25 Сәуір, 2014

«Ең дамыған елдердің барлығы бүгінгі биіктерге интеграция арқылы жетті»

2280 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

SHU_9782Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан САҒЫНТАЕВПЕН сұхбат

«Биыл менің Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі идеяны ұсынғаныма 20 жыл толады. Еуразиялық интеграция үдерісі бүгінде дамудың мүлде жаңа кезеңіне шықты. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи шартқа 2014 жылы мамырда дәл осы жерде, Астанада қол қою жоспарлануда» – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ХІІ Еуразиялық Медиа-форум қатысушыларына жолдаған құттықтауында осылай делінген. Біз Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевпен таяуда болатын осы оқиғаның мән-маңызы туралы сұхбат құруды жөн көрдік.   – Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Сізбен әңгімені бас­тарда Үкіметте осыдан жиырма шақты күн бұрын болған бір жағдай есіме түсіп отыр. Еура­зиялық экономикалық ықпал­дастық мәселелерінің бұқаралық ақпарат құрал­дарын­да қамтылуы жөнінде мәжі­ліс өткізілетін залға кіріп келгеніңізде шақырылған адам­дардың көптігіне таңдан­ғаныңызды айтып қалып едіңіз. Үш мемлекеттің басшы­лары мамыр айының аяқ шенінде немесе маусымның бас жағында қол қойылады деп шамаланып отырған Еуразиялық эко­но­микалық одақ құру туралы шарт журналистер үшін жабық тақырып емес деп ойлаймын, солай емес пе? – Әрине, солай. Мен ол жолы залға журналистердің емес, осы мәселеге қатысты министрліктер мен ведомстволардың өкілдері тым көп шақырылғанына ғана назар аударған едім. Өзіңіз көрдіңіз ғой, кездесуде олардың бәрі бірдей сөйлей алған жоқ. Тіпті кейбір комитет төрағалары құр отырып, әңгіме тыңдап қана кетті. Ондай жиын-жиналыстарға тек нақты сөз сөйлейтін, журналистердің нақты сұрақтарына нақты жауап беретін адамдардың ғана шақырылғаны жөн. Соны айтқым келген. Қай министрлікте де шаруа бастан асып жататынын жақсы білесіз. Ал дәл осы айларда экономикалық интеграцияға тікелей қатысты орындар күн-түн демей жұмыс істеп жатыр дей аламын. Елбасымыз жақында Мәскеуде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында «біздің сарапшыларымыз өте үлкен әрі қиын жұмысты жүргізуде» деп бұл іске тиісінше баға бергенін өзіңіз білесіз. – Еуразиялық экономикалық одақ құрудың түп негізінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сонау 1994 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жасаған ұсынысы тұрғаны баршаға белгілі. Әңгімеміздің бас жағында осы идеяның туындауын, пісіп-жетілуін, бел-белестерін оқырмандардың есіне тағы бір салып өтсеңіз деймін. – Халықаралық қауым­дас­тықтың біздің елімізді жаһан­дық үдерістердің ықпалды қа­тынасушысы деп тануының бас­тауын осыдан дәл жиырма жыл бұрынғы сол кездесуден іздеу жөн. Мемлекет басшысының бұдан 20 жыл бұрын мемлекеттердің Еуразиялық одағын қалыптастыру туралы алғаш ұсынған бастамасы посткеңестік кеңістіктегі экономикалық интеграцияға негіз қалады. Елбасымыз бұрынғы Кеңес Одағының республикалары өз тәуелсіздіктерін қызықтап, егемендік эйфориясына түсіп кеткен ең алғашқы жылдардың өзінде де, арада бір-екі жыл өтіп, бүкіл посткеңестік кеңістік аса ірі геосаяси күйзеліске ұшыраған кезеңде де болып жатқан үдерістерді философиялық тұрғыдан ой елегінен өткізе келіп, ықпалдасу қажеттігін алға тартқан еді. Бүкіл әлем ықпалдасу үдерістерін