Әдебиет • 19 Маусым, 2022

Ұлттың жаны да, жады да – әдебиет

683 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жасыратын несі бар, «Қазақ қаламгері қашан Нобель алады?», «Ұлттық әдебиетіміздің қазіргі деңгейі қандай?», «Қазақша аударманың халі нешік?» деген сұрақтар көбіміздің көкейімізде жүргені рас. Қазақ зиялыларының ықпалы қашан артады, олар ұлт санасына, қоғам ойына қалай әсер етеді деп те жиі ойлайтынымыз анық. Әрине, бұл сауалдарды әр қырынан қарастырып, оған түрлі жауап іздей беруге болады. Кейбір сұраққа жауап табармыз, кей тұста үнсіз қалуымыз мүмкін. Бірақ бір айнымас дүние бар – біздің ұлтымыз жалғыз, зиялыларымыз санаулы-ақ. Сол үшін ұлтымызды ұлықтап, зиялыларымызды алақанға салып, құрмет тұтуға тиіспіз.

Ұлттың жаны да, жады да – әдебиет

Самарқау әдебиет сананы тежейді.  Жанартау әдебиет жаңа идеяларды оятады. Әдебиеттің өз тілімен айтсақ, ақын – бар­лық сыздаған жараның аузында болуы керек.

Жаһанданудың жаңа дәуірінде, цифр­лар цивилизациясында кітаптың оқылу-оқылмауы – үлкен мәселеге ай­налған. «Бақуатты адамдарда үлкен кі­тапхана, кедей адамдарда үлкен теледидар болады» деген сөз бар.

Мойындауымыз керек, қысқа күнде қырық түрлі арзан ақпаратқа «той­ған» оқырман көркем әдебиеттен кәдім­гідей алыстап барады. Әдебиетті тіпті, әлеу­меттік желінің деңгейімен өлшейтіндер де жоқ емес. Бұл – қауіпті үрдіс.

Біз қалай десек те, ұлттық идеоло­гияның негізінде салмақты әдебиет жататынын ұмытпауымыз керек. Кез келген халықтың болмысын, мінезін, тілін сол ұлттың әдебиеті қалыптастырады. Ұлт өз кемшілігін де төл әдебиетінен із­дейді.

Біз неге әлі күнге дейін Абайға айналып соға береміз? Қанша заман өтсе де не үшін Шекспир шетке шығып қал­майды? Себебі олар – ұлттың айна­сы­на айналған темірқазық тұлғалар. Өт­­кенімізге көз салып, бағытымызды бағ­дарлағымыз келсе, қашанда классик­тер­дің шығармаларына үңіліп отыруымыз шарт.

Ал енді қазақ әдебиеті бүгін қа­лай қанат жайып келе жатыр, оның көр­кеюіне нендей ықпал ете аламыз деген сұраққа келсек, түйінді түйткілдер, тол­ғақты мәселелер алдымыздан аз ұшы­распайды.

Сапасыз аудармадан бастап, кітап дүкендеріндегі қазақша кітаптардың сирек қатары, балалар әдебиетіне қо­сылып жатқан жаңа туындылардың аз­дығы, шын таланттардың көлеңкеде қа­лып, «ширақ қимылдайтындардың» шығармалары оза шауып тұрғаны жасырын емес.

Әрине, бұл сеңді бірден бұзу оңайға соқпайды. Дегенмен біз болашақ жаңа қазақ әдебиетінің қарқынды дамуына  барынша қолдау білдіруіміз керек.

Жоғарыдағы жайттарды саралай келе, биыл тұңғыш рет «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын тағайындап отырмыз. Жеті аталым бойынша берілетін сый­лықтың әр жеңімпазы 5 млн теңгеден еншілейді.

Рас, кейінгі уақытта әдеби сыйлық дегенді қоғам әртүрлі көңіл күйде қа­был­дайтынын білеміз.

Бірі – ол жердегі әділетсіздікті сөз етсе, екіншісі – арзанқол дүниелердің алға шығып кеткеніне наразы. Ал енді бірі – салықтан төленетін сыйлықтың, оны жеңіп алған жүлдегердің шығармасы жеңіл болмауын, конкурстың ашық өтуін талап етіп жатады.

