Медицина • 19 Маусым, 2022

Радиология саласындағы жаңа қадам

387 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында Ортаазиялық радиологтер мектебі (ОАРМ) «АСТАНА Туториал» Солтүстік Американың радиологиялық қоғамы (RSNA) визит-профессорлары халықаралық бағдарламасымен бірлесе отырып өз жұмысын бастап отыр. Бұл бағдарлама Қазақстан радиологиялық қоғамының бастамасымен University Medical Center корпоративтік қорында ұйымдастырылуда.

Радиология саласындағы жаңа қадам

Радиологтер еуропалық мек­тебінің мақсаты – Қазақстан­ның жас радиологтеріне әлеу­­мет­тік мәні бар ауруларды (жүрек пен қантамырлар патоло­гиясы, өкпе туберкулезі, қимыл-тірек аппараты және сүт безінің қатерлі ісігі) диагностикалауды радиологиялық халықаралық стандарттары және радиациялық қауіпсіздік ережелеріне сай білім беру.

Екі апта ішінде (ОАРМ) «АСТАНА Туториал» қа­тысу­шы­лары радиология сала­сын­­дағы АҚШ, Ка­на­да, Аустрия, Оңтүстік Корея, Тайвань, Бельгия, Ре­сей және Қазақстанның бел­гі­лі мамандарының дәрісте­рін тыңдайтын болады. Дә­ріс берушілердің қатарын­да Ра­диологтердің еуропа­лық мек­тебінің директоры, профес­сор Рейнмюллер Рай­нер, Ре­сей радиологтері қауымдас­ты­ғы­ның президенті, профес­сор Валентин Синицин, Пенсиль­вания университетінің радио­логия департаментінің нейрорадиология субспециализация бағдарламасының директоры, профессор Суяш Мо­хан, Қазақстан радиологтері қауымдастығының прези­денті, профессор Раушан Рақым­жан­қызы бар.

Іс-шара барысында баяндама оқып, түйткілді мәселелер төңірегінде ой өрбіткен Қазақ­стан радиологиялық қоғамының президенті, профессор Раушан Рахымжанқызы: «Бүгін мек­тептің ашылуының алғашқы күні. Біз 2018 жылы Азия-Тынық мұхиттық радиологтер қауымдастығының құрамына кірген болатынбыз. Соның нә­тижесі ретінде осы мектеп ашылып отыр. Бұл екі апталық мектепте Азия елдерінің мамандары дәріс оқитын болады. Біздің орталықтың мүшелігіне кіруіміздің артықшылығы осы – бүгінгі екі апталық мектептің ашылуы. Мектеп мықты ра­диологтердің шығуына үлкен септігін тигізеді. Себебі әлем бойынша жоғарғы сапалы радиологтерден дәріс тыңдауға мүмкіндік туып отыр. Мысалы бүгін Канада, Тайваннан ға­лымдар онлайн түрде дәріс оқу­да», деді.

Жоғары деңгейде ұйымдас­тырылған іс-шараның координаторы, Қазақстан радиологтер қоғамының вице-президенті Тайырхан Бекболатұлы маңыз­ды іс-шара жөнінде пікір біл­дірді.

– Бірнеше жыл бұрын осы шетелден профессорларды шақыру жайлы жобаны ұтып алған едік. Екі жыл пандемия кезінде өткізе алмадық. Биыл сол жобаны қолға алып отырмыз. Екі аптада мамандарымыз 60 дәріс тыңдайтын болады. Оған әсіресе жас радиологтерді шақырдық. Нұр-Сұлтанның өзінен 88 радиолог бар, 3 маман Қырғызстаннан келді. Бір айта кетерлік жайт, оқуды ақысыз қылдық. Бұған дейін 2014-2019 жылдар аралығында 6 рет ең үлкен Еуропалық радиологтер мектеп жобасын өткізгенбіз. Бүгінгі жобаны енді өзіміздің қоғамның атынан ашып отырмыз. Жобаның мақсаты – жас­тарды халықаралық деңгейде білім алуға, ойлануға үндеу, халықаралық көлемде жұмыс істеуді үйрету. Өйткені Аме­рикада, Еуропада радиологтерді 4-5 жыл оқытады. Бізде әлі 2 жыл ғана оқытып келеміз. Биыл, міне, 5 жылдығын ашып жатырмыз. Меніңше, осындай мектептер қазақ радиологиясын халықаралық деңгейге көтереді деп сенемін. 60 лекция – балалар үшін білімнің мейрамы секілді. Өйткені екінің бірі шетелге барып, білікті ұстаздардан лекция тыңдауға мүмкіндік таба бермейді. Лекцияны Кореядан, Тайваннан онлайн форматта оқиды, жаңа ғана Канададан оқыды, Мәскеуден де ғалымдар онлайн түрде баяндамасын оқымақ» деді.

ESOR Astana Tutorial радиологтердің III Ортаазиялық мектебі Қазақстандағы диагнос­тикалау қызметінің дамуына ықпал етіп, тәжірбиесін арттырары сөзсіз. Іс-шара 24-маусымға дейін жалғасын таппақ.