бастан кешіп, жаһандану жағдайында әртүрлі жолдармен бірігу арқылы ғана уақыт алдан тосып отырған сын-қатерлерге қарсы тұра алатынын ТМД мемлекеттері басшыларының арасында алғаш айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы мұндай жаңашыл әрі батыл идеясын әуелі ресейлік ғылымның ең озық өкілдерінің алдында әдейі жария етті деп ойлаймын. Бұлай ету арқылы Қазақстан Президенті еуразиялық стратегиясының эволюциялық жолдан өтіп, бірте-бірте практикалық сипатқа ауысатынына жаңалыққа жаны басқалардан гөрі бейімірек тұратын ғалымдардың тереңірек мән береріне сенген болса керек. Жалпы, өңірлену үдерісі бүкіл әлемге тән және мұның өзі әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысына қарсы тұрудың нақты амалы. Осының нақты мысалы – Еуропа одағы. – Кезінде Шарль де Голль: «Біртұтас Еуропа туралы армандау – құр қиял: пісірілген жұмыртқадан омлет жасауға болмайды» деген екен. Әйтсе де ұлы француздың сөзінің онша дұ­рыс шықпағанын уақыт көр­сетіп берген сияқты. – Бүгінде Еуропа одағы кәрі құр­лықтың 28 мемлекетін біріктірген, халқының саны жөнінен әлемде үшінші, ал ішкі жалпы өнімінің көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алатын аса ірі бірлестікке айналды. Қазір Еуроодақтың әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлес салмағы 23 пайызды құрап отыр. Бірақ ол экономикалық әрі саяси бірлестік екенін де ескеруіміз керек. – Елбасымыз идеясының ол кез­де Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығы елдерінің тарапынан қол­дау таба қоймағанын қалай тү­сіндіруге болады? – Біріншіден, «елдердің тарапы­нан» деуіңіз онша дәл айтыл­ған сөз емес. Тегі, елдер бас­шы­лықтарының тарапынан деген дұрыстау болатын шығар. Жалпы, халықтар, әсіресе, көптеген жылдар бойы шаруашылық, саяси, көліктік және өркениеттік байланыстары берік қалыптасқан халықтар бір-бірінен алшақтамауға тырысады. Екіншіден, мұндай одақтардың құрылуына қашанда ондаған жылдар қажет болады. Мысалы, жаңағы Еуропа одағын алайық. Оны құру жөніндегі идея Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін бірнеше-ақ жыл өткенде туындаған еді. Сіз айтқан атақты адамның бұл идеяның жүзеге асатынына күмән келтіріп жүргені сол тұста. Бұл жөніндегі алғашқы шартқа Парижде 1952 жылғы 25 шілдеде қол қойылған. Одан кейінгі 1958 жылғы шартқа Римде қол қойылған. Еуропа ода­ғын нақты құруға жол ашқан Маас­трихт шарты 1993 жылы ғана бе­кітілді. Осы екі аралықтың өзіне қырық жылдан астам уақыт жұм­салған! Одан бергі жиырма жылдан астам уақыттың өзі де Еуропа одағын жетілдірумен, кеңейтумен кеткенін көріп отырмыз. SHU_0240 – Қазір де ондағы мәселенің бәрі шешіліп біткен деуге болмайды. – Әрине. Сонда Еуропа одағына жол ашатын алғашқы шарттан бері алпыс жылдан артық уақыт өткен болып шығады. Ал Қазақстан басшысының Еуразиялық одақ жөніндегі идеясының нақты жүзеге асуына небәрі 20 жыл қажет болды. 