24 Сәуір, 2014

Қытай мен Қазақстан мемлекеттiк қызметшiлердi бірлесіп оқытуға келісім жасасты

349 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

IMG_0623

АСТАНА. 23 сәуір. Бүгiн Астанада Қазақстан және Қытай мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастық жөніндегі екіжақты меморандумға қол қойды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң төрағасы Әлихан Бәйменов Қытайдың адами ресурстар және әлеуметтiк қамсыздандыру министрiнiң орынбасары Ян Шицюмен кездестi. Кездесу барысында мемлекеттік қызмет саласындағы екіжақты ынтымақтастық және Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Агенттiк төрағасы Қытай тарапын Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметiнiң жаңа моделiмен таныстырды. Кездесу қорытындысында Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгi мен Қытайдың адами ресурстар және әлеуметтiк қамсыздандыру министрлiгi арасында мемлекеттiк қызмет саласында ынтымақтастық жөнiндегi өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қойды. Меморандум шеңберінде кездесу, білім алмасу және мемлекеттік қызмет саласындағы мәселелер бойынша іс-шараларға қатысу, екі елдің мемлекеттік қызметшілері үшін кәсіптік оқыту сияқты ынтымақтастықтың нысандары көзделген. «Қытай делегациясы Қазақстанның мемлекеттiк қызмет саласындағы реформалармен, бiздiң агенттiктiң және өзге де құрылымдық бөлiмшелердiң жұмысымен танысуда. Қазақстанның бұл саладағы реформалары халықаралық сарапшылардың үлкен қызығушылығын туғызуда. Бұл меморандум екiжақты қарым-қатынасқа да және Астанадағы мемлекеттiк қызмет саласындағы аймақтық хаб аясында да көп салалы байланыстарды орнатуға мүмкiндiк бередi. Екi ел арасында мемлекеттiк қызметшiлердi оқыту, бiрлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу, тәлiмдеме мен тағылымдамадан өткiзу сынды реформалар жалғасады», - деп атап өттi Ә. Бәйменов қол қою рәсiмiнде.

IMG_0600

Оның айтуынша, жалпы келiсiм бес бағыттағы әрiптестiктi орнатуды көздейдi. Олардың қатарында өзара тәжiрибе алмасу, бiрлескен iс-шаралар өткiзiп, мемлекеттiк қызметкерлерге кәсiби бiлiм беру мәселелерi қамтылған. Агенттiк басшысының сөзіне қарағанда, мұндай әрiптестiк тек Қытай елiмен ғана емес, Еуроодақ, АҚШ, Корея, Түркия, Жапония, Ресей мемлекеттерiмен қарым-қатынас өте тығыз орнаған. Сонымен қатар ол бұл қадамдар Астанада Орталық Азияның мемлекеттiк қызмет хабын құрудағы мүддесiне сай келетiндiгiн атап өттi. Қытай делегациясының мүшелері Қазақстанның мемлекеттік қызмет моделін жоғары бағалады. ҚХР Адам ресурстары және әлеуметтік қамсыздандыру вице-министрі Ян Шицю Қытай Қазақстанның  мемлекеттік қызмет жүйесінен үлгі алатындығын атап өтті. «Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесі жас болғанымен, бұл саланы жетілдіруде өте жаңашыл әдіс-тәсілдер пайдаланылған, - деді ол.  -Қазақстан осы салада бірқатар заңнамалық бастамалар енгізді. Бұл ретте ең алдымен «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды атап өтуге болады. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын реттеу бойынша бірқатар тиімді шаралар қабылданған. Қазақстан өз еліндегі жағдайды, ерекшеліктерді ескере отырып, басқа мемлекеттердің озық тәжірибесін қолдануда. Соңғы жылдары Қазақстан мемлекет қызметте ашық бәсекелестік талаптарын енгізу, тестілеу өткізу, қызметкерлерді аттестациялау бойынша белсенді жұмыс жасады. Оған қоса кадрларды оқыту, қайта даярлау бойынша өте жақсы шаралар қолға алынған. Осының барлығы - Қытай үшін өте жақсы тәжірибе». Қытай делегациясының іссапарышеңберінде Агенттіктің қызметі және мемлекеттік қызметтің жаңа моделі, «е-қызмет» автоматтандырылған дербес басқару жүйесі, сонымен қатар мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб таныстырылды. Сәкен Майлыбай. Дереккөз: egemen.kz. Фото: tovary.kuplu.kz.