннің сурет өнеріндегі өзіндік даралығын әлі ешкім қайталай алған жоқ. Ол ерекше ойлады, соның нәтижесінде ерекше туындылар салып, кенептегі кейіпкерге жан бітірді. Бүгінде оның туындылары дүние жүзіндегі сурет жанкүйерлерінің тамаша туындысына айналып үлгерді.
Оның тағдыры мен «Үлкен көздер» деп аталатын сериялы туындылары хақындағы оқиғалар 1946 жылы басталды. Уолтер Кин есімді жас америкалық сурет өнерін үйрену үшін Еуропаға барады. Көп өтпей Уолтер Кин 1960 жылдардағы коммерциялық тұрғыдан табысты суретшілердің біріне айналады. Оның 1965 жылғы LIFE хикаясында көздері қалыптан тыс үлкен, сымбатты арық қыздардың суреттері жұрттың назарын аударып, оның атағын шығара бастады. Сол жылдары Кин өнер сенсациясына айналды. Америкалықтар оның «салған» туындыларын таласа-тармаса алып жатты. Себебі олар мұңға батып, қайғырып тұрған үлкен көзді балалар мен көзі қалыптан тыс үлкен хайуанаттардың бейнесін ұнатты. Үйінің төріне, кабинетіне, тіпті үлкен қабырғаларға Киннің қолтаңбасы қойылған суреттер ілініп жатты.
Бірақ бұның артында жалғандық жасырынып жатыпты. Суретшімін деп кеудесін қаққан Уолтер Кин қылқалам ұстайтын өнердің адамы емес, кәдімгі алаяқтың бірі болып шыға келеді. Шындығында, көпшілікті қызықтырып, сурет саласына өзгеше леп ала келген туындылар оның әйелі Маргареттің қиялының жемісі еді, ол шынымен де «Үлкен көздер» картиналарының авторы, бірақ атақ пен ақшаға құныққан Уолтер оған егер басқаларға шындықты айтсаң өлтіремін деп қорқытқаннан кейін ол есігі үнемі жабық тұратын құпия бөлмеде күйеуінің айтқанын істеп, бұғау ішінде күн кешірген. Өнерге деген тұсаудың ақыры ақиқатқа жететінін ол шақта Уолтер білмесе керек, білсе де, қаперіне ілмегендей. Маргарет олардың арасында болған «келісім» туралы: «Оның 1955 жылы өткен сурет көрмесі керемет өтті, жұртшылықты баурап алғаны рас. Ол кез келген адамды баурап алатын. Ол бізге ақша керек, үлкен үйіміз болса жақсы емес пе?! Басқаларға аталған суреттерді мен салмадым, ол әйелімнің туындысы десем, бұл түсініксіз жағдай болады және адамдар бізді сотқа береді» деген сылтау айтқанын еске алады. Сосын тағы да: «Ол маған осы қорқынышты мәселелердің бәрін айтып, үрейлендірді», дейді.
Уолтер Кин «Үлкен көздерін» сатып, ақшаға қарық болды. Еңселі үй алып, хауызда достарымен демалды. Ал сол сәтте құпия бөлмеде сурет салып отырған Маргарет кейде он алты сағат бойы тапжылмай жұмыс істеді. Тіпті оны сурет салудан басқа ештеңе жұбата алмады. Өзінің жалғыздығын, тағдырын кенепке жаққан бояулар арқылы білдіргісі келді. Маргарет бір сұхбатында сол сәті туралы: ««Ол үйде болмаған кезде, менің сыртқа шықпағаныма көз жеткізу үшін сағат сайын қоңырау шалатын, қысқасы, мен түрмеде отырғандай болдым», дейді.
Уолтер дәурендеп тұрған кезінде БҰҰ-да немесе соған ұқсас бір үлкен орындағы қабырғаға ілу үшін өте үлкен сурет салуды жоспарлады. Аталған туындыны Маргарет бір ай ішінде салып, дайындайды. Бұл туындының аты « Мәңгілік ертең» деп аталды. Онда көкжиекке дейін жалғасып сапта тұрған жүздеген мұңлы, үлкен көзді балалар бейнеленген. 1964 жылғы Дүниежүзілік көрмені ұйымдастырушылар оны білім павильонында іледі. Өтірікші Уолтер бұл жетістікке қатты мақтанды. Ол өзінің естелігінде қайтыс болған әжесі осы «еңбегі» туралы түсінде аян бергенін айтады. Өнертанушы Джон Канадэй New York Times газетінде аталған суретке «Бұл талғамсыз салынған туынды» деп баға бергеннен кейін Дүниежүзілік көрме суретті қабырғадан алып тастайды.
Еңбегі еш кетіп жатқанын сезген әрі өз отбасынан тұтас қоғамға тарап жатқан «ұлы» өтірікке шыдай алмаған Маргарет бір күні күйеуімен бетпе-бет келуге бекиді. Бұл алдауды енді тоқтатуын өтінеді. Бірақ Уолтер керісінше даурығып, тілшілерге сұхбат беріп, өзінің Эль-Грекодан кейінгі ең таңдаулы портрет суретшісі екенін айтудан жалықпайды. Тіпті Уолтер Маргаретке өтініш айтып, үлкен көздер туралы туындыларды қалай салуды үйретуін өтінеді. Тумысынан талантсыз ол ештеңе де үйрене алмайды. «Сен маған дұрыс үйретпедің» деген сылтау айтады. Неше түрлі әсем туындылар қиялында пісіп жетілген суретші Маргарет сол сәтте өзінің қақпанға түскенін сезінеді. Ол аталған қақпаннан құтылуды ойлайды, бірақ қалай кету керек? Өзімен бірге қызын да құтқарудың жолын іздейді. 1970 жылдың қазан айында Маргарет UPI тілшісіне шындықты жайып салады. «Ол сурет салуды үйренгісі келді, мен оған сурет салуды үйретуге тырыстым, бірақ ол ештеңе үйрене алмады» деп осыған дейін Уолтер иемденген туындылар өзінікі екенін айтады. «Үлкен көздерін» қайтарып алғысы келеді. Судья екеуіне сот алаңында, сотқа келгендердің көзінше үлкен көздері бар баланы салыңдар деген тапсырма береді. Уақыты бір сағат. Маргарет не бәрі 53 минутта салып үлгереді. Ал Уолтер иығы ауырғандықтан сурет сала алмайтынын айтып, жалтарады. Ұзақ уақыт бойы үлкен көзді балалар үшін өзін кінәлі сезінген Маргарет сотта жеңіп, оған 4 миллион доллар өтемақы берілсін деген үкім шығады. Бірақ Уолтер оған бір тиын да өтемақы бермейді. Өйткені Уолтер алдамшылықпен тапқан байлығын шашып тауысқан еді.
Бұл күндері Маргареттің үйінің қабырғалары үлкен көзді бейнелерге лық толы. Кезінде өзі салып, адасып, қайта тапқан мұңлы үлкен көзді балалар. Олар қайда қарап тұр, не ойлайды, қай ұлттың балалары? Оны Маргареттің өзі ғана біледі. Аталған үлкен көзді балақайлар оның жалғандықты жеңгендігінің символы дерсіз. Ал Уолтер 2000 жылы қайтыс болды. Кезіндегі «даңқты суретшінің» есімі тарихқа «ең мықты көшірмеші» деген атпен қалды.