2000 жылы Алматыда Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан мен Тә­жік­стан Еуразиялық экономи­калық қоғамдастық құру туралы шартқа қол қойды. Ал 2010 жылы Қазақстан, Ресей мен Беларусь ара­сында Кедендік одақ құрылды. Арада бес жыл ғана өткенде Еура­зиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою мүмкіндігі туып отыр. – Бұл белеске жету үшін де ин­­теграцияның талай кезең­дерінен өтуге тура келді. – Алдымен ер­кін сауда аймағы құрылды. Одан кейін Кеден одағы құрылды, одан кейін Біртұтас экономикалық кеңістік құрылды. Енді міне Еу­ра­зия экономикалық одағы туралы шартқа қол қоюға дай­ын­дық жасалып жатыр. Осы жыл­дар ішінде интеграция инс­титуттары да бірінен кей­ін бірі жасақталды. Жоғары Еура­зиялық экономикалық кеңес, Еуразиялық экономикалық комис­сия, Еуразиялық даму бан­кі, Дағдарысқа қарсы қор, Еура­зия­лық экономикалық қоғамдас­тық, Еуразиялық экономикалық қо­­ғам­дастықтың соты сияқты инсти­туттар дүниеге келді. Уа­қыт сынынан өтпеген бірқатар инте­грациялық институттар тарады. Мұның бәрі жанды эконо­мика үшін заңды нәрсе. Интеграциялық құрылымдардың кім-кімге де пайдалы екендігін 2011 жылы Қырғызстанның Кеден одағына қосылуға кіріскенінен, Арменияның сол одаққа кіруді тиімді деп тауып отырғанынан да көруге болады. Осындай ниет танытқан басқа мемлекеттер де бар. Бір назар аударарлығы, олардың арасынан бұрынғы Кеңес Одағы аумағынан тыс жердегі елдер де табылатындығы. Елбасымыздың бұл өміршең ұсынысы Қазақстанның Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің, ислам және христиан әлемдерінің арасындағы көпір, сондай-ақ өркениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың байланыстырушысы ретіндегі бөлекше орнын айшықты аша түсті. Мемлекетіміздің басшысы алғаш рет алға тартқан ерікті, тең құқықты Еуразиялық инте­грация, кеңестен кейінгі кеңіс­тік мемлекеттерінің ортақ эко­но­ми­калық дамуы жө­нін­дегі идея бүгінде Еуразия эко­номикалық одағын құру түрінде нақты жүзеге асып жатыр. – Осы айдың аяғында Қа­­зақ­стан, Ресей мен Бела­русь ел­дерінің басшылары Минскіде тағы да бір бас қосып, кеңесіп, мамырда Еуразия экономикалық одағын құру туралы шартқа қол қояды деп күтілуде. Дәл қазір Шарттың жобасы негізінен дайын сияқ­ты. Нұрсұлтан Әбішұлы жа­қын­да бұл жөнінде: «Барлық дау­лы мәселелер жөнінде де біз түсіністікке қол жеткізе аламыз деп үміттенемін. Белгіленген кестені сақтауымыз қажеттігі туралы пікірді қолдаймын» деп айтты. Осы құжат жөнінде толығырақ әңгімелеп беріңізші. – Шарттың жобасы екі бөліктен тұрады. Оларды инс­ти­тут­тық бөлім және функ­циялық бөлім деп атауға болады. Институттық бөлім 34 баптан және 3 қосымшадан тұрады. Функциялық бөлім 69 баптық екі бөлімнен және соларға 30 қосымшадан тұрады. Олар жөнінде Елбасымыз осыдан бір жарым айдай бұрын Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте шарттың бірінші бө­лігіне сәйкес халықаралық эко­номикалық ұйым құры­ла­тынын, одақтың органдарында тараптардың өкілеттігінің тең болуы жөнінде уағдаластық жасалғанын айтқан еді. Нұрсұлтан Әбішұлы сол жолы мемлекет бас­шыларының шешімдері болашақ одақтың органы үшін міндетті болуға тиіс екенін қадап көрсетті. – Елбасының ерекше назар аударғаны бұл одақтың эко­но­микалық одақ екендігі болды ғой? Нұрсұлтан Әбішұлының сөзі теледидардан берілгенде эко­номикаға тікелей қатысы жоқ мәселелер туралы айтып, «не надо это впихивать искусствен­но» дегені дәлме-дәл есте қалып қойыпты. Пре­зи­дент өз әріптестеріне бүгін қажет нәрсені, бізден халық­тарымыз күтіп отырған нәрсені жасайық деп ашық айтты ғой. – Дәл солай. Президент ел­деріміз ішінде түсінбеушілік туғызатын қосымша мәселелерді енгізудің қажеті жоқ деп кесімді пікір білдірді. Сонымен бірге келісілмеген жайттарды біртіндеп реттеу қажеттігін де атап өтті. Негізінде Еуразиялық эко­но­­ми­калық одақ құру туралы шарттың жобасы жалпы кө­лемі 760 