Талап-тілектің барлығы орынды, жөн деп есептеуіміз тиіс.

Десек те, арғы тарихқа бармай-ақ, Алаш кезеңінде  үздік романдарға  бәйге  жарияланып,  «Қамар  сұлу»,  «Қалың  мал»   сияқты классикалық шығармалар дү­ниеге келгенін ұмытпағанымыз дұ­рыс. Әрине, ол қаржыны заманында атақты Атымтай жомарт, ұлтшыл азаматтар бөліп отырды. Біздің бүгінгі бұл қадамдарымыз да сондай жүйені бола­шақта жүзеге асыруға деген әуелгі бас­палдақтар деп қабылдау керек.

«Айбоз» әдеби сыйлығы тың туын­дылардың өмірге келуіне даңғыл жол ашады деп сенеміз. Жалпы, Еуро­пада болсын, Американы алайық, дамыған елдердің көбінде көркем шығарма ай­рық­ша бағаланады. Кеңес дәуірінде де ақын-жазушыларымыздың ой ең­бектеріне қаламақы жақсы төленді. Жал­пы, шығармашыл қауымды ынталандыру арқылы біз көркем ойлай алатын, рухани діңгегі берік, айтар ойы терең жас ұрпақ қалыптастырамыз. Ұлттық әдебиетке салынған бүгінгі инвестиция – ертеңгі болашақ кепілі.

Адамзат тарихында небір ұлы оқи­ғалар болды. Әскері жер қайыстырған ұлы империялар салтанат құрды. Өр­кениет­тер қанат жайды, мәдениеттер то­ғысты. Бірақ солардың барлығының үні бізге әдебиет арқылы жетті.

Бір сөзбен айтқанда, ұлттың жаны да, жады да – әдебиет.

Ал енді «Айбоз» сыйлығының ерек­шелігі дегенге келсек, шығарманың ті­ліне, қаламгердің жас ерекшелігіне шек­теу қойылмайды.

Мәселен, Мағжан бабамыздың:

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған

Түріктің Тәңірі берген несібі ғой» деген

немесе Қасым атамыздың:

«Ей, тәкаппар дүние,

Маған да бір қарашы.

Танисың ба сен мені,

Мен – қазақтың баласы»

деген бір ғана шумағы біздің бүкіл арғы-бергі тарихымызды айқындап, ұлттық рухымызды әлі күнге дейін оятып келеді.

Біз осындай сүбелі де салмақты, өзек­ті де өміршең туындылардың, ғасыр­лардан-ғасырларға жететін ішкі қуаты мол, классикалық шығармалардың жазылуына оң ықпал етуіміз керек.

Сонымен қатар біз әр аталым бойынша жанрға да шектеу қоймадық. Қазақ әдебиетінде фантастикалық шығармалар аз. Үлкен-үлкен романдар да сирек жазылады. Кейінгі уақытта поэма, баллада жанрлары да кенжелеп қалды. Аталған жоба осы мәселелердің өрістеуіне өзек болса дейміз.

Тағы бір айта кетерлігі, «Айбоз» сыйлығын жеңген шығармалар сайтта ашық жарияланатындықтан, ел наза­рындағы жаңа туындылар әділ баға­ланады деп есептейміз.

«Айбоз» сыйлығының басқа да бір­қатар ерекшелігі бар. Ұлттық әдеби сыйлыққа бірнеше жаңа аталым қосылып отыр. Айталық,

«Үздік проза»,

«Үздік поэзия»,

«Үздік драматургия» сияқты дәстүрлі аталымдардан бөлек,

«Үздік комикс»,

«Үздік балалар әдебиеті»,

«Үздік әдеби аударма»,

«Үздік кітап дизайны»

сынды номинациялар енгізілді.