беттік, өте үлкен құ­жат. Оны газет сұх­ба­тында толы­ғырақ айтып өту оңай да емес. Сұрақтарыңыздың сипатына қарай рет-ретімен әңгімелеп отыр­ған дұрыс сияқты. – Жарайды. Бұрынырақта осы тақырып бойынша Пре­мьер-Министрдің бірінші орынбасары ретінде инте­грация мәсе­лелеріне жауапты болып тұр­ға­нында қазір­гі «Самұрық-Қазына» Ұлт­тық әл-ауқат қоры» АҚ бас­қар­ма­сының төрағасы Өмірзақ Шөкеевпен (2010 жыл­ғы 10 шіл­де), Экономикалық ин­тегра­ция істері министрі Жа­нар Айт­жановамен (2010 жылғы 9 сәуір) сұхбаттар жаса­ған едім. Соларда бұл ынты­мақ­тас­тық­тың тек қана эконо­микалық мүддені көздейтіндігі қайта-қайта ескертілген. Әйтсе де осы істің негізгі мақсатын то­лық түсіне қоймағандар, бұл одақ­та саяси мүдделердің жоқ­ты­ғына күмәнмен қарайтындар аз емес. Сіз өз тарапыңыздан бұл жө­нінде не айтар едіңіз? – Ондайлардың аз емес­ті­гіне бұқаралық ақпарат құрал­да­рының да кінәсі бар деп ойлаймын. Қазақстан Президенті мемлекеттеріміздің тұрғындарына халықтарымыздың игілігі, еура­зиялық экономикалық инте­грацияға қосылған елдердің пайдасы үшін біздің тарапымыздан жүргізіліп жатқан жұмыстың қажеттілігін белсенді түрде түсіндірген жөн дегенді арнайы айтқаны сондықтан. Біле білсек, Кеден одағы да, Біртұтас экономикалық кеңістік те тек қана экономикалық бірлестік болатын. Келіссөздер барысында Қазақстан тарапы болашақ одақтың саясилануына жол бермеу және онда экономикалық интеграция аясынан асып кететін мәселелердің талқылануын болдырмау жөніндегі өз ұстанымын қорғап қалғанын айтқым келеді. – Мысалы? – Мысалы, экономикадан тыс салалардағы, айталық, денсаулық сақтаудағы, білім берудегі, ғы­лым­дағы, мәдениеттегі, заңсыз көші-қондағы мәселелер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қаралмайды да, талқыланбайды да. – Журналист ретінде, БАҚ басшысы ретінде мына бір жайды сұрайын. Бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысты сала ғой. Бұл саладағы мәсе­лелер құрылғалы жатқан одақ­тың құзыретіне жатпайтын шығар? – Қазақстан бұл жөнінде өз ұстанымын білдірген, талқылау барысында ол ұстаным біздің әріптестеріміз тарапынан қолдау тапқан. Сондықтан бұл істе ақпараттық тәуелсіздік деген мәселе де ескерілген. Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікте 2012 жылдан бері реттеуші ұлтүстілік орган – Еуразиялық экономикалық комиссия жұмыс істеп келеді. Комиссияның өкілеттіктер ая­сы шарттық-құқықтық арқау­да нақпа-нақ белгіленген, сон­дық­тан да олар экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз ету шеңберінен шықпайды. Ең бас­тысы, құрылғалы жатқан Еуразия экономикалық одағында барлық тараптардың егемендік теңдігі, тең құқықтығы және ұлттық мүдделерінің ескерілуі қағидатын сақтау қамтамасыз етілген. Шарт жобасында стратегиялық маңызы бар шешімдерді қабылдауда консенсусқа, яғни ортақ пәтуаға қол жеткізудің нақты тетігі қарастырылған, мұның өзі қандай да бір мемлекеттің үстем болуына мүмкіндік қалдырмайды. Қысқасы, қазіргі таңда елдің мемлекеттік егемендігін жоғалту туралы да, сая­си одақтың әлдебір белгісі туралы да сөз қозғауға негіз жоқ. – Сізбен әңгімеге дайын­дал­ғанда көмекшіңіз маған бір­қатар мәліметтерді алдын ала жеткізіп берген еді. Соларға қа­рап отырсам, Кеден одағы құрылғалы бері Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібіне салынған шетел инвестициялары екі есеге жуық өсіпті. Нақты айт­қан­да, 2009 жылғы 1,8 миллиард доллардан 2012 жылы 3,4 миллиард долларға жетіп­ті. Жалпы, тікелей шетел инвес­ти­ция­ларының көлемі 34 пайызға артып, 28 миллиард долларға барыпты. – Мұның өзі Қазақ­стан­ның инвестициялық тартым­дылы­ғының анағұрлым өскенін анық көрсетеді. Сауданы алайық. Нау­рыз айында Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық эконо­микалық кеңес отырысында 2013 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны тө­мендегеніне қарамастан, «үш­тік» аясындағы тауар айналымы азаймағаны, қайта арта түсіп, 64,1 миллиард долларға жеткені айтылды. – Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында: «Цифрдың объективті тілі Қазақстанның Кеден одағы ел­дерімен тауар айналымы ол құ­рылған уақыттан бері 88 пай­ызға өсіп, 24 миллиард дол­лар құрағанын айтады. Оның ішінде осы елдерге біздің экспорт 63 пайызға ар­тып, 6 миллиард долларға жуық­тады» деді. Осындай бұлтарт­пас факті­лерден кейін де біз сау­да­да­ғы бәсекелестікте ұтылып отырмыз дейтіндердің табылатыны таң­дандырады. – Экономика тілі нақты көр­сет­кіштерді ұнатады. «Факты – упрямая вещь» деген сөзді ұстанып айтайын. Соңғы жылдарда біздің кондитерлік өнімдер мен шоколад экспортымыз бірден үш есе артып кетті. Трансформаторлар экспорты тіпті 11 есеге өсті. Ауыр жүк машиналарын Ресей мен Беларуське жеткізуіміз 17 есеге артты. Цемент экспорты 16 есеге артты. Мұндай мысалдарды осылай жалғастыра беруге болады. Бұл нені көрсетеді? Бұл Еуразия экономикалық ода­ғының Қазақстан мүддесіне толық сай келетінін көрсетеді. Әрі қарай дамуымыз үшін бізге өнім өткізу рыноктарын кеңейту керек. 17 миллиондық рынокпен құла­шыңды кеңге жая алмайсың. – Сізге келерден бір күн бұ­рын студенттермен кездескен едім. Сонда бізде тікұшақтар өнді­рі­сінің өркендей алмай отыр­ған себебін базарымыздың бай­тақ болмауымен түсіндіруге тырыс­қанмын. Расында да, 17 мил­лион ғана халқы бар елді қажет­ті тікұшақтармен әрі кеткенде 10 жылда қамтамасыз етіп үл­геруіміз мүмкін. Содан кейін не болады? Енді бізге артық тікұшақтың керегі жоқ деп жұ­мыс істеп тұрған зауытты жауып тастамаймыз ғой? Әрине, жа­ңа базарлар іздеу керек, табу керек. – Ол біз үшін ең алдымен Еу­разия экономикалық одағы. Оған қазірге дейін кіргелі тұрған үш мемлекет аумағы жөнінен әлемде бірінші орында, халқының саны жөнінен сегізінші орында, ішкі жалпы өнімнің көлемі жөнінен алтыншы орында. Кеден одағы біздің базарымызды барынша байтақ ете түсті. Шамамен 170 миллион адамдық қуатты ортақ рынок құ­рып берді. Былайша айтқанда, Қазақ­стан кәсіпорындары үшін ры­нок 10 есе кеңейді. Біз мұны қазірдің өзінде жақсы пайда­лана бастадық. Отандық кәсіп­орындардың бәсекеге қабілеттілігі сапалық тұрғыдан жаңа биікке көтерілуде. Қазақстан үшін атымен жаңа болып табылатын автокөлік шығару, фармацевтика сияқты салалар қалыптасуда. Тағы да нақ­ты мысалдар айтайын. Қазақ­станнан Кеден одағы елдеріне шығарылатын экспорт 3,6 миллиард АҚШ долларынан 6,8 миллиард АҚШ долларына өсті. Бұл де­ге­ніңіз 90 пайызға өсу. Жаңа ры­нок ашылмаса, бұлай ету мүмкін бе еді? – Негізінен шикізат тауарлары шығар, бірақ? – Өңделген тауарлар экспорты да өсіп жатыр. 