Бүгінде әлемдік кітап нарығына көз жүгіртер болсақ, мазмұнның терең­дігінен бөлек кітаптың сыртқы көркем­дігі, мұқа­басының әсемдігі, тіпті қаға­зының сапасы да ерекше маңызға ие. «Үздік кітап дизайны» аталымы отан­дық кітап саудасындағы осы бір олқы­лықтардың орнын толтырса дейміз. Түсінікті тілмен айтқанда, бірінші кітап­тың сыртын сата білуіміз керек. Әрине, мазмұндық сапасының терең болуы талас тудырмайтыны сөзсіз.

«Үздік әдеби аударма» аталымы да көп бәйгелерге қатыстырыла бер­мейді. Ойлап қарасақ, классик ақын-жазу­шыларымыз Абайдан бастап барлығы дерлік аудармашылар. Біз солардың сапалы тәржімалары арқылы әлемдік жауһар туындыларды оқып өстік. Кәсіби аударманың орны бөлек. Ондағы қыруар еңбек пен қажыр-қайратты біздің қоғам дұрыс бағалағаны жөн. Болашақта әлем­дік бестселлерлердің қазақ тілінде көр­кем тәржімалануына осы «Айбоз» сый­лығы зор ықпал етеді деп нық сеніммен айта аламыз.

«Үздік комикс» аталымы да – дәл солай. Күн сайын танымалдығы артып келе жатқан әрі балалар мен жас­өспірімдердің сүйіп оқитын дүние­сіне айналып үлгер­ген бұл жанрда шетелдік емес, өзіміздің отандық туындылардың көп болуы өте маңызды. Жас ұрпақ қызығып оқитын сапалы, мағынасы бай қазақша комикс­тер кітап дүкендерінде сұранысқа ие бола бастаса – біздің о бастағы мақ­сат­та­ры­мыздың бірте-бірте орындалып келе жатқандығы деп есептейміз.

Сонымен қатар келесі жылдан бас­тап Мәдениет және спорт министрлігі қазақстандық жас жазушылар мен ақын­дар үшін Президенттің арнайы әдеби сыйлығын тағайындауды көздеп отыр.

Сыйлық 18-29 жас аралығындағы жас қаламгерлерге «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Балалар әдебиеті» но­ми­нациялары бойынша бұрын жария­ланбаған шығармалары үшін табысталады.

Одан бөлек биыл «Жаңа қазақ әде­биеті» сериясымен кітаптар жарық көр­гелі отыр. Бұл сериямен бұрын шығар­масы еш жерде жарық көрмеген жас авторлардың туындылары іріктеліп, 3 мың тиражбен басылып шығарылады.

Тағы бір жобамыз –  danabala.kz порталы. Бұл порталда балаларға арналған барлық шығарма жарияланатын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының кітап оқитын ұлт қалып­тастыру бағдарламасын біз әрдайым назарда ұстауға тиіспіз.

Жалпы, шығармашылық адамына көңіл бөлетін, шабыт сыйлайтын, жағдай туғызатын түрлі қадамға барудан мемлекет ұтылмайды.

Бір ғана шығармасымен өз ұлтына, туған халқына еңселі ескерткіш орнатқан ақын-жазушылар тарихта аз емес.

Болашақ қазақ халқын дүние жүзіне танымал ететін тың туынды бүгін жазылмайды деп кім айта алады?

Сол ұлы шығарманы түпнұсқадан оқуға ұмтылған әлемнің қазақ тілін ғұмырлы етпейтініне кім кепіл?

Көбелектің қанатынан туған толқын алып мұхиттарды шайқайды.

Біздің шығармашылыққа беретін бүгінгі серпініміз ертеңгі әлемдік клас­си­каның іргетасы екеніне шын сенуіміз керек.

Ақынының қаламын қадірлеген, сөздің киесіне сенген жұрт озады, жазу­шысының жағдайын ойлаған ұлттың болашағы кемел.

Әлемді өзгертер әйгілі шығармалар әлі де қазақ топырағында дүниеге келеді.

Жаңа қазақ әдебиетінің жолай­рығын­дағы бүгінгі сапар сәтті болсын!

Талантты жазушыларымыз бен ар­қалы шайырларымыздың қаламына шабыт тілеймін!

 

Дәурен АБАЕВ,

Мәдениет және спорт министі