2009 жылғы көрсеткіштен 2012 жылғы көрсеткіш екі жарым есе артық болып шыққан, яғни 2,4 миллиард АҚШ долларынан 4 миллиард АҚШ долларына жеткен. Сөйтіп, өңделген тауарлардың экспорттағы үлесі 44,9 пайызға барған. Ал сіз айтып отырған шикізат тауарлары экспорты 41,5 пайызға өскен. Қазақстан экономикасының қазірше негізінен шикізаттық сипатын ескергенде мұның өзі де жақсылық. – Кеден одағындағы, келе­шектегі Еуразия экономикалық одағындағы келісімдер Қазақ­станның Бүкіләлемдік сау­да ұйымына өтуіне кедергі кел­ті­реді дейтіндер де бар. Оларға не айтар едіңіз? – Кеден одағында іс жүргізудің өңірлік қағидалары ұстанылады, ал БСҰ-да халықаралық қағидалар қолданылады. Олар бір-біріне кереғар емес, бір-бірін толықтыра түседі, өйткені, Кеден одағының заңнамалық арқауы әлемдік тәжірибені және БСҰ нормаларын ескере отырып жасалған. Кеден одағы аясында қабылданған құжаттардың бәрі де БСҰ нормаларына сәйкес келеді, сондықтан Қазақстанның БСҰ-ға өтуіне ешқандай кедергі болуы мүмкін емес. – Біз БСҰ-ға қашан өтпек­шіміз? – Бұйыртса, биылғы жылы болуы да мүмкін. Келіссөздер үдерісі негізінен аяқталуға жақын. – Сіздің әңгімеңізден, кел­тір­ген мысал­дарыңыздан Еуразия эко­номи­калық одағынан келе­тін пайданы нақты көріп отыр­мыз. «Көрмес түйені де көр­мес» дейтіндердің жөні басқа. Ал енді кеңестен кейінгі кеңіс­тік­тегі елдер арасындағы интегра­ция­дан түсетін жалпы макроэко­номикалық тиімділікті қалай сипаттап айтуға болар еді? – Онда нақты-нақты санамалап өтейін. Ең алдымен дайын өнім­дер­ді экспорт­тауға, тасымалдап жет­кізуге жұмсалатын шығындардың азаюының арқасында тауарлардың бағасы төмендейді. Неге десеңіз, бұл елдердің бәрі де бір-біріне жақын тұр, оның үстіне баяғыдан бері қалыптасқан көлік коммуникациясы бар. Одан кейінгі айтатын жай эконо­ми­калық дамудың шамамен теңдес деңгейінің есе­бінен жалпы рынокта бә­се­ке­лестікке ынталандыру күшей­тіледі. Түсіндірейін. Дәл қазір осы үш елдің өнеркәсіптік тауар­ларына алыс рыноктарда сұраныс онша жоғары емес екенін бәріміз білеміз. Сонымен бірге, біздің тауарларымыз бір-біріміздің сұранысымызды қана­ғат­тандыруға қазірдің өзінде жарап жатыр. Әрине, бұл айтылғаннан тауар сапасына талап төмендейді деген ұғым тумайды, бірақ нақты жағдаймен атымен есептеспеудің де жөні жоқ. Осы рыноктың өзіндегі бәсекелестік сапаға оңды әсер ететіндігі тағы анық. Шығынды аз жұмсап, өнім­ділікті арттырудың арқасында ор­таша жалақыны өсіруге де мүм­кіндік туады. Тауарларға сұраныс көбеюінің арқасында өндірісті өркендете түсуге жол ашылады. Рыноктың кеңейе түсуі жаңа технологиялар мен тауарлардың өтелімділігін арттырады. – Жақсы екен. Дегенмен, тек қана жетістіктен тұратын, ке­містігі атымен болмайтын іс жоқ шығар. Бұл істе «плюстердің» ба­сым екенін көріп отырмыз. Соны­мен бірге, қандай «минус­тар» бар деуге болады? – Әрине, тек қана пайда та­ба беру, ештеңеден ұтылмау қисынсыз нәрсе. Біз бәсекелестік ортаға бұрынғыдан да жақындап бара жатырмыз. Мысалы, қазақстандық алкоголь өнімдері Кеден одағы елдерінің рыногына кіруде қиындықтарға тап болып отыр. Ресейде арақ-шарапқа баға қатты көтерілген кезде біздегі ішімдіктің құны олар үшін төмен болып шықты да, қазақстандық алкоголь өнімдеріне сұраныс күрт артып кетті. Одан кейін әкімшілік кедергілер қою басталды. Біз өзара сауда жасаудағы кедергілерді жою­ды, атап айтқанда этил спирті мен алкоголь өнімдерін айналысқа түсірудің ортақ қағидаларын бекітуді көздейтін нормаларды белгілеу жөнінде келісім жобасын жасап, талқылауға ұсындық. Бұл іске мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар, «Атамекен» палатасы, «КазАлко» қауымдастығы, Қазақстан сыра қайнатушылар одағы, Қазақстан шарап шығарушылар одағы сияқты отандық бизнес өкілдері де атсалысып жатыр. Біздегі фармацевтика саласы да кейбір кедергілермен бетпе-бет келіп отыр. Ол мәселелер де бірте-бірте шешілуде. Мұның бәрі табиғи нәрсе. Бәсекелестік жүрген жерде дәйім солай болады. Бизнес тек бәсекелестік жағдайында ғана шыныға алады. Көпжақты келіссөздер – өте күрделі шаруа. Онда әрбір мемлекет өзінің мүддесін қорғауға міндетті. «Тек мен дұрыс айтамын, басқалар бұрыс айтады» деп отырып алатын жер бұл емес. Бұған дейін келіссөздер үдерісіне Қазақстан тарапынан жүзден астам адам қатысып келді, олардың дені сенімді, білікті мамандар, ел мүддесін мықты дәлелдермен қорғай алатын кадрлар. – Осыдан біраз жыл бұрын ТМД елдері басшыларының саммитін газет бетінде көрсету үшін Президент сапарына ілесіп Мәскеуге барғанымызда бола­шақта Достастықтың біртұтас экономикалық кеңістігі құры­лады, оның ортақ валютасы болады дегендей әңгімелер айтыл­ған. Тіпті ол валютаны түркі халықтарына да, славян ха­лықтарына да бірдей түсінік­ті «алтын» деген сөзбен атау туралы ұсыныс та ортаға тас­талған. Біз «еуроның» дүниеге келуіне бас-аяғы жарты ға­сырдай уақыт кеткенін, тіпті соның өзінде Еуропадағы ел­дер­дің бәрі бірдей әлі еуроға көш­пегенін білгендіктен де өз репортажымыздың тақырыбын «Алтынның ауылы алыста» деп қойған едік. Одан бері көп дү­ние өзгерді. Сіз жақында жур­налистермен кездескенде Еу­ра­зия экономикалық одағы құ­рылғаннан кейін де теңге сақ­талатынын нақты айттыңыз. – Ол сөзді тағы да айтамын. 2015 жылдың 1 қаңтарында құ­ры­лып, іске қосылатын бұл эконо­микалық одақтың шартында ортақ валюта енгізу мәселесі қарастырылмаған. – Теңгеміз тәуелсіздігіміздің бір тірегі болып тұра беруін тілейміз. Ал енді әңгіменің түйініне келсек. Президент кез келген елдің интеграциялық таңдауы халықтың әл-ау­қат мәселесі еке­нін, саяси конъюнк­тураға емес, мықты экономи­калық праг­ма­тикаға негізделген интеграция ғана табысты және тиімді болатынын айтып отыр. Сіз бұл ойға өз тарапыңыздан не қосар едіңіз? – «Егемен Қазақ­стан­ның» 19 сәуір күнгі нөмірінде Президент Нұр­сұл­тан Назар­баевтың Қазақстан халқы Ассам­блеясының ХХІ сессиясында сөй­леген сөзі басылған. Елба­сымыздың сондағы ойына ештеңе қосудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Президент былай деген еді: «ХХІ ғасыр – ин­теграция ғасыры. Ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият ойлас­ты­рылған интеграцияға қарсы болу – заманауи үрдіспен дамуға қарсы болу. Ең дамыған елдердің барлығы бүгінгі биіктерге инте­грация арқылы жетті. Бүкіл адамзат жаһандану жолымен дамып жатыр. Етек-жеңді қымтап, есік-терезені тарс жауып отыру дамуды тежейді, әлем көшінің соңына қалдырады. Біз – дамыған елдердің шаңын жұтуға емес, көшін бастауға ұмтылған елміз. Байбаламға салып, балақтан тартпай, байыппен ойлап, байсалды әрекет етсек жарасады. Интеграция – ел тәуелсіздігіне ешбір қауіп төндірмейді, керісінше, нығайта түседі. Ол нарықты кеңейтеді, алыс-беріс пен барыс-келісті арттырады, бәсекелік қабілетімізді шыңдайды». – Елбасымыздың бұл сөзін бәрімізді алдан тосатын қатаң бәсекелестікке қабілетті болуға шақыру деп қабылдайық. Ег­жей-тегжейлі етіп айтып берген әңгімеңіз үшін рахмет. Сәттілік тілеймін. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ. ––––––––––––– Суреттерді түсірген Шүкір ШАХАЙ.